Депутат азық-түліктің қымбаттауына қарсы биліктің күресін "сандыраққа" теңеді

13225

Мәжілісмен Аманжан Жамаловтың айтуынша қазақстандықтар үшін ең өзекті проблема – азық-түліктің негізсіз қымбаттауы болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

 Депутат азық-түліктің қымбаттауына қарсы биліктің күресін "сандыраққа" теңеді

"Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляцияның деңгейі бір жылда 7,2% болғанын айтып, есеп береді. Алайда дүкендерге кірсеңіз, мүлде басқа жағдайға куә боласыз. Жекелеген азық-түлік түрлерінің бағасы екі есе өсіп кеткен", – деді депутат өзінің сауалын вице-премьер Роман Скляр мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринға жолдай отырып.

Мәжілісмен картоп келісінің 500 теңгеге дейін шарықтауы таяуда ғана халықтың наразылығын туғызғанын еске салды. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады.

"Үкімет жағдайды нақты бақылауына алып, азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша орынды шараларды қабылдауы тиіс деп санаймыз. Ең бірінші кезекте, инфляциямен күресу үшін монополиямен және картельдермен мәселені шешу керек. Жақында ғана Ресейдің Премьер-министрі азық-түлік бағасының өсуіне жекелеген өндірушілер мен тауар желілерінің ашкөздігі себеп болып отырғанын ашық айтты. Қазақстанда да сол. Біздегі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қайда қарап отыр? Министрлер де жағдайды түсіндіруден аса алмайды. Бірақ халыққа әзірге ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқ. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз өсуіне жол бермес үшін жаңа тәжірибе енгізіліп жатқанын айтып берді. Шынтуайтынша, бұл да жаңа модадағы кезекті "сандыраққа" қатты ұқсайды", – деді ол.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, антимонополиялық орган 4 айдың ішінде жұмыртқаны, күнбағыс майын, қант, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері, ет, тауық еті мен макарон өндірушілері мен шұғыл жеткізушілерге бәсекелестікке қайшы келісілген әрекеттер белгісі бойынша 48 ескерту жолдаған. Статистикаға үңілсек, кейінгі 12 айда жұмыртқа 33,7%, күнбағыс майы 48%, қант 26,3%, қарақұмық жармасы 29,4% қымбаттаған.

"Осы мәселелерді тізе келе әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсу себебін талдауды талап етеміз. Сондай-ақ, бағаны ұстап тұру бойынша амалдарды өзгертіп, тасымалдаушылардың өзара келісіп алып бағаны көтеруіне қарсы күресті күшейту керек. Үйді-үйді жеткізілетін әлеуметтік көмекті арттыру ұсынысын әзірлеп, халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған санатына азық-түлік сертификатын берген жөн", дейді Аманжан Жамалов.

Аян Бекенұлы 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу