Депутат ел аумағындағы Ресей жалға алған әскери полигондардың көлемін қысқартуды ұсынды

3879

2030 жылы жалдау шартын қайта қарау мерзімі басталады.  

Депутат ел аумағындағы Ресей жалға алған әскери полигондардың көлемін қысқартуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың сөзінше, Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрғанымен, аграршылардың ауыл шаруашылығы жерлеріндегі қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмай келеді, деп жазады inbusiness.kz.

Депутаттың сөзінше, Ресейдің еліміздегі әскери полигондарының аумағын Әзербайжанның бүкіл аумағымен салыстыруға келеді, ал өз кезегінде босатылған жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болады.

"Әрбір өңірде фермерлік шаруашылықпен айналысқысы келетін азаматтарды қамту мәселесі жер ресурстарының жетіспеушілігіне келіп тіреледі, ал жайылымдардың жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселе жайылым туралы заңның өзектендірілуін Парламент жұмысына қайтарды. Мәселені шешу жолдарының бірі Қазақстан-Ресей комиссиясы мүшелерінің Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондардың жерлерін пайдалану мәселелері жөніндегі ұстанымын түбегейлі өзгерту болмақ", - деді ол Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан аумағы 8 жарым млн га немесе 86 мың шаршы км-ден асатын әскери полигондарды 1 гектары үшін 1 мың 50 теңгелік ақыға жалға алған. Бұл 2005 жылдан бері өзгермей келеді, деп атап өтті халық қалаулысы.

"Мұнда жердің құнын кім және қандай әдістеме бойынша бағалады, жалдау мерзімі қашан аяқталады, бір гектар полигонды толық қалпына келтіру үшін бір мың теңге жеткілікті ме, әлде мұның бәрі республика бюджетіне салмақ болып түсе ме деген сұрақ туындайды. Салыстырар болсақ, полигондардың ауданын Әзербайжан (86,6 мың шаршы км), БАӘ (83,6 мың шаршы км), Чехия (78,9 мың шаршы км), Грузия (69,7 мың шаршы км) немесе Дания мен Нидерланды сияқты елдердің аумағымен салыстыруға келеді. Жоғарыда аталған комиссия жұмысының материалдарын зерделеу біздің мемлекет өкілдерінің әлсіз ұстанымын көрсетіп отыр, ал Ресей тарапы өз мүддесін өте қатаң қорғайды. Дәл осындай жағдайды ЕАЭО мәселелері аясындағы келіссөздерден де жиі байқауға болады", - деді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутаттар Қазақстан тарапынан комиссия мүшелерінің тізімін ұсынуды сұрайды.

"2030 жылы жалдау шартын қайта қараудың келесі мерзімі басталады. Сондықтан халықаралық уағдаластықтардың мызғымастық қағидаттарын қолдай отырып, "Ауыл" партиясының фракциясы Республика Үкіметіне келесі ұсыныстар енгізеді. Жоғарыда аталған комиссия аясында биыл халықтың ауыл шаруашылығы қызметінің мүддесіне орай сынақ полигондарының жер учаскелерін азайту жөніндегі келіссөздерді дереу бастау қажет", - деді депутат Егізбаев.

Оның сөзінше, 2019 жылы БҚО әкімдігі Сыртқы істер, қорғаныс, ауыл шаруашылығы министрліктеріне БҚО аумағында Ресей Федерациясы жалға алған полигон аумағын 1 млн 100 мың га (Бөкей ордасы ауданы бойынша 700 мың га, Жаңақала ауданы бойынша 400 мың га) қысқарту жөнінде ұсыныс енгізген болатын. Еліміздің қорғаныс министрлігі Жол картасын әзірлеп, оны Премьер-министрдің орынбасары да бекіткен көрінеді.

"Полигондарды жалдау ақысының мөлшерлемесін жерді кейіннен қалпына келтіру қажеттілігін ескере отырып, нақты мөлшерге дейін ұлғайтуға жағына қарай өзгерту, 2030 жылы әскери полигондарға жерді жалға беруді ұзарту немесе тоқтату мәселесі бойынша ел Үкіметінің ұстанымын айқындау ұсынылады", - деп қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу