Депутат ең төменгі зейнетақы туралы: "57,8 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес"

1190

Халық қалаулысы жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды. 

Депутат ең төменгі зейнетақы туралы: "57,8 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес" Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов өзінің депутаттық сауалында халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе ретінде – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін айтуға болады. Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр. Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек.

"Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді", - деді Әділ Жұбанов Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.

Мәжіліс депутаты зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру кезек күттірмейтін мәселе екенін баса айтты.

Ол жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу