Депутат хиджабтан бас тартқысы келмейтіндерді елден қуып шығуды ұсынды

2846

Хиджаб, ниқаб, бурка, пәрәнжі және басқасының арасында қандай айырмашылық бар?

Депутат хиджабтан бас тартқысы келмейтіндерді елден қуып шығуды ұсынды Фото: canva.com

"Хиджаб үшін елден кетем дегендер болса, кете берсін!": Мәжіліс депутаты осындай мәлімдеме жасады. Barysmedia порталы депутаттың сұхбатын жариялады. Сұхбатта депутат елдің ұлттық құндылықтары сақталуға тиіс екенін алға тарта келе, хиджабты шешкісі келмей, "елден кетем" дегендер болса, олардың артынан бір уыс топырақ шашатынын айтты. Алды мен артына бір уыс топырақ! Кетсін. Қайда кеткісі келеді екен, ей? Лағып кетсін! Ондайларға шекараны бер жақтан ғана ашып қою керек... Жаттың сұрқия дәстүрлерін елге сіңіруге қарсымыз", – деді депутат. 

Бұл мәлімдеме халық арасында үлкен резонанс, қатаң сын туғызды. Эмоциялы пікірлерді қоспағанда, пікір білдірушілер мұсылмандық киімге тыйым салатын заң жобасына бастамашы болған депутаттың сауатсыздығына назар аудартты: "Хиджаб – сұрқия дәстүр емес".

Тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Ахмет Ярлыкаповтың айтуынша, заң жүзінде "хиджабқа" тыйым салу қиын болады.

"Еуропада мұсылман әйелдердің бас киімін хиджаб деп атайды. Бұл дұрыс емес. Өйткені хиджаб – әйелдердің шариғат нормаларына сәйкес келетін кез келген киімі. Хиджаб араб тілінен "шымылдырық" дегенді білдіреді. Мұндай киім әйел затының бүкіл тәнін, шашын жауып тұруға тиіс. Тек бет-жүзін, қолының ұшын, аяғының тобықтан төмен бөлігін ашық қалдыруына рұқсат. Тиісінше, хиджабқа шашты бүркемелейтін орамал, шәлі, ұзын жеңі бар көйлек, тобыққа дейін жететін белдемше-юбка және басқасы жатуы мүмкін. Егер Парламент хиджабқа тыйым салса, онда әйелдердің шариғат нормаларына сәйкес келетін кез келген киіміне тыйым салады деген сөз", – деген пікір білдірді ғалым.

Сарапшы "сақалдылар" ұйымдастырған терактілерден кейін Үкімет 2016 жылы Қазақстанда хиджабқа тыйым салу бастамасын көтергенін еске салды.

Бұл заңнамалық түзету "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді. Сонда Парламент қазіргісі сияқты өзімбілемдік танытпай, сала мамандарын жұмылдырып, ақылдасқан.

Мамандар "хиджаб" деген жалпы атау екенін, оған тыйым салу Қазақстанның Ислам әлемімен қарым-қатынасының күрт бұзылуына соқтыруы мүмкін екенін ескерткен. Себебі, заң бәріне ортақ, ендеше елімізге саяхаттап немесе бизнес мақсатпен келетін, ислам ынтымақтастығы ұйымдарының саммитіне қатысатын әйелдерден шариғатқа сәйкес келетін киімдерін шешуді талап етуге тура келмек.

Ақыры Қауіпсіздік кеңесінің 2016 жылғы 10 маусымдағы отырысындағы Президенттің тапсырмасымен әзірленген аталған заңды Парламент 2016 жылғы 22 желтоқсанда қабылдады. Бірақ одан никаб, хиджаб немесе паранджа киюге тыйым салу туралы ұсыныс алып тасталды.

Сол кездегі Мәжілістің түсіндіруінше, "мұсылман елдерінде таралған киім киіске шектеу енгізу мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені зерделеген жұмыс тобы ондай тыйымды заңнамаға енгізуді орынсыз деп таныды".

Сол заманның өзінде "жарамсыз" деп қоқысқа лақтырылған заңнамалық түзетулерді қазіргі Парламент сілкіп-сілкіп, қайтадан жұмысқа алып отыр. Кейбір сарапшы осы арқылы депутаттардың қоғамның және мемлекеттің шын мәнінде көкейкесті, күрделі проблемаларынан жұртшылық назарын аударып әкетпек деп есептейтінін жазды.

Қалай болғанда, биылғы маусым айының ортасында Мәжілістің "хиджабты қоғамдық орындарда киюге тыйым салу мүмкіндігін қарастыратыны" жарияланды.

Бұл туралы заң жобасының бір авторы мәлім етті. Оның айтуынша, діни киімдерді киюге тыйым салу мәселесі пісіп-жетілді.

"Бүгінде біз үшін ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүдделерін, ұлттық дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтау болып табылады. Бүгінде айналаңызға қарасаңыз, қара жамылып алған қазақтың қыз-келіншектері көбейіп барады. Бұл жайт біздің болашақ ұлттық мүдделерімізге салмақты нұқсан келтіреді", – деді ол.

Депутат тиісті заң жобасы күзде басталатын жаңа, үшінші сессияда Мәжілістің қарауына енгізілетінін хабарлады.

"Сондықтан біз, бір топ депутат, осындай заң жобасын дайындадық. Ол Парламентке күзгі сессияда ұсынылады. Меніңше, хиджаб, никаб және басқа діни киімдер туралы қоғамда қордаланған мәселелер осы заңның қабылдануымен бірге шешіледі. Сонда діни киімді кию мәселелерін біз реттей алатын шығармыз", – деді ол.

Сарапшылар кезінде шариғатқа сай келетін діни киімдерге тыйым салған мемлекеттер енді ол тәжірибеден бас тартып жатқанын қаперге салды.

Мысалы, арасында Франция да бар. Reuters жазғандай, Түркия 2013 жылы, шамамен 90 жыл бойы (1925 жылдан бері) қолданыста болған мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге тыйым салатын заңның күшін жойды.

Сол кездегі вице-премьер Бекир Боздаг бұл тыйым "әр адамның өмір сүру салты мен киім таңдау еркіне қол сұғатын, қоғамдағы теңсіздіктің, әділетсіздіктің және кемсітушіліктің негізі болып келген зиянды ереже" екенін айтты. Түркияда тек әскерде, сот органдарында киюге шектеу қойылған: қызметкерлер ресми форманы сақтауы шарт.

Ал, Америка демократияны өрістету аясында діни киімдер киюге әскерилерге де рұқсат етті. Нәтижесінде, АҚШ Президенті Барақ Құсайын Обама тұсында, Америка тарихында тұңғыш рет, 2016 жылғы қазанда хиджаб киген мұсылман әйел Сана Хамза теңіз офицері атанды.

Бұған дейін әскери оқу орындары өз түлектерінің діни киім киюіне жол бермейтін. Осы оқиғадан кейін әскери институттар бірыңғай киім формасынан бас тартты. Ондағы мақсат – әскерилер қатарына америкалық араб қыздарын тарту, шариғат әдептерімен киім киетін әйелдерге Отан қорғау, әскери карьера жасау мүмкіндігін беру.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында "хиджаб тек сырт көзден ғана емес, психологиялық дерттерден де сақтайтыны" жазылған.

Бұл жерде ҚМДБ британ ғалымдарының зерттеулеріне сілтеме жасайды. Вестминстер университетінің докторы Вирен Свами әріптестерімен бірге мыңдаған әйелдің мінез-құлқын бақылады. Оның ішінде 587-і – 18-70 жас аралығындағы мұсылман әйелдері болған.

"Зерттеушілердің айтуынша, хиджаб кигендер өз тұлғаларына басқалар секілді шектен тыс талғампаздықпен қарамайды және сән әлемінің жұлдыздарына табынбайды. Осылайша, олар сыртқы сұлулықты емес, ішкі жан-дүниесін көркем мінезбен көріктендіруге ұмтылады", – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013 жылы "Әйелдің басын жауып, Ислам талаптарына сай киінуі жөнінде" пәтуа шығарды.

Пәтуада не айтылған? Біріншіден, Қасиетті Құран Кәрімде:

"Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар", – делінген ("Нұр" сүресі, 31-аят).

Екіншіден, әурет – махрамнан өзге бөтен жандардың көруіне тыйым салынған адамның дене мүшелері. Еркектер үшін кіндіктен тізеге дейін болса, балиғат жасына толған әйелдер үшін беті, алақаны мен саусақтарынан басқа барлық дене мүшелері әурет болып есептеледі. Сондықтан шариғат талабына сәйкес әйелдің аяғы (тобығына дейін), иығы мен басы (бетінен басқа) және жыныс мүшелері әуреттің қатарында.

Үшіншіден, ұятты жерлерін жауып, бөтен көздерден сақтану шариғат талабы. Мұны орындаудың да ешқандай қиындығы жоқ. Бар болғаны өзге еркектердің көз салуын болдырмау үшін етек-жеңі ұзындау қарапайым ғана киіну. Түптен келгенде әйелдің киімі оны қорғанышы болуы қажет.

Төртіншіден, пәтуада айтылғандай, Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылман болғандықтан, қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, Исламның беделін көтеру аса қажет. Ол үшін әрбір адам сыртқы түр келбетімен де басқалараға үлгі бола білуі керек.

Соның ішінде мұсылман әйелдер ниқабты қолданбай-ақ, шариғат талабына сай киінуіне әбден болады. Негізі, ертеде қазақ әйелдері басына орамал тағып, жасы келгенде кимешек кигені тарихтан белгілі. Сондықтан бұл біздің ұлттық киімдеріміз болып табылады және мүмкіндігінше оны ұстанып, жаңғыртуымыз қажет. Ал, әуретті жабамыз деп араб немесе пәкістандық ұлттық кимі үлгілеріне еліктеудің қажеті жоқ.

Бесіншіден, орамалын шешуге күштеу және шешпегені үшін сабаққа кіргізбеу жеке тұлғалардың дінге қөзқарастары себептері бойынша азаматтық және жеке құқықтарының бұзылуы немесе олардың діни сезімдерін қорлау болып есептеледі.

Алтыншыдан, орамал тағу бұл "жеке тұлғалардың дінге көзқарасы бойынша азаматтық құқықтары" деген сөз. Ал хиджабтың өзі "қандай да бір дінді ұстанушылардың (бұл жағдайда ислам дінін ұстанушылар) қастерлейтін заты" болып табылады. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуә бөлімінің хабарлауынша, хиджабты шешуді талап ету немесе оған күштеу – адамды қорлау болып есептеледі: бұған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңына сәйкес үзілді-кесілді рұқсат етілмейді.

Сонымен, Хиджаб дегеніміз – шариғат нормаларына, мұсылман әдептеріне сәйкес келетін кез келген әйел киімінің ортақ атауы, жалпы термині. Хиджабқа Исламның имандылық қағидаттарын сақтауға септесетін түрлі киім элементтері жатады.

Хиджабқа келесі элементтер кіруі мүмкін:

  • Орамал: әйел затының құлағын, мойнын, шашын жабатын ең кең танымал бас киім. Ол қазақта да байырғыдан қолданылады. Мысалы, әйел дайындайтын асқа шашы түсіп кете бермеуі үшін де қажет.
  • Абайя: ұзын, еркін, кең пішілген көйлек. Оны әдетте, үйреншікті кез келген киімнің үстінен киіп алады. Ол денені мойыннан тобыққа дейін бүркемелейді. Қазіргі кезде Қазақстанда да әйелдердің бір-біріне Абайя сыйлауы дәстүрге айнала бастады.
  • Чадра: бас пен денені – басынан аяғына дейін жабатын жеңіл жамылғы-плащ (көбіне, қара түсті). Ол бетті ғана ашық қалдырады. Сондықтан бетті жабу үшін бұл жағдайда қосымша мата кесіндісі, вуаль пайдаланылуы мүмкін.
  • Ниқаб – әйелдің бетін де түгелдей жауып, тұмшалар тастайтын жұқа мата, онда әйелдің тек екі көзінің орны ғана қалдырылады.
  • Пәрәнжі – орталықазиялық дәстүрлі киім түрі. Ол бетті ғана ашық қалдырып, бүкіл тәнді жасыратын, "жалған" жеңдері бар ұзын жамылғы. Бетті әдетте, чачванмен – күн өткізбейтін шағын шымылдырықпен жабады. Пердені бұрын кейбір адам аттың қылынан жасайтын болған.
  • Бурка: пәрәнжіге ұқсас, бірақ дінді ұстанатын әйелдердің киімінің басқа түрі саналады. Ол денені және бетті жабады, пәрәнжіден айырмашылығы сол, онда көздер үшін қиық (ойық) қалдырылады, онысы торшамен бүркемеленеді.
  • Буркини: кейбір болжам бойынша бурка және бикини сөздерінен құралған-мыс. Ғалымдар буркинидің буркаға қатысы жоқ деген пікірде. Буркини – жамылғы емес, мұсылман әйелдерінің суға түсетін киімі. Ол әйелдің бетін жаппайды. Оның міндеті – суға шомылған әйелдің дене сымбатын, силуэтін сырт көзден жасыру.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу