Депутат қаңтар оқиғасында "шетелге шығарылған" қаражаттар туралы ақпарат сұратты

2173

Депутат Мақсат Раманқұлов қаңтар оқиғасы кезінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы бейресми ақпарат бар екенін айтады.  

Депутат қаңтар оқиғасында "шетелге шығарылған" қаражаттар туралы ақпарат сұратты

Ол осыған байланысты Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтан кімдер ақша шығарғанын, кімдердің шотына ақша түскенін анықтап беруді сұрады.

"Сол күрделі күндерде көлеңкелі капиталдар шығарылды деген күмәніміз бар. Ол адамдар тағдырын елімізбен байланыстырмаса, қалаған жерде қала берсін. Бірақ шығарылған қаражат халықтан ұрланған болса, елімізге қайтарылып, экономикаға жұмыс істесін", – деді Раманқұлов.

Одан бөлек жалпы "Қазақстан халқының ұрланған қыруар қаражатын елге қайтаруды маңызды мәселе деп санайтынын" айтты.

"Біздің фракция (Ақ жол" партиясы – авт.) кейінгі жылдары, "Панама тізімі", "Райское досье" және, Швейцария банктерінің Қазақстандықтардың шоттарына қатысты депутаттық сауалдарымызда осы мәселелерді бірнеше рет көтерген болатынбыз. "Tax Justice network" халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 млрд АҚШ доллары шығарылған. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз", – деді депутат.

Ол мұндай фактілер болған жағдайда, салық органдарынан мұндай қаржының шығуының заңдылығын және олардың тиісті салықтарды төлегенін тексеруін сұрайды.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу