Депутат құрылыс компанияларына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды

Тұрғындар су мен жарығы жоқ, кәріз жүйесі тартылмаған тұрғын үйлерде тұруға мәжбүр.   

Депутат құрылыс компанияларына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды Фото: m.day.kyiv.ua

Парламент Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров палата отырысында құрылысы аяқталмаған тұрғын үй мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кей нысандардың тұрғындары сусыз, жарықсыз және кәріз жүйелерінсіз өмір сүруге мәжбүр. Сондықтан ол мұндай кешендерді салған құрылыс компанияларына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Депутат бірден нақты мысалдарға көшті. Айтуынша, Ақтауда әкімдіктер құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған және нысанды пайдалануға беру актісі жоқ 10 тұрғын үй кешеніне халық қоныстанып үлгерген. Мұндай мысалдар Алматы мен Астанада да кездеседі.

Сенатор осындай жағдайда кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Алайда кейбір кәсіпкерлер құзырлы органдар салған айыппұлдарды елемейді. Соның салдарынан құрылысы аяқталмаған үйлерге қоныстанған азаматтар әкімдіктерге хабарласып, инженерлік желілерді – су, жарық, кәріз желілерін тартуды талап етуге мәжбүр болады.

"Талапты орындамаған жағдайда митингіге шығып, осы жерде әлеуметтік жанжалдар туындайды. Кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұстанымыңызды айтыңызшы", – деп сұрады депутат ИИДМ өкілінен. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмас Ыдырысов мұндай жағдайлар кездесетінін мойындады.

"Кемшіліктер бар. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың өзіне байланысты. Өздері қоныстануға мүдделі болғандықтан, олар пәтер алып, жөндеу жұмыстарын тезірек бастауға мүдделі. Сонымен қатар құрылыс компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Өзіңіз айтқандай, біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Өткен жылдың ішінде 228 құқық бұзушылық фактісі анықталып, олар жауапкершілікке тартылды", – деді вице-министр.

Алайда оның айтуынша, бұл шара құрылыс компанияларын "тәртіпке шақыруда" жеткіліксіз көрінеді.

"Біз сізбен толықтай келісеміз, бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл жағдайда біз жазаларды қатаңдатуды қарастырамыз. Мәселе мүдделі органдармен бірге қосымша зерттеуді талап етеді", – вице-министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу