Депутат Семей полигонындағы сынақтан зардап шеккендердің үстемеақысын арттыруды сұрады

1267

Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ.  

Депутат Семей полигонындағы сынақтан зардап шеккендердің үстемеақысын арттыруды сұрады Фото: kazpravda.kz

Осыған байланысты олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмай жүр. Бұл туралы мәжілісмен Нұртай Сабильянов өзінің депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz.  

"Біріншіден, зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал, радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ. Екіншіден, қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген. Бұдан басқа барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ", – деді ол Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.   

Мәжілісмен зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген әрі оларға тиісті диагностика жасалмағанын жеткізді. Келесі мәселе – зейнетке шығу жасын төмендету.

"Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды. Өткен жылдарда осы мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша осы өңірдің азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіретінін атап өткен. Бүгінде зерттеулер толық жүргізіліп бітті", – деді Нұртай Сабильянов. 
 

Осыған байланысты депутат келесі мәселелерді қарастыруды сұрады:
- ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендерді міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;
- ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді беру;
- зардап шеккендерге берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету;
- барлық зардап шеккен азаматтарға толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда емделуін қамтамасыз ету;
- оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу