Су кеткен соң қаптарды түгел жинамасақ, экологиялық апат болуы мүмкін

829

Су басқан өңірлерде қарғын судан қорғану үшін қаптар мен пакеттен бөгет тұрғызылған.

Су кеткен соң қаптарды түгел жинамасақ, экологиялық апат болуы мүмкін Фото: @KZgovernment

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай өзінің депутаттық сауалында елдегі тазалық мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбіршілігі. Оған дәлел, Атырдаудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл. Міне, осы ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал, сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір облыс орталықтары айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті", - деді депутат.

Мақсат Толықбай тазалық мәселесін көтерді. 

"Себебі, елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені, қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қап мен пакеттерден бөгет тұрғыздық. Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, ертең экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді жедел арада залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы  мүмкін", - деп жалғастырды ол.

Мәжілісмен ел бойынша "Таза Қазақстан" тазалық айлығы өтіп жатқанын тілге тиек етті.

"Батыс елдерін айтпай-ақ қояйын, іргемізде отырған көрші өзбек ағайындардың тазалығына таңдай қағып, таң қаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Оған жоғарыдағы Миялы ауыл халқының тірлігі дәлел", - деді Мақсат Толықбай.

Мәжіліс депутаты Үкіметтен қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар орта мектеп оқушылары арасында "Экологиялық сана" атты ағартушылық сынып сағаттарының өткізілуін қолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу