Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін жасырмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.
Қазіргі уақытта еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды.
Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.
Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты.
Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттыратынына сөзсіз сенеді. Сондай-ақ, мұны "азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді" деп бағалады.