Қазақта "9 ат" деген кең таралған ойын бар ма? Шетелдіктер түгіл, қазақтардың көбі бұған бас шайқайтыны даусыз. Мәжіліс депутаттары бар деп табандауда. Жай ғана айтпай, сол атаумен қазақтың әлемге танымал брендін ауыстыруға ниетті.
Әңгіме "тоғызқұмалақ" туралы болып отыр. Бұл ұлттық ойынымыз соңғы жылдары дамудың барынша жоғары сатысына – жаһандық деңгейге көтерілгені мәлім. 2020 жылғы 14-19 желтоқсанда, Парижде өткен XV сессиясында ЮНЕСКО ұйымы "тоғызқұмалақ ойынын" Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізді. Әлемдік ұйымға бұл номинацияны Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген болатын.
Бүгінде үш елдің ынтымақтаса қимылдауы арқасында, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, ол бірнеше жылдан бері ақыл-ой құндылығын дәріптейтін "тоғызқұмалақтың" ұлылығын, жас баладан егде тартқан адамға дейін ойын арқылы математикалық ой-санасын жетілдіруге септесетінін түсіндіріп келеді.
Бұл түркі халықтарының ортақ жәдігері ғана емес, бүкіл адамзаттың сақталып, бізге жеткен тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші болып табылады.
Енді "жаңа Парламентке" жаһандық мұра тізіміндегі ұлттық ойынымыздың атауы, дәлірек айтқанда, "құмалақ" сөзі ұнамай, көкейін тесіп тұр.
"AMANAT", "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы", "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Қазақстан халық партиясы" (тек "Ақжол" партиясы тыс қалды) парламенттік фракцияларының бір топ депутаты Тоғызқұмалақ атауын жою ниетін Үкіметке сауалында жариялаған болатын.
Айтпақшы, биылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада Түркі әлемінің төл Олимпиадасы – әлемнің 89 елі қатысатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында тоғызқұмалақ зияткерлік ойынынан халықаралық сайыс өтеді деп күтілуде. Соның қарсаңында депутаттардың басқа жұмыс таппағандай, ұлттық ойынның атауына тиіскені түсініксіз қалды.
Қалай болғанда, Үкіметке жүгінген мәжілісмендер бұл спорттың атауын ұнатпайтынын білдірді. Олардың мәліметінше, бүгінде бұл ойынды негізінен қазақ және қырғыз халықтары бәсекелесе дамытып жатыр. Содан ойынның негізгі екі атауы қалыптасты: қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, бұл спорт "тоғызқұмалақ" деп аталады, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, ортақ ойынды "тоғызкөргөл" деп таныстырады.
ЮНЕСКО жаһандық мұра тізімінде бұл зерде ойынын "қазақша – Тоғызұмалақ, қырғызша – Тогуз коргоол, түрікше – Мангала/гечюрме" деп бекітті.
"Осылайша, түркі халықтарының бірегей зияткерлік спорты әлемдік аренада әртүрлі атаумен жұртшылықты шатастырып келеді! Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы – Тоғызат. Бұл туралы ресейлік этнограф Григорий Загряжскийдің 1933 жылғы "Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи", 1874 жылғы "Туркменские ведомости", "Игры народов СССР", "Тогуз-ад киргизская игра" және тағы басқа ғалымдардың жасаған тарихи еңбектері арқылы ойынның атауы ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарына дейін "тоғызат" аталғаны мәлім болып отыр", – дейді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.
Мәжілісмендер Г.Нұрымова, К.Авершин, Қ.Балабиев және Үкіметке хат жолдаған басқа да депутаттар сондай-ақ ресейлік ботаник, географ А.Н.Красновтың 1887 жылғы "Очерк быта Семиреченских киргизь" (қазақ дегені), Н.Пантусовтың 1906 жылғы "Киргизская игра тогузкумалак" атты еңбектерін алға тартып, бұл ойынның тек бертінде "тоғызқұмалақ" атала бастағанын дәйектейді.
Депутаттардың болжамынша, Тоғызқұмалақтың атауы әуелден "тоғызат" екендігіне ойын тақтасындағы маңдай, көкмойын, белбасар, бел, атөтпес сияқты атаулар де меңзейді-мыс.
"Алайда, асыл спорттың одан әрі кең жайылуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын өзгерту қажет. Оны ортақ нұсқамен тарихи "тоғызат" атауын қалпына келтіру шараларын қолға алуды қарастыру керек. "Тоғызат" атауы көшпенділердің өмір салты мен түркілік құндылықты одан әрі паш ете түсетін және спортқа әлемдік назар аудартатын, түркі халықтарын жұмылдыра түсетін кезекті қадам болары күмәнсіз", – деп ұсынды Үкіметке мәжілісмендер.
Дегенмен, Үкіметтің бұл идеяға түбегейлі қарсы екені белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова хабарлады. Оның айтуынша, депутаттардың "Тоғызқұмалақ" ұлттық спорттың атауын өзгерту бастамасы Үкіметте қаралды. Оны талқылауға этнограф, лингвист және басқа ғалымдар тартылған. Олар да құптамаған көрінеді.
Вице-премьер осы спорт түрінің бір атаумен аталмауы – оны дамытуға, дүниежүзінде ары қарай кең жайылуына кедергі деген ұшқары ойды жоққа шығарды.
"Әлемдік тәжірибеде бір ойынның, заттың, не құбылыстың әр тілде әртүрлі аталуы жиі кездеседі. Мысалы, әлемде футболды ағылшындар "футбол", итальяндықтар "кальчо", американдықтар "соккер" дейді. Зияткерлік ойынның бірі шахматты алсақ, оны бір елдерде "шатран", тағы бір елдерде "чесс", енді бірі "шахмат" дейді. Түркі халықтарына бірдей ойындар әртүрлі атаулармен айтыла береді. Мысалы, қырғыз халқы "асық атуды" – "ордо", "күресті" – "алыш", "көкпарды" – "көк-бөру" деп атайды. Сонымен қатар "тоғызқорғоол" атауы қырғыз халқына, ал "мангала" аты түрік халқына тиесілі", – деді Тамара Дүйсенова.
Зерттеушілер Тоғызқұмалақ атауы "тек ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында таңылған" деген тұжырымды құптамапты. Байырғы замандардан бері түркі халықтарының тарихи жадында, сондай-ақ А.Краснов, Н.Пантусов, Б.Куфтин, Р.Карутц, М.Балақаев, Ә.Ақшораев, С.Аманжолов, С.Тілеубаев пен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектерінде және М.Әуезовтің шығармаларында ойын "тоғызқұмалақ" деп нақты аталады.
"Бұған қоса, қазақ халқына тиесілі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ атауын өзгерте салу халықаралық және отандық федерациялардың да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді. Осы айтылғанның бәрін ескере отырып, ұлттың мәдени мұрасы болып табылатын, әрі мыңжылдық тарихы бар Тоғызқұмалақ ойынының атауын сол қалпында қалдырғанды жөн деп санаймыз!", – деді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.
Ата заңға "Жаңа Қазақстанда" енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді Мәжіліс Үкіметтің кез келген қарсылығын еңсере алады. Егер депутаттық корпус арнайы заң қабылдап, Тоғызқұмалақты тоғызқұмалақ деп атауға тыйым салса, оны "Тоғыз ат" деп атаса, солай болады. Онда ЮНЕСКО Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізімінен "Тоғызқұмалақ" атауын алып тастауы мүмкін.
Айта кету керек, осының алдында Қазақстандық және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов ұлттық зияткерлік спорт атауын өзгертуге қарсы екенін айтты.
"Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны "Адамзаттың мәдени мұрасы" деп мойындады. Бұл – ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді отарлау заманында біздің мәдениет пен тарихи жадымыздың терең тамырын үзгісі келген сыртқы күштер талай қолданғанын білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек "Тоғызқұмалақ" деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, Тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы", – деді Әлихан Бәйменов.
Оның мәліметінше, бүгінде әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ оффлайн, бетпе-бет ойналады. Онлайн, интернет арқылы 100 мемлекеттің тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып жүр екен. 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен 6 рет әлем чемпионаты өткен.
Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшылардың қатарында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты айналысады. Федерация әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс істеуге ниетті.