"Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" акционерлік қоғамының (ТҚЖБ, мемлекеттік банк) 17 млрд теңге көлеміндегі керемет жоғары пайдасы парламенттің төменгі палатасы депутаттарының "қытығына" тиді. 1 қыркүйектегі есеп бойынша, мемлекеттік банк елдегі жыл басынан бері пайдасы бөлінбеген банктер арасында үшінші орынға шыққан. Мемлекеттің банктің алдында тұрған тек "Халық банк" АҚ мен Kaspi Bank. Депутаттар банктің тапқан пайдасын несие алушылардың пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге жұмсауды ұсынып отыр деп хабарлайды abctv.kz тілшісі.
"ТҚЖБ 17 млрд теңге пайда көрген. Осының есебінен банктің пайыздық мөлшерлемесін азайтуға болады. Себебі қазір құрылыс ұйымдары жұмыс істеп жатыр, бұған қоса салық та толығымен төленуде, ал елдегі халықтың аз қамтылған тобына пәтер алу керек. Бірақ та олардың көбінің пәтер алатын мүмкіндігі жоқ. Егер пайыздық мөлшерлеме аз болса, онда бұл мәселе 30-40% шешілер еді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда 2,5 млн адам үйдің кезегінде тұр", – деп жалғастырды отырыста депутат Шәкір Хахазов.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" акционерлік қоғамы басқарамасы төрағасының орынбасары Мирас Бейсембаев бұл мәселе оң шешім табуы мүмкін, бірақ соңғы шешімді директорлар кеңесін премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев басқарып отырған жалғыз акционер – "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі шығаратынын айтты.
"Өзіміздің таза пайдамызды қалай басқару керектігін акционерлермен бірлесіп қарастыратын боламыз, сондай-ақ келешекте халықтың аз қамтылған тобына несие беруді де ескереміз. Банк мемлекеттік. Пайда керек екені түсінікті, бірақ мүмкіндік пен ресурс, резерв болса бұл мәселені неге қолға алмасқа? Бұл мәселені жан-жақты қарастырайық. Холдинг басшылығы мәселемен толығырақ танысады деп ойлаймын", – деп жауап берді Мирас Бейсембаев .
Депутат Анар Жайылғанова да парламент депутаттары бұл мәселені басты назарға алатынын айтты.
"Бұл мәселені бақылауға аламыз. Банк қандай пайызды белгілейтінін ашып көрсетуі керек. Тіпті 1%-ға төмендетсе де, жақсы болар еді", – деп есептейді депутат.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ баспасөз қызметінің ақпарына сүйенер болсақ, қаржы ұйымы ең арзан несиені 3,5%-дан 5%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесінде береді. Банктің ең жоғары пайыздық несиесі – алдын ала берілетін несие. Бұл несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 12,8%.
"Нұрлы жер" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша ТҚЖБ салымшыларына несие беру үшін 2016 жылы ұлттық қордан 22 млрд теңге бөлінген. Банк "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы аясында халыққа жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысады. Бұл бағытты іске асыру үшін 2017 жылы екінші деңгейлі 7 банкке республикалық бюджеттен 10 млрд сома қаржы берілген.
Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман