Депутаттар ұстаздарды жабырқататын ұсыныс тастады

1004

Дәл университеттей астатөк байлық әкелмесе де, жеке мектептер де табыстың мол қайнары.

Депутаттар ұстаздарды жабырқататын ұсыныс тастады Фото: tsargrad.tv

Ресми мәлімет бойынша 2024 жылы жалпы саны 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге бюджеттен 134 миллиард теңге берілген.

Бұдан бөлек, олар оқушылардың бір бөлігінің ата-анасынан ақы алады. Бұларда жылдық оқу ақысы орта есеппен 2 миллион теңгені құрайды. Кейбіріндегі оқу құны тіпті ортанқол университеттерден асып түседі.

Сонымен қатар, олар ақылы олимпиадалар өткізу, түрлі үйірмелерді, біліктілікті арттыру-оқыту курстарын ұйымдастыру, франшиза сату және басқа бағыттарда да күреп табыс табады.

Нәтижесінде, жекеменшік мектептер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Бүгінде Қазақстанда 744 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Онда 50 мыңға тарта педагог еңбек етіп жүр.

Дегенмен, жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептердің бас "ауруына" айналды. Біріншіден, мемлекеттік білім ордаларының зейнеталды жастағы тәжірибелі, білікті педагогтерін жоғары жалақымен, баспана берумен қызықтырып, өзіне тартып алады. Салдарынан, әкімдіктерге қарайтын қалалық мектептерде кадр тапшылығы жыл өткен сайын ушығып барады.

Осыған орай бір топ сенатор Үкімет басшысына жүгініп, жекеменшік білім ұйымдары қожайындарының, сондай-ақ білікті педагог үшін баласын берген ата-аналардың төбесінен жай түсіргендей ұсыныс жасады.

Олардың байламынша, егер педагог жоғарғы категориясына мемлекеттік мектепте қол жеткізсе, онысын жеке мектепте қолдана алмауға тиіс. Сонда олар амалсыз, қалалық мектебіне қайтады.

"Жекеменшік мектептер өз жұмысын бастау үшін білім беру қызметімен айналысуға лицензия алуға құжаттарын өткізу барысында педагогтердің сапалық құрамын жасақтау үшін зейнеталды жастағы және зейнетке шыққан мұғалімдердің санат-категориясын пайдаланатын жағдайы көбейді. Сондықтан лицензия алуға өтініш берген кезде зейнетке шығып жұмыс жасайтын педагогтердің біліктілік санатын есепке алмау мәселесін қарастыру ұсынылады", – делінген Парламенттің жоғарғы палатасының хатында.

Екінші проблема – "қаржы балаға ереді" қағидатымен жан басына шаққандағы қаржыландыру жағдайында, депутаттардың пікірінше, жекеменшік мектептер мемлекеттіктен оқушыны да тартып алады.

Қызылорда облысынан сайланған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов мұны өз өңірінің мысалында дәйектеді. Осы облыста 39 жеке мектеп бар екен: Қызылордада – 27, Шиеліде – 2, Жаңақорғанда – 10. Оларда 1-11 сыныптар аралығында 15 021 оқушы білім алуда.

Биыл аяқталған 2024-2025 оқу жылында облыста жаңа 6 жеке мектеп ашылыпты: Қызылордада – 4, Жаңақорғанда – 2. Дәл осы кезде әкімдікке қарасты мектептерде бала жетіспей жатқан көрінеді.

"Жеке мектептер санының артуы көптеген мәселенің туындауына алып келуде. Мәселен, қазіргі кезде бұл мемлекеттік мектептердің толмауына әкеліп соқты. Қала орталығындағы мектептер жан басына қаржыландырылатынын ескерсек, болашақта толмаған мектептердің өз ғимаратын күтіп-ұстау шығындарына да қаржы таппау қаупі бар", – деді сенатор Байқадамов.

Ол нақты мысал келтірді: Қызылорда қаласындағы "СПМК-70" шағынауданында "Жайлы мектеп" жобасы аясында 1 500 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен бір мезгілде онда 2023 жылдың 1 қыркүйегінде 2 000 орындық жеке мектеп ашылды. Өткен оқу жылында 900 орындық жеке мектеп пайдалануға берілді.

Осы шағынауданда мектеп жасындағы 2 312 бала ғана бар. Тиісінше, мектептердегі басыартық 2 088 оқушылық орын қалыптасқан.

Сол секілді, 2024 жылдың қаңтарында Жаңақорған ауданының Жаңақорған кентінде 300 орындық мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді. Онда 600 орындық 2 жеке мектеп жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 400 орындық келесі жеке мектеп-интернат іске қосылған.

Аталған шағынауданда мектеп жасындағы 591 бала ғана бар. 4 мектептің жобалық қуаты – 1 300 орынды құрайды. Сабақ процесін екі ауысымда ұйымдастырған жағдайда 2 600 оқушыны қамтуға тиіс. Салдарынан 2 009 оқушылық бос орын пайда болды.

"Сондықтан оқушы орны бойынша тапшылығы жоқ облыс, аудан орталықтарында жекеменшік мектептердің салынуын реттейтін арнайы заң нормаларын енгізуді қарастырған жөн. Яғни, "Білім туралы" заңына өзгеріс енгізіп, жеке мектептерге лицензия берер алдында мектепке қажеттілік бар екенін растайтын келісімді беруді жергілікті әкімдіктің құзыретіне енгізуді ұсынамыз", – деді Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов.

Қазіргі уақытта жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік "Қаржы орталығы" АҚ арқылы тікелей орналастырылады. Яғни, әлгінде айтылған миллиардтаған қаржыны сол үлестіреді.

Депутаттар осыған байланысты "Қаржы орталығынан" түсініктеме сұрапты. Орталық өз түсіндірмесінде әкімнің рұқсаты қажет еместігін, өйткені жеке білім ордасын ашарда бизнес жергілікті нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізіп, жергілікті қауымдастықтың сапалы оқушы орындарын қажетсінетініне талдау жүргізетінін алға тартқан екен. Себебі, егер сұраныс болмаса, ол мектептің толуына мемлекеттің кепілдік бермейтінін көрсеткен.

Айтпақшы, осының алдында Мәжіліс депутаттары да жеке мектептерге қайта-қайта шүйліккен болатын. Оларға мысалы, жеке қолындағы білім ордаларында оқитын әлеуметтік осал топтағы балаларға тегін ыстық тамақ берілмейтінін сынады.

Оның жүгі мемлекеттің мойнында. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мемлекет жекеменшік мектептерде оқитын бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді.

Мұның ауыртпалығы енді жеке білім ұйымдарының өз иығына артылуға тиіс. 2025 жылғы 1 шілдеде Парламент қабылдаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы күшіне енді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың түсіндіруінше, бұл заңға сәйкес, жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету көзделеді.

"Бүгінде мемлекеттік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтар санатындағы 500 мыңнан астам балаға тамақтанумен қамтамасыз ету, киім-кешек, мектеп керек-жарақтарын сатып алу түрінде көмек көрсетіледі. Алайда жекеменшік мектептерде оқитын осы санаттағы 25 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек ала алмай келді. Осыған орай меншік нысанына қарамастан осы санаттағы барлық балаларға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді", – деді министр.

Бұған қоса, сенаторлар дегеніне жеткен екен. Оқу-ағарту министрлігі жеке мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына бірқатар өзгерістерді әзірледі. Ол бойынша бұдан былай әкімдіктердің келісім-хаты болмаса, жекеменшік мектеп ашуға және оларды Қызметтерді берушілер тізбесіне енгізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, шағын ғимаратта, мысалы, бірнеше қабатты коттеджде мектеп ашуды шектейтін талаптар қабылданды: мемлекеттік тапсырысқа үміткер мектептің жобалық қуаты кемінде 200 оқушы орнынан асуға тиіс.

Бұдан өзге, жеке мектеп ғимаратының нысаналы мақсатын сақтау шартымен келісімшарт жасасу үшін әкімдіктердің растау хаты талап етіледі. Аталған келісімдер арқылы әкімдіктер нақты елді мекенде жекеменшік мектеп ашудың қажеттігін растайды. Осылайша, әрі қарай әкімнің рұқсатынсыз бірде бір бизнесмен жеке мектеп аша алмайтын болады.

Ал, жеке мектептер ашқанда, оған ауысқан зейнеталды жастағы және зейнеткерлікке шыққан тәжірибелі педагогтердің категориясын есепке алмау бастамасын Премьер-министр әзірге қолдап отырған жоқ.

"Біліктілік талаптары мемлекеттік пе, жекеменшік пе – меншік иесіне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына бірдей талаптар негізінде жасалған. Нақтылағанда, педагогтердің жалпы санынан негізгі жұмыс орны лицензиат болып табылатын педагог-сарапшылардың, педагог-зерттеушілердің, педагог шеберлердің үлесі шағын жинақты мектептер, арнайы мектептер үшін – кемінде 25%, жалпы білім беретін мектептер, мектеп-гимназиялар, мектеп-лицейлер үшін – кемінде 35%; лицей үшін – кемінде 40%, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтердің үлесі – кемінде 30%, гимназиялар үшін – кемінде 40%, оның ішінде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы педагогтердің үлесі – кемінде 30%, дарынды тұлғаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары үшін – кемінде 45% болуға тиіс", – деді Олжас Бектенов.

Оның үстіне Үкімет басшысы зейнеткерлікке шыққан кез келген маманмен кез келген ұйым келісімшартқа отыра алатынын ескертті. Өйткені Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толған, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шартын оның еңбекке қабілеттілігі ескере отырып, жыл сайын ұзартуға рұқсат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу