Депутаттың дабылынан кейін Яссауи кесенесіне қыруар қаржы бөлінді

Тарихи нысанды толық ғылыми- зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы қарастырылады. 

Депутаттың дабылынан кейін Яссауи кесенесіне қыруар қаржы бөлінді  Фото: google.com

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күтімі, жаңғырту жұмыстары жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдаған еді. Ол кесене айналасындағы сапасыз құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және мдени мұрамызға төнген қауіптің алдын алуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Депутатқа берген жауабында вице-премьер 28 наурызда кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өткізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталған.

"Осы жоспар шеңберінде Кесененің жағдайын әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттары 2023 жылы зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, "Қазқайтажаңарту" мекемесі, Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы қатысады", – деп жауап берді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар ол 2022 жылы кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылғанын хабарлады.

"Кесене қазандықтан 8 дәлізбен тарайтын 35 бөлмені құрайтын биіктігі 40 метрге жуық зәулім ғимарат. Оның техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылып отырады. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен Кесенеде толық ғылыми- зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы Кесененің жағдайы әрқашан мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында және тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде", – деді вице-премьер жауабында.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу