"Дербес деректі заңсыз таратқан": Meta компаниясы 25 млрд доллар айыппұл арқалады

227

Компания сот шешіміне шағым түсірмек.

"Дербес деректі заңсыз таратқан": Meta компаниясы 25 млрд доллар айыппұл арқалады Фото: Kevin Dietsch/Getty Images

АҚШ-тың Нью-Мексико штатының соты Facebook мен Instagram-ға иелік ететін Meta корпорациясына 25 миллиард доллар айыппұл салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Компания жеке деректерді қорғау мәселесінде пайдаланушыларды жаңылыстырды деп айыпталды. Сот шешімі британиялық Cambridge Analytica компаниясымен байланысты даудан кейін шықты.

Қыркүйек айының соңында алқабилер алқасы Meta-ны тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзды деп таныды. Айыптау тарапының мәліметінше, компания пайдаланушылардың деректеріне кімдердің қол жеткізе алатыны, сондай-ақ Facebook-тің араздықты қоздыратын контентпен және дезинформациямен қалай күресетіні туралы жалған ақпарат беріп келген. Алқабилер 43 миллионнан астам заңбұзушылықты тіркеді.

Cambridge Analytica-ға қатысты дау 2018 жылы өршіген болатын. Ол кезде компания Facebook-тің 87 миллионға жуық пайдаланушысының деректерін жинап, оларды саяси жарнама үшін, соның ішінде 2016 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлау науқаны кезінде пайдаланған.

Нью-Мексиконың бас прокуроры Рауль Торрестің айтуынша, бұл – АҚШ тарихындағы компанияларға салынған ең ірі айыппұлдардың бірі. Жергілікті заңнамаға сәйкес, өндірілген қаражат штаттың білім беру жүйесіне түсуі тиіс. Бұл ақшаға ондаған жылдар ішінде мектеп құрылысын жүргізуге болады.  

Енді Meta сот шешіміне шағым түсірмек. Апелляция аяқталғанға дейін штаттың қаражатты алу процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу