Көшеде алыстан менмұндалайтын айырбастау пункттерінің алып таблолары саясат пен экономикадан адамдарды шошытады.
2024 жылғы 18 қарашада ел тарихында алғаш рет 1 АҚШ долларының бағамы 500 теңге межесінен асып түсті. Бұл күні Қазақстан қор биржасындағы сауда қорытындысында америкалық валютаның орташа курсы 497,89 теңге болған еді.
Осы-ақ екен, айырбастау бекеттері сатып алу мен сату бағаларының арасын барынша алшақтатты, кейбірінде айырмашылық 20 теңгеге дейін жететін.
Мысалы, 2025 жылғы 6 қаңтарда елордалық бірқатар "айырбастаушылар" долларды 520 теңгеден қабылдап, оны 537-540 теңгеден сатты.
Табыстылықтың бұлайша жасанды арттырылуы монетарлық реттеушіні тіксінтті. Kazinform жазуынша, Ұлттық банк валюталарды сатып алу мен сату арасындағы айырмашылықты қайтадан реттеуге кірісті. Сондай-ақ Қазақстанда валюталық операцияларға бақылауды күшейтті.
Мұндай тетік бұрын қаржылық-экономикалық дағдарыстар кезінде қолданылатын. Кейінгі жылдары билік одан бас тартып еді.
Ұлттық банк елімізде "қолма-қол шетел валютасын сатып алу бағамы мен сату бағамы арасындағы спредті белгілеу" басталатынын жариялады.
Осы мақсатта ҚР ҰБ "Айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасы қаулысының жобасын әзірледі.
Жобаға сәйкес, айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі:
- АҚШ доллары үшін – 7 теңге,
- еуро үшін – 10 теңге деп белгілеу ұсынылады.
Яғни, айырбастау бекеттері долларды сату бағамынан 7 теңгеден көп арзанға сатып ала алмайды.
"Ұсынылған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған. Бұл шектеулер қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін айырбастау операцияларына әсер етпейді", – деді Ұлттық банк өз мәлімдемесінде.
Мұнда бір гәп бар, аталған шектеу қолма-қолсыз нысанда, мысалы, банктің мобильді қосымшасы арқылы жүргізілетін айырбастау операцияларына қолданылмайды.
Қаржылық сарапшы Андрей Чеботаревтің пікірінше, бұл шара валюта нарығындағы алыпсатарлық-спекуляциялық құлшыныстарды басады. Бірақ бұл өзгерістің теріс салдарлары да болуы мүмкін. Мысалы, бағамдар арасындағы ауытқуды шектеу нарыққа араласу болып табылады және айырбастау пункттерінің жұмысын қиындатады.
"Қазақстанда 2 мың айырбастау бекеті бар. Олар осы айырмашылық арқасында табыс табады, клиентіне қолайлы курс ұсынып, өзара бәсекеге түседі. Оларда да көп азаматымыз жұмыс істейді. Енді келіп, біз бұл саланы мемлекеттік реттеуге алып, бизнесін бұзып отырмыз. Мұны жақсы тәжірибе деуге келмейді. Өйткені шағын және орта бизнестің аяғынан шалмай, дамуына барынша жағдай жасау қажет, ал, айырбастаушылар – дәл сол шағын бизнес", – деді Чеботарев.
Ол сондай-ақ "ақ доллар – көк доллар" атты проблеманың қолдан жасалғанына назар аудартты. Соның кесірінен банктер өз қоймаларын толтырған доллардың ескі купюраларын елге қолданыстағы бағамнан орта есеппен 5-7 теңгеге арзан сатуға мәжбүр.
Өйткені нарықтағы бағаммен сатса, клиенттер теріс айналып кетіп қалады немесе жаңа банкноттарға ауыстыруды табанды талап етеді.
"АҚШ кез келген долларды еш қиындықсыз қабылдайды. Ұлттық банк банктерден, халықтан ескі үлгідегі долларды жинап алып, Америкаға тасымалдауды неге ұйымдастырмай отырғанын мен түсіне алмадым. Мұнда тұрған ешқандай проблема жоқ", – деді қаржылық сарапшы.
Ал, валюталық бақылаудың күшейтілуіне тоқталған ол мұны дұрыс бағыттағы қадам деп атады.
"Бұл – дұрыс шара. Ол біздің валюталық нарықты да, ұлттық валютамызды да қорғауға көмектеседі. Дегенмен, осы арқылы да еркін айналымдағы валюталық бағамға мемлекеттің араласып отырғанын ескерген жөн. Ендеше келесі жолы Ұлттық банк Қазақстанда "валюта бағамы еркін айналымда" екенін айтса, бағам еркіндігінің енді шектеулі екенін есіне салу қажет. Жалпы алғанда, бұл өзгерістерді мен оң бағалаймын. Қазіргі күрделі кезеңде оның бәрі ішкі нарықты қорғау үшін жасалуда. Ұлттық банк бұрын бағам саясатына араласпайтынын айтудан жалықпайтын. Енді ол теңгені тегеуріндірек, көбірек қорғауға бейім екенін танытты. Яғни, көгершіннің емес, қырғидың ұстанымына ден қойды", – деп қорытты Чеботарев.
Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев жаңа қағидалардың енгізілуін құптады. Ол доллар мен еуроның бағамы бойынша шектейтін дәліздер 2014 жылы қолданылғанын еске салды.
"Бірақ ол кезде алшақтығы 2-3 теңгеден аспайтын. Сондай-ақ ол кезде валюта бағамы бір немесе екі жылға бекітілетін. Алайда 2015 жылдың тамызынан бері бағам еркін айналымға жіберілді. Бұл жолы Ұлттық банк сату мен сатып алу арасында доллар үшін – 7 теңгелік, еуро үшін – 10 теңгелік ауытқу шегін белгілеп отыр. Меніңше, мұны оң тренд деп есептеуге болады. Өйткені былтырдан бері теңге 20-25%-ға девальвацияланды. Жылды доллар үшін 525-526 теңге бағамымен аяқтадық", – деді Бияқаев.
Ол Үкіметтің экономикалық болжамы бойынша бағам 470-480 теңге шегінен аспауға тиіс болғанын еске салды. Сондықтан шетелдік валюталардың бағасы бақылаусыз әрі қарай өсе бермеуі үшін валюталық нарықтағы спекуляцияларды бақылап, шектеу маңызды.
"Ұлттық банк былтырғы қарашада интервенцияға миллиард доллар шығындады. Алайда ол тиісті нәтиже әкелмеді, теңге бағамы тұрақтанбады. Ұлттық банк тарапынан бағамдар арасындағы айырмашылықты шектейтін шаралар өте қажет", – деді сарапшы.
Бірақ ол 7 теңге шектеуді көп санайды. Оның орнына 5 теңгемен шектегенді жөн санайды. Сонда оның валюталық нарықты тұрақтандырудағы тиімділігі де артады. Өйткені құнсыздану жағдайында 7 теңгенің өзі көптеген спекуляцияға өріс ашады.
Мысалы, айырбастау бекеттері доллардың сатып алу бағасын 540 деп көрсетіп, оны 547 теңгеден сата бастауы мүмкін. Ал, қымбатқа өткізгісі келген адамдардан валютаны түрлі сылтаумен қабылдамайды. Мұндай оқиғаға кездескен тұтынушы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым жазғаны жөн.
Айта кету керек, "ҚР Ұлттық банкі басқармасының кейбір қаулыларына валюталық операциялар бойынша есептілікті ұсыну мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасы да әзірленді.
"Валюта нарығында қалыптасқан жағдай Ұлттық банктен ішкі валюта нарығының жай күйіне жедел мониторингті жүзеге асыруды талап етеді. Осы жоба валюталық операцияларға жедел мониторинг жүргізу мақсатында жасалды. Бұл Ұлттық банкке экономикалық жағдайды уақтылы бағалауға және ішкі валюта нарығындағы құбылмалылық жағдайында қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді еліміздің бас банкирі Тимур Сүлейменов.
Жаңа жобаның 3 басты жаңалығы бар. Біріншіден, банктердің валюта нарығындағы жағдай туралы жиынтық есебін ұсыну мерзімдері қысқартылды.
Қолданыстағы талап бойынша банктер бұл есебін ағымдағы айдан кейінгі айдың 15-ші күнінен бастап ұсынатын. Енді олар жаңа ай басталғанда есепті 5 жұмыс күні ішінде тапсыруға міндеттеледі.
Сондай-ақ қате есебін кері қайырып, түзету мерзімі күнтізбелік 3 күнге қысқартылады.
Екіншіден, банктерге конверсиялық операциялар туралы түйіршікті деректерді (гранулированные данные) есепті айдан кейінгі айдың 18-іне дейін ұсынуға рұқсат етілетін. Енді бұл мерзім екі аптаға кемітіліп, келесі айдың 5 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Оны түзету мерзімі де күнтізбелік 3 күнге азайтылды.
Үшіншіден, шетелдіктердің еліміздегі шетелдік валютаны сатып алуына бақылау күшейтіледі.
"Осыған орай жүргізілуі "Қазақстанның валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін" операциялардың тізбесін кеңейту көзделген. Ол бейрезиденттердің теңгеге шетелдік валютаны сатып алуы жөніндегі конверсиялық операцияларымен толықтырылады", – деп хабарлады Ұлттық банк.