Девальвацияның дақпырты ел кезіп жүр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5015

Ұлттық банк төрағасының есебі қарапайым халықтың көңіліне сенім ұялатқан жоқ.

Девальвацияның дақпырты ел кезіп жүр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев еліміздің қаржы нарығындағы жағдай тұрақты деп есеп берді. Ол тамыз айының басында теңге бағамының ауытқуына халықаралық қаржы нарығындағы тұрақсыздық ықпал еткенін айтты.

Бас банкирдің сөзінше, бұл уақытша болған құбылыс. Қазір теңгенің айырбас бағамы тұрақты. Яғни алаңдауға еш негіз жоқ.

Иә, Данияр Ақышев нық әрі сенімді сөйледі. Алайда оның сөзі халықтың көңіліне сенім ұялатқан жоқ. Себебі...

Себебі 2015 жылы халықтың аузы қатты күйген. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қайрат Келімбетов бір жылда 3 рет девальвация болмайтыны туралы ант-су ішіп, ақыр аяғында үкіметпен бірлесіп, теңгені еркін айналымға жібере салды. Нәтижесінде дүниенің бәрі қымбаттап, халық сан соғып, аһ ұрған.

Әрине ел азаматтары теңгенің басынан бақ таймағанын тілейді. Алайда девальвация туралы дақпырт ақиқатқа айналып, халықтың тілегін тас-талқан қылмай ма? деген күмән қайта-қайта қылаң бере береді.

Өйткені сала мамандары ұлттық валюта күзге қарай құнсызданып, бір доллар 400-420 теңгені құрауы мүмкін дегенді алға тартып жатыр.

"Теңге тағы да сыртқы факторлардың қысымына түсті.  Ұлттық банк оны құтқаруға мәжбүр болып отыр. Әлемдегі Brent маркалы мұнай баррелінің құны маусым айында 50 доллардан төмен құлдырап еді бюджеттік қаржыландыруда кінәрат пайда болды", – деді экономикалық сарапшы Сергей Полыгалов.

Оның сөзінше, Ұлттық банктің Қазкоммерцбанкті қолдауға жұмсаған 2,4 трлн теңгесі валюта нарығына салмақ салуы мүмкін. ЭКСПО-ға жұмсалған 3 млрд долларда қазына қаржысына оңай тиіп тұрған жоқ.

"Бюджет тапшылығынан құтылу үшін үкімет күзде жетпей тұрған қаражатты теңгеге девальвация жасау арқылы өндіріп алуы әбден мүмкін", – деді Сергей Полыгалов.

Қалың көпшілік сарапшының сөзіне сенгісі келмейді, себебі теңгенің құнсызданғанын қаламайды. Десекте Ұлттық банктің теңгенің  бағамына қатысты уәжі әлсіздеу болып тұр.

"Ұлттық банк теңгенің әлсіремейтінін ресми мәлімдеді", – деді Қазақстан халық банкі басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Қаржылық реттеушінің өкілі теңгенің құны құлдырамайтынын еліміздегі алтын-валюта қорының өсім беріп отырғандығымен дәйектеді.

Сөз арасында ол ел азаматтарына доллар сатып алуға жанталасудың қажеті шамалы екенін түсіндірді.

"Айырбас бағамының қалыптасуы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың негізінде, нарықтық шарттармен коммерциялық банктердің қатысуымен болады. Айырбас бағамының өзгеруі қысқа мерзімді факторлардың комбинациясымен байланысты. Яғни бұл динамика алыпсатарлық факторларға негізделгенін ескере отырып, Ұлттық банк халықтың шетел валютасын сатып алуына еш негіз жоқ деп есептейді", – деді басқарма төрағасы.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу