Дэвис кубогы. Бублик іріктеудің алғашқы ойынында жеңіске жетті

1833

Бүгін Ослода теннисшілеріміз жекелей сайыстар бойынша екі, ал жұптық сайыс бойынша бір кездесу өткізеді.

Дэвис кубогы. Бублик іріктеудің алғашқы ойынында жеңіске жетті

Ослода Норвегия мен Қазақстан құрамалары арасында Дэвис кубогының іріктеу кезеңінің ойыны өтті. Кортқа бірінші болып әлемнің 160-шы ракеткасы Михаил Кукушкин мен ATP рейтингінде 8-ші орында тұрған Каспер Рууд шықты.

Алғашқы сетте Каспер 6:1 есебуімен жеңіске жетті. Екінші кезең тартысты өтті. Михаилдің брейк жасайтын жақсы мүмкіндіктері болды. Бірақ норвегиялық теннисші жеңісті қолдан бермеді. Жетінші геймде Рууд қарсыласының ұпайын алып, жалпы есепте 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Ал Норвегия – Қазақстан арасындағы екінші матчта Александр Бублик пен Виктор Дурасович кортқа шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бублик Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы болса, қарсыласы дүниежүзілік рейтингте 321-орында тұр. Бірінші партияда бірден ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:0. Осы басымдылығын сақтай білді – 6:3. Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Бублик брейк жасай алды. Тағы бір брейк – 5:2. Сосын кездесуді эйспен бітірді – 6:2. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 11 эйс жасап, 3 брейкке қол жеткізді.

Айта кетейік, бірінші сеттің екінші геймінде Ослодағы теннис аренасында электр жарығы өшіп, төреші кездесуді 10 минутқа тоқтатуға мәжбүр болды. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Александр Бублик электр қуатының өшуі ойынның басында болғандықтан, оның көңіл-күйіне әсер етпегенін айтты.

"Егер бұл тай-брейкте орын алса, бәлкім бұл екеуміздің бірімізге зиян тигізер еді. Сондықтан біз жағдайды салқынқанды қабылдауға тырысуымыз керек. Виктор жақсы ойнады, кей сәттерде аздап қобалжыды. Мен жақсы ойнадым, солай болуы керек еді. Сондықтан матчтың барысы негізінен анық болды. Ал ертең не болатынын көре жатармыз", – деді Бублик.

Осылайша, Александр Қазақстан – Норвегия матчында таразы басын теңестірді. Есеп – 1:1. Қалған ойындар бүгін 5 наурыз күні өтеді. Үш жеңіске қол жеткізген құрама Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу