Осло қаласында 4-5 наурызда өтетін Дэвис кубогі іріктеу матчында кімдердің ойнайтыны белгілі болды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі деп хабарлады. Аталмыш матчта еліміздің намысын Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко қорғайды. Норвегия тарапынан Каспер Рууд, Виктор Дурасович, Лукас Хеллум Лилленген, Герман Хойерал және Симен Сунде Братхольм матчқа дайын.
Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағалау керектігін жеткізді.
"Норвегия теннисшілері рейтингте төмен тұрғанына қарамастан, құрамы осал емес. Екі күнге жоғары деңгейдегі бес ойын белгіленген. Сондықтан біз бәріне әзір болуымыз керек", – деді Ю. Щукин.
"Қазақстандықтардың тәжірибесі мол. Ал Норвегия құрамасында барлығы жастар, күш-жігері жеткілікті. Біз соны пайдаланғымыз келеді", – деді Норвегия құрамасының капитаны Андерс Хосет.
4 наурыздағы бірінші ойын күні Михаил Кукушкин мен Каспер Рууд арасындағы кездесумен басталады. Одан кейін Александр Бублик пен Виктор Дурасович кортқа шығады. Келесі күні, 5 наурызда үш ойын жоспарланған. Алдымен Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық кездесуде Каспер Рууд пен Виктор Дурасовичке қарсы шығады. Одан кейін Бублик Руудпен кездессе, Дурасович Кукушкинге қарсы ойнауы керек.
Регламентке сәйкес әрбір команданың капитаны екінші ойын күніндегі кез келген матчта ойыншыларды ауыстыруға құқылы. Алғашқы кездесу 4 наурыз Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 23:00 басталады.
Ермұхамед Мәулен