Диас Досқараев: Токиода теннистен медаль күтеміз

3277

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті, Қазақстан құрама командасының капитаны Диас Досқараев inbusines.kz сайтына сұхбат берді.

Диас Досқараев: Токиода теннистен медаль күтеміз

– Келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына Ярослава Шведова баратын болды. Галина Воскобоева екеуі жұптасып та өнер көрсетеді. Естеріңізде болса Ярослава осыған дейін 2 мәрте «Үлкен дулыға» додасының жұптасу бәсекесін жеңген. Сондықтан да, Токио төріндегі тартыста Галина мен Ярослава Қазақстан қоржынына медаль салуы мүмкін. Біз осылай жоспарлап отырмыз. Оның үстіне Қазақстан теннистен әзірге Олимпиада ойындарында медаль алып көрмеген. Ал жігіттер жағынан Токиоға Михаил Кукушкин мен Александр Бублик барады деп отырмыз.

Келер жылы «Ролланд Гаррос» додасы аяқталысымен, әлемдік рейтинг жаңарады. Олимпиадаға жолдама сол рейтинг бойынша беріледі. Сондықтан да біз осы екі теннисшімізден үміт күтеміз. Сонымен қатар, Зарина Диастың да алғашқы 60-тыққа кіріп, рейтинг арқылы төртжылдықтың басты додасына баруына жағдай жасаймыз.

– Диас мырза, жуырда елордада Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің кездесуі өтеді. Осы теннис шоуы туралы не айтасыз? Новак жарақат алып қалып, АҚШ ашық біріншілігінен шығып қалды ғой. Соған байланысты сербиялықты Нұр-Сұлтан қаласына келмейді деп жатыр.

– Бұл екі теннисшіні бүкіл әлем мойындаған. Келіп, осында өнер көрсетулерінің өзі ғаламат жоба. Себебі Рафа Надаль мен Новак Джоковичтің екеуінің әлемдегі жанкүйерлері бір миллиардтан асып жығылады. Екеуінің кездесуін жаһан тамашалайды. Демек, бұл біздің қаламызға, елімізге, қазақ теннисіне жасалып жатқан үлкен жарнама деген сөз. Оның үстіне жаңадан шығып келе жатқан қазақтың жас теннисшілеріне үлкен шабыт береді. Новак Джокович жарақат алып, ота жасауы керек болған. Бірақ, дәрігерлер ота жасамай-ақ емдеуге болатынын айтыпты. Серб теннисшісі жақсы ем қабылдап, кортқа қайта оралды.

Қазір, әлемнің ешбір баспасөзіне шықпаған ақпаратты айтайын. Новак Жапониядағы жарысқа қатысатын болды. Сосын Қытайдағы «Шанхай оупенге» қатысады. Сосын бізге, елордаға келеді. Кездеу билеттерінің 8 мыңға жуығы сатылып кетіпті деп естідім.

– Федерацияның вице-президенті ретінде ел теннисінде биыл болған оқиғаларды, жаңадан салынған корттар жайлы айтып өтсеңіз. Елордадағы «Жерұйық» саябағындағы теннис орталығының құрылысы қай деңгейде.

– Иә, биыл да қыруар шаруа атқарылды. Біздің мақсат – елімізде кез-келген тенниспен айналысқысы келетін жасөспірім еш қиналмай кортқа бара алатындай жағдай жасау. Осы күні ел астанасында 250 бала теннис үйірмесіне барғымыз келеді деп өтініш білдірген. Олар қазір кезекте тұр. Демек, «Жерұйық» саябағының ішіндегі теннис орталығын тездетіп іске қосуымыз қажет. Біз бұл аумақты бекерден бекер таңдаған жоқпыз. Қаламыздың бұл ауданында халық саны өте көп. Оның үстіне спорт алаңдары өте аз. Сондықтан да, саябақ ішінде біз 14 корт саламыз. Сосын, биыл мамыр айында Алматыда «Эйс» деп аталын корттың да ашылуы болды. Тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы келіп кесті.

Жалпы, федерацияның бір жылдық бюджеті 5,5 миллион АҚШ доллары. Әрине өзге федерациялармен салыстырып ештеңе демей-ақ қояйын, дегенмен бұл ақшаның әрбір тиыны жететін жеріне жетіп, тиімді жұмсалып жатыр.

– Диас мырза, өзіңіз капитан болып отырған Қазақстан ерлер құрамасы қараша айында «Дэвис кубогіне» қатысады. Биылғы жарыс бұрынғылардан өзгерек болатын секілді ғой.

– Иә, рас айтасыз. Бұл жарыс жаңа әдіспен өтеді. 18 команда топтарға бөлініп, 1 аптаның ішінде чемпионды анықтайды. Бұл кәдімгі футболдағы Әлем чемпионаты секілді өтеді. Қысқа мерзімнің ішінде кімнің бағы жанады, кімнің бабы келісті болады сол команда чемпион атанады. Негізі бұл жобаның жетекшісі танымал футболшы – Жерар Пике. 19-қараша күні жарыс басталып, біз топтағы алғашқы қарсыласымыз Нидерланды құрамасымен ойнаймыз. Кездесудің барлығы бір күнде өтеді. Яғни, таңертең бастап, кешке дейін бітіруіміз керек. Сосын, мұнда бұрынғыдай қарама-қайшы кездесулер болмайды. Мысалы, Қазақстанның бірінші ракеткасы Кукушкин болса, ол Нидерландының бірінші ракеткасымен кездеспек, ал екінші ракеткамыз қарсыластың екінші ракеткасымен ойнайды. Сосын, жұптасу кездесуі.

Айтпақшы, осы ортада айта кетейін, біздің құрамаға Андрей Голубев қайта оралды. Жарақатынан айығып келіп, қайтадан өз бабына келді. Демек, жұптасу бәсекесінде ол Александр Недовесовпен бірге өнер көрсетеді. Бұл екі жұп кезінде Швейцария құрамасындағы Федерер мен Вавринка секілділерді де жеңді ғой. Демек, бұл тұрғыда біз күшейіп алдық деп айта аламыз.

Нидерландымен кездескен соң біз Ұлыбритания құрамасымен қарсылас боламыз. Бұл командада атақты Энди Маррей бар екенін білеміз. Бірақ, оның әзірге бұл жарысқа қатысу, қатыспауы белгісіз. Біз өз тобымызда бірінші орын алуға тырысамыз. Дегенмен екінші орын алып та келесі кезеңге шығуға болады. Мұндағы жүйе тағы да сол футболдағыдай. Екінші орын алған құрамалар ішінен үздік нәтиже көрсеткен команда ғана плэй-оффқа шығады. Яғни, сеттер саны, геймдер айырмашылығы барлығы есепке алынады. Демек, біз үшін әрбір ұпай маңызды болады деген сөз.

Біздің топта негізі аса қатты мықты құрамалар жоқ дей аламын. Себебі, қазір барлығы да Испания, Сербия, Ресей құрамасы бар топты «ажал тобы» деп атап кетті. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалып, Мадридке 10 қараша күні аттанамыз. Оншақты күн жергілікті табиғатқа, уақыт белдеуіне үйренісіп, алғашқы кездесуді жеңуге тырысамыз.

 Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу