Дидье Дешам: "Қазақстан құрамасында жас ойыншылар көп, сондықтан команданың болашағы жарқын деп ойлаймын"

1372

Франция ұлттық құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Қазақстанмен болған матч (2:0) туралы пікір білдірді.

Дидье Дешам: "Қазақстан құрамасында жас ойыншылар көп, сондықтан команданың болашағы жарқын деп ойлаймын"

- Украинамен болған матчты ескерсек, бүгінгі кездесу сіз үшін қалай өтті?

- Украина құрамасымен болған матчты үлкен апат деп санауға болмайды. Бүгінгі матчқа келетін болсақ, екінші таймдағы ойынымыз маған ұнамады. Біз бұдан да жақсы ойнай алар едік. Бірақ осы ойынға шыққан құрам өзін-өзі ақтады.

- Сіз бүгінгі матчта гол соққан Дембеле мен нәтижелі пас берген Марсьяльдің ойынына қандай баға берер едіңіз?

- Иә, екеуі де жақсы өнер көрсетті. Усман бүгін жасаған жұмысының нәтижесін көрді. Голдың соғылуына Марсьяль да өз үлесін қосты. Сондықтан мен шығарған ойыншылардан әрдайым жақсы ойын күтемін. Мен ойыншыларымның не істей алатындығын білемін. Украинамен болған ойыннан кейін мен бүгінгі кездесуде ойыншылардан ерекше реакция күттім. Олар оны көрсетті.

- Ойыннан кейін өзіңізді қалай сезінесіз? Барлығы сізден көп нәрсе күтеді. Бұл әлем чемпиондары деген мәртебеге тікелей байланысты деп ойлайсыз ба?

- Біздің әр ойындағы мақсатымыз - жеңіске жету, және біз осы мақсатымызға әрқашан жетуге тырысамыз. Егер сіз бізді жамандағыңыз келсе, онда біздің ойынымызды ірі турнирлердегі нәтижелерге сәйкес бағалаңыз. Біздің жетістіктеріміз осыған байланысты деп ойлаймын.

- Сараево қаласында Босниямен болатын ойынға қандай жоспарларыңыз бар?

- Біз демаламыз, демаламыз және тағы да демаламыз. Сараевода біз өзіміздің уақыт белдеуімізге сай ойнаймыз. Бұл біз үшін пайдалы болмақ. Бұл матчқа дейін қалыпқа келуіміз керек.

- Сіздің командаңыз өте мұқият ойнады деп ойламайсыз ба? Сіз осы есепке риза болып, көп күш жұмсамау туралы шешім қабылдадыңыз ба?

- Ойынның нәтижесі мен ойыншыларға көңілім толды. Сонымен бірге мен Қазақстан құрамасына табандылығы үшін және осы матчта барын салғаны үшін алғыс білдіргім келеді. Тағы 2-3 гол соғуға болар еді. Бірақ, Қазақстан құрамасының тәжірибелі қақпашысы бұған жол берген жоқ, ол көптеген қауіпті соққылардың бетін қайтарды. Біз көптеген мүмкіндіктер жасадық, жалпы мен команданың ойынына ризамын.

- Сіздің ойыңызша, бүгінгі жеңіс алғашқы ойындағы жеңілістен кейін сіздің командаңызды тыныштандырды ма?

- Олай айтуға болмайды. Өткен матчтардың нәтижесін өзгерту мүмкін емес. Сіз әрдайым соңғы нәтижені қабылдап, келесі ойындар туралы ойлана отырып, алға ұмтылуыңыз керек.

- Бүгін сіз 4 қорғаушы схемасын қолдандыңыз. Бірақ көпшілік сіздің кешегі жаттығуларыңызға сүйене отырып, бүгінгі ойынға басқа жүйемен шығады деп күткен еді...

- Кеше ойын алдындағы жаттығуда біз 12 адамнан екі командаға бөлініп, матч өткіздік, оның мақсаты шабуылшыларымыздың жақсы қорғанысқа қарсы ойнау қабілетін арттыру болды. Біздің шабуылшыларда бос кеңістіктің аз болатынын білдік, сондықтан оларды жаттығуда дайындадық. Егер сіз бізді жаттығудағы үлгі бойынша ойнайды деп ойлаған болсаңыз, онда бұл сіздің мәселеңіз.

- Қазақстан құрамасының қай ойыншысын бөліп айта аласыз?

- Мен біреуді бөліп айтқанды ұнатпаймын, бірақ маған қақпашыңыздың ойыны ұнады. Ол Мбаппенің пенальтиден жасаған соққысын қайтарды. Мен мұны сіздің бас бапкеріңізге де айтып, Украинамен болатын ойында сәттілік тіледім. Қазақстан құрамасында көптеген жас ойыншылар бар, сол себепті оларда бәрі алда деп ойлаймын. Сіздің командаңызды жарқын болашақ күтіп тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу