Диқандар астықты Еуропаға интернет арқылы сата алады

Германиялық Mundus Agri Қазақстан нарығына кірді. 

Диқандар астықты Еуропаға интернет арқылы сата алады

Қазақстандық шаруалар өз өнімін әлем нарығына интернет арқылы шығаруға мүмкіндік алады. Ондай мүмкіндікті германиялық Mundus Agri бірегей ақпараттық сауда платформасы беріп отыр. Бұл платформаның аты германиялық болғанымен, заты – халықаралық. Платформаны қазір 70 мыңнан астам қолданушы пайдаланып отыр. Соның 80%-ы – еуропалық сатып алушылар.

Ақпараттық жүйенің құрылтайшысы болып саналатын Dedere Deutshland CmbH компаниясының директоры Михаэль Гютлих аталмыш порталдың мүмкіндіктерін елордада өткен "Электронды сауданы дамытудың келешегі" атты конференцияда таныстырды. Греманияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер бүгінгі басқосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың желтоқсан айында Берлинге жасаған ресми сапарының нәтижесі екенін атады.

Бұл делегация сапарынан Қазақстанға қандай пайда әкелетінін Dedere Deutshland компаниясының ТМД елдері бойынша кеңесшісі Серікбай Жұмабаев айтып берді.

"Dedere Deutshland компаниясы Қазақстан нарығында алғашқы қадамдарын жасауға ниетті. Келісім бойынша бірлескен кәсіпорын құрылуы керек. Әзірге Қазақстан тарабынан серіктес іздеп жатырмыз. Ол кәсіпорын астық өңдеумен айналысады деген жоспарымыз бар. Компанияның Қазақстандағы өкілдіктері де ашылады.  Ал Mundus Agri платформасына 7000 абонент тіркелген, 70 мыңнан астам қолданушысы бар", – дейді компания өкілі.

Сауда порталында әлемдегі аграрлық елдердің тізім деректері, қандай өнімді қанша көлемде қай мезгілде ұсына алатыны нақты көрсетіледі. Осы ақпаратты пайдаланып, өнім сатып алушылар шаруамен тікелей байланысқа шыға алады.

"Порталға тіркелу өндірушілер үшін тегін. Әрине, арнайы жарнама беру сияқты коммерциялық қызмет түрлері де бар. Ең бастысы, ауылдағы қарапайым шаруа қожалығының иесі портал арқылы өзі шығаратын өнім туралы ақпаратты әлем назарына тегін паш ете алады. Ол үшін смартфоны болса жетіп жатыр. Платформаның басты мақсаты – сатушы мен сатып алушының басын тікелей тоғыстыру. Яғни арада делдал болмайды деген сөз. Ұсынатын өнімнің суретімен қоса сипаттамасы беріледі. Ол ақпаратты қазақ немесе орыс тілінде жазып жүктесе, автоматты түрде халықаралық тілдерге аударылады", – дейді Серікбай Жұмабаев.

Қазақстан Dedere Deutshland компаниясына азық-түлік импортын азайтуға көмектеседі деген үміт артып отыр. Делегация осы сапар аясында Сауда және интеграция министрлігінің көмегімен қазақстандық шикізат өндірушілермен келіссөз жүргізбек. Сол келіссөздер нәтижесінде дәнді және майлы дақыл өнімдерін бірлескен кәсіпорындар базасында өңдеп, экспортқа дайын өнім ретінде шығаруы керек.

"Қазір Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерді көбіне шикізат түрінде экспорттап өтір. Dedere Deutshland компаниясы шикізатты сыртқа шығармай-ақ, Қазақстан аумағында дайын өнім ретінде өңдеуге атсалыспақ. Ол үшін жергілікті өнім шығарушылармен келісімдер жасалады. Осы арқылы елдегі азық-түлік импортының үлесін азайту туралы екіжақты келісім тұжырымдамасы бар", – дейді Серікбай Жұмабаев.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу