Ділдәш Күрішбаева самбодан чемпион атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4921

Сүйінші! ХVІІІ жазғы Азия ойындарында тағы бір қазақ қызы саф алтынға қол жеткізді.

Ділдәш Күрішбаева самбодан чемпион атанды

Самбодан әйелдер арасындағы 68 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ділдәш Қүрішбаева ел қоржынына 14-ші алтынды салды. Ол қырғыз, жапон және моңғол қыздарын ұтып финалға шықты. Финалда өзбек қызы Нилуфар Давлетованы жеңді (4:0). Сөйтіп, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Дәл осы салмақта белдескен екінші қызымыз Динара Құдарова 5-орынды қанағат тұтты. Ол моңғол және қырғыз қыздарын ұтқанымен, жартылай финалда жоғарыда аталған өзбек самбошысы Давлатоваға есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде Ділдаштан ұтылған жапон қызынан да айласын асыра алмады.

Ал ерлер арасындағы 90 келі салмақ дәрежесінде белескен екі самбошымыз қола жүлдене өзара сарапқа салуға мәжбүр болды. Әлібек Зекенов те, Айбол Айтбек те финалға шыға алмады. Әлібек екінші белдесуінде, ал Айбол жартылай финалда ұтылды. Екеуі де Тәжікстан балуандарына есе жіберіп алды. Өзара белдесуде Зекенов басым түсті – 2:0.

Дзюдодан аралас командалық сында Қазақстан құрамасы финалға шығып, бір қуантты. Олар ширек финалда Үндістан дзюдошыларын 4:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Өзбекстан құрамасымен кездесіп, аса тартысты өткен кездесуде 4:3 есебімен басым түсті. Өкінішке қарай, финалда Жапонияның қыз-жігіттеріне қайрат көрсете алмады – 0:4.

Аралас командалық сында еліміздің намысы Жансай Смағұлов (73 келі), Ислам Бозбаев (90 келі), Ерасыл Қажыбаев (+90 келі), Севара Нишанбаева (57 келі), Зере Бектасқызы (70 келі) және Гүлжан Иссанова (+70 келі) сынды қыз-жігіттеріміз қорғады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу