"Астана Моторс" ҚМК құрамына кіретін Hyundai Auto Kazakhstan ресми марка дистрибьюторы Hyundai City Store – Қазақстандағы алғашқы цифрлық дилерлік орталығын ашты. Ол сатып алушыға дилерлік орталыққа бармай-ақ автокөлік алуға мүмкіндік береді.
"Бұл – компания үшін үлкен жауапкершілік, клиенттерімізге қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын ұсынғымыз келеді. Бұл өте табысты City Store болады деп үміттенеміз, адамдар сауда жасауға келіп, алған тауарын көлікке салып, біздің орталықтан жаңа автокөлікпен шықанынан ләззат алатын болады. Бұл ғажап емес пе?", – деп "Астана Моторс" ҚМК президенті Нұрлан Смағұлов өз пікірін білдірді.
171 шаршы метр аумақты алып жатқан шоурумның ашылуына 300 мың доллар инвестиция салынғанын айтады компаниядағылар. Hyundai City Store бес негізгі бөлімнен тұрады: медиааймақ және рецепция, тач-панель аймағы, құрамдас бөліктер аймағы және менеджерлер кеңес беретін аймақ.
Hyundai цифрлық шоурумының басты идеясы мынада – сауда орталығына келген болашақ клиент тач-панельдің көмегімен ойындағы автокөліктің үлгісін жинақтай алады: қажетті опцияларды, түсін және басқа да көрсеткіштерді таңдайды, сондай-ақ дилерлік орталыққа бармай-ақ тест-драйвқа жазылуына болады. Ол үшін компания арнайы бағдарламалық жабдықтама әзірлеп шығарды, оның көмегімен автокөлікке тапсырыс беруге тіпті сатып алуға да болады. Сондай-ақ клиент автодилер менеджерінен және несие алу үшін банк өкілінен кеңесе алады, олар автосалонда да, цифрлық шоурумда да жұмыс істейді.
Қазақстан – аталмыш сауда орталығын ашқан жетінші ел. Hyundai City Store Англия, Испания, Ресей, Сауд Арабиясы және Коста-Рикада бар. Айта кету керек, осыған ұқсас жобаны Audi маркасы да жасаған болатын, бірақ оның сауда орталығында автокөлік жоқ. Ал Hyundai шоурумында үнемі бірнеше автокөлік тұрады, клиенттің жаңа автокөлікпен сауда орталығынан шығып жүруге мүмкіндігі бар.
"Біздің Қазақстандағы қызметіміз табысты жүзеге асып келеді. Hyundai маркасы –әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан автокөлік брендтерінің бірі және Қазақстанда City Store секілді жобамыздың дамып келе жатқанына қуаныштымын. Клиент сауда орталығын аралап жүріп ұнаған автокөлігін алып кете алады, бұл инновациялардың дамығаны және клиентке қарай бейімделудің нәтижесі", – деді Hyundai Motor Company-дің Шығыс Еуропа елдеріндегі аймақтық директор Саймон Чонг.
Автокөлік өндірушілердің басым бөлігі клиенттеріне ойындағыдай жабдықталған автокөлікті сайтта құрастыруға мүмкіндік береді және оның нақты құнын есептеп шығарады, алайда тапсырысты рәсімдеп, алдын-ала төлем жүргізу үшін клиент бәрібір автосалонға келуге тиіс. Ал Hyundai маркасының өкілдері бұл қызмет интернетте сауда жасауға үйренген клиенттерге арналғанын айтады.
Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян