Димаш Құдайбергенді тік тұрып, көк байрақпен қарсы алды

Жанар Сердалина Жанар Сердалина
11444

Жас әншіге арналған кешке көрермендер жарты сағат бұрын жиналды.

Димаш Құдайбергенді тік тұрып, көк байрақпен қарсы алды

Бұған себеп "Қазақстан" орталық концерт залына кіру тегін болғандықтан ғана емес, Бейжіңнен Астанаға ұшып келген Димаш Құдайбергенді ұлықтау кешінің өтуі болды. Қытайдың I Am a Singer байқауында төрткүл әлемге  тараған даңқы Қазақстанға әншінің өзінен бұрын жетті. Кешке келген әр көрермен таңғажайып өнер иесін өз көзімен көріп, дауысын тыңдап және естелікке селфи жасағысы келді.

Димаштың кеші белгіленген уақыттан шамамен жарты сағатқа кешігіп басталды, алайда бұған ешкім наразы болған жоқ. Димаш оқитын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері "Қазақстан" ОКЗ фойесінде жер жаһанға әйгілі әншінің есімі құралатындай әріп жасап, оны сабырлықпен күтті. Концерт залының кіре берісінде адамдар қызыл кілемді жағалай тұрып дәліз жасады. Димаш кешіккен сайын  оны көруге асыққан жанкүйерлер саны арта берді. Ал концерт залының алдына қара "мерс" келіп тоқтап, одан Димаш шыққанда жиналған қауымның дауысынан құлақ тынды.

Салтанат иесінің үстінде смокинг пен қателеспесек, жалаң аяққа киілген бәтеңке болды. Димаш жүріп келе жатып автограф беріп те, селфиге түсіп те, жас бүлдіршіндерді құшағына алып та үлгеріп жатты. Жұрттың тегеурінін әзер ұстап тұрған полицейлердің болғаны дұрыс болды, әйтпесе Димаш үшін құтқарушылар шақыруға мәжбүр болар едік.

Әншінің курстастары да оны зор қошеметпен қарсы алды. Димаш достарының қасында бөгеліп қалды, біреумен төс қағыстырса, біреудің қолын алды, содан кейін өзіне арналған бөлмеге кіріп кетті. Ал сол кезде көрермендер залына кіре берісте кәдімгі шайқас орын алды. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдеріне рақмет, солардың арқасында кешіккен көрермендер мен журналистер әйтеуір залға кірді.

Димашты залда зор қошеметпен ғана емес, көлденең ұстаған Қазақстан туымен де қарсы алды. Жастар "Димаш, Димаш!" деп ұрандаумен болды, тіпті, егде жастағы көрермендердің өзі ұялы телефондарына фото, видео түсіріп жатты.

Кештің ресми бөлімі мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөз сөйлеуімен басталды. Министр Димаштың атына айтылған құттықтау сөздерінен кейін сахнаға оның атасы мен әжесін шақырды. Өздеріңіз білесіздер, Димаш кішкентай кезінен бастап атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. Министр Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев пен әжесі Миуа Низамудиноваға алғыс  білдіріп, қазақтың салтымен иықтарына шапан жапты. Сонымен бірге оның ата-анасының атына да алғыс білдірілді. Ал әкесі, анасы, баласы – үшеуі қосылып ән шырқағанда, көрермендердің қошеметінде шек болмады. 

Димаш білім алып жатқан университеттің ректоры Айман Мұсаходжаева да сыйлығын тарту етіп, Димашты тек униерситеттің ғана емес, барша қазақ жұртының мақтанышы екенін айтты.

Димаш сахнада бірнеше ән шырқады. Ән салған кезде сахнада оның отбасы туралы деректі хроника және I Am a Singer байқауы кезінде сахна сыртында болған оқиғалар көрсетілді. Димаш өзіне қолдау мен ілтипат білдірген отбасы мен достарына, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын білдірді.

Сахнада ән шырқаған Димаш жоғары ноталарды алған кезде залдағы көрермендер қытай халқынан кем қолдау көрсеткен жоқ. Ал Димаш қолына домбыра алып күй тартқанда, көрермен одан бетер қуанышқа бөленді. Кеш соңында Димаш: "Махаббат бер маған" - "Дай мне любовь", – деп өзінің жаңа әнін орындады. Көрермендер бұл әнді де ыстық ықыласпен қабылдады.

Аbctv.kz-ке белгілі болғандай, Димашты алдағы уақытта көптеген жоба күтіп тұр. Біріншіден, әнші университеттегі сессиясын тапсырады. Содан кейін Канн кинофестиваліне қонақ болып барады. Онда ол Қазақстан павильонында ән салады. Бұған қоса елімізде әншінің жеке концерті өтеді.

Жанар Сердалина,  Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу