"Димаш Құдайбергеннің Қытай сахнасына киіп шыққан ақ костюмімен мақтанамын"

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
27261

Қазақстандық дизайнер Қайролла Әбішев сахна өкілдерінен бастап, балғын өнер ұжымдарын да талғаммен киіндіріп жүр.

"Димаш Құдайбергеннің Қытай сахнасына киіп шыққан ақ костюмімен мақтанамын"

2019 жылдың сән әлемі сәнқой жандарға қандай киім үлгілерін, қандай түстерді ұсынады дейтін болсақ, бұл сұрақтың жауабымен Zeken Moda брендінің негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, "Киім дизайнының профессоры" атағының игері Қайролла Әбішевтің биылғы Жастар жылын есепке ала отырып жасаған арнайы коллекциясы арқылы таныса аламыз.

Атақты дизайнер коллекциясында ұлттық киім үлгілерінен бастап қазіргі уақыт талабына үн қосатын сән үлгілері бар. Тіпті, оның өнерінің асқақтығын сұңғыла бойлы, әлемді әсем үнімен таңдай қақтырған сұлу жігітіміз Димаш Құдайбергеннің сахналық образдарына арнап тіккен бірегей киім үлгілерінен де көруге болады. Дизайнердің әр минуты алтыннан қымбат. Ол танымал тұлғаларға ғана емес, балалар және жасөспірімдердің түрлі фестивальдарына костюмдер тігумен қатар жас дизайнерлерге қолдау көрсетіп, шығармашылық тұрғыдан өсіп-өнуіне қолдау көрсетуде. Мәселен, ол Рудный қаласындағы №1-ші жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған, ерекше білім беруді қажет ететін арнайы мектеп-лицей тәрбиеленушісі Тимур Рушевті өз қамқорлығына алған. Қазақстандық дизайнер сән әлеміне қалай келді, оны жаңа туындыларды "дүниеге" әкелуге не шабыттандырады, тағысын тағы мәселелер туралы біздің сұхбатымыздан біле аласыздар.

– Өскенде кім болатыны туралы түйсік адамның бойында бала кезден қалыптасады дейді кейбір психологтар. Бұл сөз сізге қаншалықты жақын? Дизайнерлік, яғни киім дизайнын жасау ұшқынын өзіңізден қай кезден бастап байқадыңыз?
– Бұл сөздің жаны бар сияқты. Мен өзімді қолымда қайшым бар болып туылғандай сезінемін. Әйтпесе, бала кезімнен киім тігіп, әдемі образдар жасауға талпынғанымды қалай түсіндірмекпін. Арнайы білімім жоқ болса да, қалай киім пішіп, тігу керектігін іштей біліп тұратынмын. Ал алғашқы тіккен киімдерім ол қарындасымның қуыршақтарына арналған еді. Оларды үйдің шатырына шығып алып, тығылып тігетінмін. Қарындасым сырқат болғандықтан қолын қозғай алмайтын, сондықтан өзге қыздар сияқты қуыршағына киім тігіп бере алмайтынына қапаланушы еді. Мен оған қуаныш сыйлайын деп осылайша қолыма қайшы мен ине-жіп алып, ескі-құсқы заттардан әдемі киім тігіп беруші едім. Кейін қарындасымның қуыршағы ең сәнді әрі әдемі болып шығып, құрбылары одан: "Мұндай әдемі дүниені кім жасады" деп сұрайтын. Бұл менің киім үлгілерін жасаудағы алғашқы қадамым еді.
– Дизайнер – шығармашылық адамы. Суретші, ақын немесе композитор сияқты дизайнерге де жаңа топтамалар жасау үшін әлбетте, шабыт керек. Құпия болмаса, сізге шабыт беретін не?
– Сіз білесіз бе, әр дауыстың өз түсі бар. Мысалға, бір топтаманы жасауға мені Әміре Қашаубаевтың даусы шабыттандырды. Мен оның даусының сұлулығынан, сөзбен айтып жеткізе алмас сезімге бөлендім. Оның даусынан қызыл, қызғылт сары сияқты ашық түстерді көрдім. Сол сәтте-ақ, "Әміре" топтамасын жасауға кірістім және оны жаңағы түстерден жасадым. Бұл топтаманы Парижде қуана қабылдады. Негізі, мен бір адаммен, яғни тапсырыс берушімен жұмысты бастар алдында мен ол кісімен әңгімелесемін, оның әдет-дағдыларын білемін, содан соң барып образын жасаймын. Егер ол әртіс болса, оның сахнадағы жүріс-тұрыс әдебін білуге тырысамын, кейде залда отырып, өзімді көрермен орнына қоямын, мәселен, ол не көргісі келер еді дегендей. Әр костюмнің қонымды әрі әдемі болып шығуына жанымды саламын. Сөзіме негіз ретінде, Димаш Құдайбергеннің Қытайдың сахнасына киіп шыққан әдемі ақ костюмін, Лондондағы киім үлгілерін келтірер едім. Олардың бәрі де көпшілік көңілінен шыққаны анық. Осылайша, менің жаным төл "дүниелеріммен" бірге Қытайда да, Лондонда да, АҚШ-та да болып қайтты. Қазақ сән әлемінде өзіндік ою өрнегімен ерекшеленген халық. Ұлттық ою-өрнектер де маған шабыт көзі болып табылады. Оларды киімге сән беретін жай ғана дүние деп қабылдамау керек, оны оқи, тани білу керек. Мені қазіргі жастардың ұстанымы да шабыттандырады. Қазір ішу, шегу сән емес, спорттық дене келбетінде болу сән. Оның үстіне биылғы жыл – Жастар жылы. Сондықтан осы жылға сәйкес топтаманы дайындауға көңілім ауып отыр. Бұл киім үлгісі екі ұғымды, қолайлылық пен стильді  біріктіреді. Мұндай стиль спорттық сәнділік деп аталады және ол танымалдық шегінде.
– 2019 жылдың сән әлемі несімен ерекшеленбек? Қандай түстер, қандай киім үлгілері трендте болмақ?
– Сән әлеміне қызығушылық жойылмайды. Өйткені, әр адам мүмкіндігінше әдемі болып көрінуге тырысады. Ал ол үшін сән әлемінен хабарың болуға тиіс. Осы ретте, биылғы жыл бізге өзімізді тұлға ретінде көрсетуге және ерік беретін шеңберден асып шығуымызға зор әлеует береді. Бұрындары қолайсыз көрінген дүниелер, бүгінде маусым тренді болмақ. 2019 жылы сәнге қалыптан тыс үлкен формалар кіреді, яғни өте ірі фонарик-жең, "бөшке" үлгісіндегі көлемді көйлектер, сәнді фатин белдемшелер, футуристік кроссовкалар. Яғни, ашық, жекеше, батылдырақ болу құпталады, имиджіңе де өзгеріс енгізе аласың. Мысалы, алтын түстес "үрленген" жилеткені кешкі көйлек үстіне кие салсаң немесе ауыр күрте-парканы шифоннан тігілген шаламөлдір көйлек үстіне кие сал. Яғни диско стилі оралуда.  Сән әлемінде қалуға жеңіл сарафандар, сондай-ақ, күміс түстес атлас күрте-бомберлер де көмектеседі. Спорттық стильдегі киімдер де сән әлемінің бір бөлшегі болмақ. Неопрен ендірмелі гүлді көйлектер де, спорттық компаниялардың логотиптері мен дәстүрлі ашық жолақ киімдер 2019 жылдың хиты болып табылады. Спорт-шик стиліндегі осындай топтаманы Стамбулда жұртшылық назарына ұсындым және ол көпшілік көкейінен шықты. Шалбарлы костюмдерге де сұраныс артып келеді. Тұтастай алғанда, 2019 жылдың сән трендтері, ол әуелі әртүрлілік. Әрбір топтама, әрбір жеке киім, оны киетін адамның мінез-құлығын, жеке басын айқындауға негізделген. Трендте ассиметрия да бар. Ал түске келер болсақ, биылғы жыл сәніне барлық түстер еніп отыр. Олар көйлектер мен костюмдерде құбылмалы жолақтар, сия тамшысы, дақ, түрлі-түсті таңба ретінде болмақ. Биылғы көктемде біз шілтер ендірмелі түрлітүсті матадан тігілген әдемі блейзерлерді көретін боламыз. Іскерлік стильдегі сән әлемі ұсақ түрлі түсті жолақтары бар ұзын көйлек-жейделермен толыға түспек. Меніңше, ең бастысы барлық жерде адам өз-өзімен, өзіндік стилін сақтап қалғаны дұрыс.
– Қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан адамдардың көзқарасы ерекше,  талғамы биік. Кәсіби маман ретінде, еңбек жолын енді бастап жатқан дизайнерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Алдымен, жастарға арнайы білім алуға кеңес берер едім. Олай дейтінім, маған өздігімнен түсініп, бәрін өз тәжірибемнен өткізу қиынға соқты. Сондықтан, дизайнер болудың қыр-сырын білім арқылы бойыңа сіңірсең, жұмысың жемісті әрі тез алға басары сөзсіз. Екіншіден, тынымсыз ізденіс пен еңбек қана саған биік шыңдарды бағындыруға көмектесері сөзсіз. Сондықтан жастарға сәттілік серік болып, ерінбей еңбек етіңдер, білім көкжиегін кеңейтіңдер деп ағалық, кәсіби маман ретінде кеңес беремін.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Менің басты арманым әрі алға қойған мақсатым - Қазақстан дизайнын бүкіл әлемге паш ету. Осы бағытта тынымсыз еңбек етудемін. Еуропалық бағыт пен ұлттық калоритті әрмен қарай байланыстыра бермекпін. Адам егер бірдеңені жан-тәнімен қалап, еңбектенсе, армандардың орындалары сөзсіз. 90-шы жылдардың басында қиын болатын, сол уақытта мен тігін машинасын құшақтап, сол кездегі Целиноградқа келіп едім. Бәрін нөлден бастадым. Көп еңбектің арқасында бүгінгі дәрежеме жетіп отырмын. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмай, жаңа идеяларымды сән әлемінде іске асыра бермекпін. Маған бұл күнде тәулігіне 24 сағат та аздық етеді, ұйқыға уақытымды қимаймын, өйткені, жұмыс та, тапсырыс та өте көп.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу