Димитар Димитров: Мен бұған сене алар емеспін

1720

"Ертістің" бұрынғы бапкері болгариялық маман Димитар Димитров павлодарлық клубтың Қазақстан чемпионатынан шығарылуы жайлы жаңалыққа өз пікірін білдірді.

Димитар Димитров: Мен бұған сене алар емеспін

Естеріңізге сала кетсек, Димитров "Ертістің" бұрынғы бапкері. Ол 2015/2017 және 2018-/2019 жылдары команданы жаттықтырған. Сонымен қатар оның жетекшілігімен 2016 жылы павлодарлық клуб Қазақстан премьер—лигасының қола жүлдегері атанған.

- Масқара! Мұндай жаңалық туралы басқа не айтуға болады?! Бұл Павлодар және бүкіл қазақ футболы үшін ұят нәрсе. "Ертіс" - мыңдаған жанкүйерлері, қолдаушылары бар атақты команда. Мен бұған сене алар емеспін. Клубта өз мүдделерін бәрінен жоғары қоятын және команда туралы ойламайтын адамдардың болғанының нәтижесі осындай жағдаймен аяқталды.

– Клубтың осындай жағдайға дейін жеткеніне кім кінәлі деп ойлайсыз?

- Клубтың менеджменті, бұрынғы облыс әкімі – барлығы кінәлі. Маған қарыз ақшаны есептемегенде, (бұған дейін ФИФА "Ертіске" Димитровтың бапкерлік штабына жалпы соммасы 1,2 млн еуро төлеуді міндеттеген болатын) соңғы екі жылда қаншама қарыз ақша жиналғанын қараңызшы. Менеджменті өте нашар, құрдымға кеткен деуге болады. Мұндай схемамен жұмыс жасағым келмегендіктен мені жұмыстан шығарды. Мен бұл туралы бірден айтқан болатынмын.

Клубтың таратылуының басты себебі жылдық бюджеттің көп бөлігін қамтамасыз етіп жүрген бас демеуші ERG компаниясының "Ертіс" командасына демеушілік жасаудан бас тартқаны дейді. Бұл туралы пікіріңіз?

- Бұл мәселе емес. "Ертісте" үнемі қаржы жағынан қиындықтар болатын. Біз қатарынан 5-6 ай бойы жалақы алмаған кездеріміз де болған. Мұның барлығы менеджменттің нашарлығынан және клуб басшыларының өз мүддесін ғана ойлағандығын көрсетеді.

- Былтыр сізді өз командағыздың жаттығуына кіргізбей, содан соң режим бұзды деген сылтаумен жұмыстан шығарғаны "Ертістің" жағдайының қиындай бастағанының белгісі деп ойламайсыз ба?
-
Бұл жағдай туралы есіме де алғым келмейді. Өте жаман әрекетке барды. Мен ойыншылардың не айтқанын, әуежайға біздің соңымыздан қандай тілшілердің келгенін де білемін. Ақымақ емеспін. Басшылық көмектеспей, тек кедергі келтірсе басқа не істеуге болады?! Қандай жағдай болмасын адам сияқты сөйлесуге болады. Бірақ олар лайықты әрекет ете алмады.
- Осы оқиғандан кейін Сіз Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовпен кездестіңіз бе?
- Мен ол адамның тіпті атын да естігім келмейді. Егер оның стадионда маған және менің көмекшілеріме айтқан сөздерін айтар болсам... Оның қаншалықты адамды қорлайтын сөздер екенін білмейсіз!
- Қазіргі таңда коронавирус пандемиясынан туындаған экономикалық дағдарыс жағдайында футолға қомақты қаржы салу мүлде тиімсіз. Сондықтан қаржыны басқа қажеттіліктерге бағыттаған дұрыс деген ұстаным пайда болды. Бұған қалай қарайсыз?

- Футбол – бұл әлеуметтік жоба. Команда 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс жасады. Жанкүйерлер де жақсы көрді. Бұл Павлодардың мақтанышы әрі имиджі. Мұндай клубты неліктен сақтап қала алмады? Неліктен тек Павлодардағы футбол клубы ғана жабылды? Бүкіл әлемде қаржылық қиындықтар туындады. Бірақ барлық клубтар жалақыны азайтып, үнемдеп, дағдарысқа төтеп берудің амалын іздеуде. Мұның барлығы қалыпты жағдай. Дегенмен ешкім клубты толықтай жауып жатқан жоқ. Бұл тек Павлодар үшін емес, бүкіл Қазақстан футболы үшін ұят!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу