Дина Жоламанға жеңіс қайтарылды

1535

Тарихи нәтиже – әйелдер арасында бірден тоғыз қазақстандық боксшы финалға жолдама алды.

Дина Жоламанға жеңіс қайтарылды

Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық Дина Жоламанның қатысуымен өткен жекпе-жектің нәтижесі қайта қаралды.

Бір күн бұрын Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта өткен жартылай финалдық кездесуде үндістандық Сакшимен кездесіп, турнирден қол үзіп, 2: 3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Алайда, содан кейін жекпе-жектің нәтижесі қайта қаралып, жеңіс Жоламанға берілді. Ол енді "алтын" жүлде үшін сынға түседі.

"Дина Жоламан финалда! Төрешілер нәтижені қайта қарап, әділ шешім қабылдады!" - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы өзінің Instagram парақшасында.

Сонымен, Дубайда өтіп жатқан Азия чемпионатындағы әйелдер арасындағы жартылай финалдық жекпе-жектер аяқталды. Тоғыз қазақстандық боксшы қыздар турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды. Олардың сегізі жекпе-жектерде жеңіске жетті. Жеңімпаздар Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Владислава Кухта, Римма Волосенко, Милана Сафронова, Фариза Шолтай және Ләззат Күнгейбаевалар.

Өкінішке орай, Марина Вольнова қарсыласына жол беріп, турнирден шығып қалды. Ал Валентина Хальзоваға келер болсақ, ол Азия чемпионатын бірден финалдан бастайды. Осылайша, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет құрлықтық біріншіліктің алтын медальдары үшін тоғыз спортшыдан тұратын құраммен күресетін болады.

Ал ерлер арасында Ұлттық құраманың алты өкілі 1/2 кезеңге жетті. Олардың барлығының турнирдің медальдарын иеленуге мүмкіндігі бар. Бұл кезеңде жеңілгендер "қола" алады. Жеңімпаздар "алтын" үшін күресті жалғастырады.

Жартылай финалдық жұптардың тізімі:

49 кг. Даниял Сәбит (Қазақстан) - Марк Лестер Дюренс (Филиппин);

52 кг. Сәкен Бибосынов (Қазақстан) - Амит Пангал (Үндістан);

69 кг. Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан) - Баттумур Мишеелт (Монғолия);

75 кг. Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) - Сейедшахин Мусави (Иран);

91 кг. Василий Левит (Қазақстан) - Рустам Ырысбек уулу (Қырғызстан);

+91 кг. Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан) - Пуриа Амири (Иран)

Айта кетейік, бүгін, 28-мамыр күні ерлер арасында финалдық жолдама сарапқа салынады. Жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу