Дипломды онлайн тексеруге мүмкіндік беріледі - вице-министр

17485

Биыл түлектер электронды форматтағы диплом алады. 

Дипломды онлайн тексеруге мүмкіндік беріледі - вице-министр

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари "электронды диплом" не үшін қажет екенін мәлім етті. Вице-министрдің айтуынша, бұдан былай колледж, бакалавр, магистратура бітірушілері мен PhD дипломының цифрлық нұсқасы арнайы деректер қорында сақталады.

"Биылғы жылы ЖОО және колледж түлектері қағаз нұсқасымен қатар, электронды форматтағы диплом алады.Барлық нормативті актілерді қабылдадық. Бұл не үшін керек? Біріншіден, жұмысқа орналасқан кезде жұмыс беруші дипломның көшірмесін сұрайды. Кей кездері сол құжаттың шынайылығы күмән туғызуда. Елде жалған диплом жасау, оны сату мәселесі көтеріліп тұрады. Цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуекелдерді төмендетудің жақсы құралы", – деп атап айтты Рүстем Биғари. 

Білім және ғылым вице-министрінің сөзінше, бұған дейін дипломның шынайылығын растау өте көп уақыт алатын. Ал енді бұл мәселе де шешімін тапты. 

"Егер есептер болсақ, білім министрлігіне дипломның шынайылығын растауға жылына 500 мыңдай сұрау келіп түседі. Оны растау үшін бір айға дейін уақыт кетеді. Бұдан кейін осы мәселе бойынша министрлікке сұрау жолдаудың қажеті болмайды. Өйткені барлық дипломды онлайн тексеруге мүмкіндік беріледі. Дипломдардың тіркелуі министрліктің сайтында тексеріледі. Бұл – мемлекеттік үлгідегі жасанды дипломдар айналымын жояды, жұмыс беруші мемлекеттік ведомстводан үміткердің біліктілігі туралы нақты мәлімет алады, құқық бұзушылық саны азаяды", – деп түсіндірді вице-министр.

Рүстем Биғари жоғары білім туралы құжатты қалай тексеруге болатынын айтып өтті. Бүгінгі күні 2,5 млн диплом цифрландырылған.

"Биыл 1992 жылдан бергі дипломдарды цифрландырдық. Яғни 2,5 млн дипломның цифрлық нұсқасы дайын. Азаматтар дипломын бұрынғыдай нотариалды куәландырып, шығын шығармайды. Бұл жұмысты биыл аяқтаймыз. Алайда тарихи деректерді жинау жөнінде өте көп жұмыс істеуіміз керек. Өйткені әр дипломның нөмірін тексеріп, деректер қорына енгіземіз. Бұл жеке бас деректеріне жататындықтан, қалаған адамның бәріне бірдей көрсетуге болмайды. Дегенмен дипломның жарамды немесе жарамсыз екенін білу мүмкіндігі бар. Ал оның электронды көшірмесін алу үшін министрлікке жүгіну қажет болады. Дипломның қағаз нұсқасы бұрынғысынша қалады. Мысалы, шетелге кететіндер барған жеріне қағаз дипломын көрсете алады", – деді БҒМ өкілі.

Нұржан Көшкін 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу