"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасының шарапатын көргендер саны артты

Осы жобаның арқасында шалғайдағы ауыл тұрғындары ғана емес, жас мамандар да игілік көріп, тұрғын үймен қамтылып келеді.

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасының шарапатын көргендер саны артты Фото: ЖИ

2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Дипломмен – ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы талай сыннан өткен, нәтижелі модель саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бағдарламаның 18 жылға жуық тарихы оның нәтижелігін дәлелдеп үлгерді. 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алып, 52 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредитті пайдаланды. Нәтижесінде мыңдаған жас маман ауылға барып, еңбек жолын бастап, баспаналы болды.

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы дәрігерлер үшін де үлкен демеу болды дей аламыз. Бүгінге дейін 24 мыңнан астам медицина қызметкері көтерме жәрдемақы алып, 11 мыңнан астамы тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несие рәсімдеген. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласы бағдарламаға ең белсенді қатысқан салалардың біріне айналып отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Шиелі ауданы тұрғындарымен кездесуде осы жобаның ауыл-аймақты кадрмен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

– "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы ауылдық жерлерде еңбек етіп, өңірлердің дамуына үлес қосуға дайын барлық дипломы бар маман үшін қолжетімді. Бағдарламаға қатысу үшін жас бойынша ешқандай шектеу қойылмаған. Басты талап – кәсіби біліктілік пен ауылда жұмыс істеуге деген ниет. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында тәжірибелі мамандардың ауылға келуі медициналық қызмет сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады, – деген болатын Бауыржан Омарбеков. 

Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – маманды ауылға шақырудан бұрын, оның сол жерде тұрақтап, ұзақ жыл еңбек етуіне жағдай жасау. Сол себепті, бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы төлеумен қатар, тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру тетігі де қарастырылған. Бұл өз кезегінде шалғайдағы тұрғындар үшін кадр тапшылығын азайтып, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.

Айталық, тек 2025 жылдың өзінде ауылға баратын мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 25 млрд теңге бөлініп, шамамен 2,8 мың маман тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредитпен қамтылады. Бір сөзбен айтқанда, ауылға бет алған жас мамандарға қолдау тоқтамайды. Жаңа мүмкіндіктер мен әлеуметтік қолдау жұмысы алдағы жылдары да ауыл медицинасын білікті кадрлармен толықтыруға қызмет етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу