Дипломы бар жұмыссыздарды қайта оқыту керек пе?

1480

Білім гранттары өзін ақтамай жатыр. 

Дипломы бар жұмыссыздарды қайта оқыту керек пе?

Диплом мамандық иесі атанудың кепілі болудан қалды. Айта-айта жауыр болған, жауыр болса да өзектілігі күн сайын өткірленіп келе жатқан мәселе ATAMEKEN BUSINESS арнасындағы тікелей марафонда талқыланды.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүргізген зерттеу соңғы 3 жылда түлектердің 74 пайызы ғана жұмысқа орналасатынын анықтапты. Мысалы, 2018 жылы аграрлық салада 2886 грант иегері оқу бітірген. Солардың тек 35 %-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа тұрса, 43 %-ы өзге салаға бет бұрған. 22 % түлек мүлде жұмыссыз қалған. "Атамекен" ҰКП сарапшылары осы 2886 маманды оқыту үшін бюджеттен 2,6 млрд теңге қаражат жұмсалғанын есептеп шығарыпты. Яғни, бөлінген ақшаның жартысынан астамы тиімсіз иігерліген деуге болады. 
 
"Атамекен" ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Айнұр Ыбыжанова мұны елдегі жоғары оқу орындарының сапасыздығымен байланыстырады. 

"Кітап қоры жаңартылмаған, ескі стандартпен білім беретін оқу орындары бар болып шықты. Құқық саласы бойынша ескіріп кеткен нормативтік-құқықтық актілер бойынша оқытып жүргендер кездесті. ІТ-саласы бойынша да ескі бағдарламамен оқытатындар бар. Ал бұл сала сәт сайын құбылатын, қарқынды дамып жатқан сектор екенін бәріміз білеміз. Осыны ескермеген университеттің түлегі ертең ІТ-саласында мықты маман болып шығуы екіталай", – дейді  сарапшы.

Кәсіпкер Ерлан Төлендиев те түлектердің жұмыссыз сандалуына алған білімдерінің таяздығы басты себепкер екенін айтады.

Яғни университет қабырғасында берілген білім мен нақты өндіріске қажет білімнің арасы жер мен көктей деңгейге жеткен.

"Біз жұмыс сұрап келген түлектің дипломында қандай баға бар екеніне қарамауға үйрендік. Өйткені дипломдағы баға мен оның біліктілік көрсеткіштері көп жағдайда сәйкеспейді. Сондықтан өз тарабымыздан түрлі іріктеу шараларын өткізіп, қабілетіне, жауапкершілігіне қарап жұмысқа қабылдауға мәжбүрміз. Басқа саланы білмеймін, біз маманданған көлік-логистика саласының түлектері келген соң, қайта оқудан өтеді. Осылай істеуге тура келіп отыр. Өйткені университеттер студенттердің миына осыдан 20-30 жыл бұрын өзекті болған білім мен ақпаратты құйып қоя береді. Сондықтан жас маманнан өндірістік проблеманы шешу жолын сұрасаң, өткен ғасырдағы тәсілді ұсынып тұрады. Бұл нақты факт. Мысалы былтыр жұмысқа қабылданған түлектер 6-7 ай бойы үйреніп, қатардағы менеджер қатарына содан кейін ғана қосылды", – дейді кәсіпкер.

Ал құрылыс компаниясының өкілі Мақсат Сәнкібаев мынадай парадокс жағдай бар екенін айтады. Жастар  арасында жұмыссыздық өршіп тұрса да, экономиканың басты драйвері саналатын құрылыс саласында маман тапшы.

"Құрылыс саласында инженер, шебер, прорабтар тапшы. Соның бір жолы, тек теорияны оқыта бермей, жұмыс орындарына жиірек тәжірибеге жіберу керек деп ойлаймын. ЖОО мен бизнес арасында байланыс жоқ деп айтуға болады. Мысалы, Ақтөбе облысындағы оқу орындары  студенттерін бізге жіберіп, тәжірибеден өткізуге аса құлықты емес. Келіп байланыс орнатса, біз де болашақ мамандарымызды студент кезінен шыңдап, іріктеп алар едік қой", – дейді ол. 

Жұмыссыздық мәселесін білім сапасына ғана артып, жауырды жаба тоқығанмен іс өнбейтіні белгілі. Кәсіптік стандарттарды әзірлеуші, тәуелсіз сарапшы Алдаберген Мәлібеков жастардың жұмыссыз жүруіне жүйелі экономикалық саясаттың жоқтығы басты себеп деп отыр.

"Біз зерттеулер жүргізген кезде түрлі өңірлерді аралаймыз. Сонда өндіріс орындарының көбі жартылай ғана жүктелгенін, жобалық қуатын толық игермей жатқанын көреміз. Яғни экономика толық тыныспен жұмыс істеп жатқан жоқ. Жұмыссыздықтың басты себебі осында", – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, елдегі тәуелсіз рейтингтер алдағы бірнеше жылда техникалық және аграрлық мамандарға сұраныс жоғары болады деген болжам шығарыпты. 

"Рейтингтерге қарап отырсақ, инженерлік және техникалық мамандықтардың үлесі артып келеді. ІТ-мамандықтар алдыңғы орынға шығып отыр. Мұнай-газ, ауыл шаруашылығы мамандықтарына сұраныс бар", - дейді ол. 

Алдаберген Мәлібеков болашақ мамандардың іс-тәжірибеден өткізудің тәртібін заңмен шегелеу керек деген ұсыныс айтты.

"Тәжірибеден өту процесі бастан-аяқ заңдастырылуы керек. Ол заңда өндіріс пен жоғары оқу орнындарының міндеті нақтылануы керек. Мысалы, болашақ заңгер тәжірибеден өткісі келсе, жеке меншік нотариустер оны қабылдай ма? Осының бәрі заңмен реттелсе, студенттер теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра алар еді", – деді тәуелсіз сарапшы.

 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу