Директорларды мектепті тастай салып қашуға мәжбүрлейтін "сұмдық" бастама көтерілді

7611

Бірақ оған Үкімет басшылығы қарсы шығып, бұғаттап тастады.  

Директорларды мектепті тастай салып қашуға мәжбүрлейтін "сұмдық" бастама көтерілді Фото: Kazpravda.kz

Осы мәселеге қатысты таяуда Мәжілістегі "Ауыл" партиясы және "Қазақстан халық партиясы" фракцияларының депутаттары да үн қосып, Үкіметке ұсыныс жолдаған болатын. 

Қазіргі кезде қоғам өкілдері мектептен тыс жағдайда болған жемқорлық, төбелес, буллинг, зорлау, педагог пен оқушы арасындағы жыныстық қатынас және басқа былықтар үшін білім ұйымының басшылығының тікелей жауапкершілігін енгізуді ұсынып жүр. 

Мұның үлгісі де бар: мысалы, мемлекеттік қызметте қоластындағы бағынышты қызметкері пара алса, жемқорлық жасаса, мемлекет беделіне кір келтірсе, сол үшін министр, әкім және басқа басшылары жауап беріп, отставкаға кету жөнінде өтініш жазуға міндетті. 

"Қызметкерім параны кабинетінде емес, кафеде алды, менің кінәм жоқ!" дей алмайды. Қоғам белсенділері ұқсас жауаптылықты мектеп директорларына қатысты қолданған жөн екеніне назар аудартады. 

Алайда білім шенеуніктеріне депутаттар ара түсуде. Мәжілістің қос фракциясы соңғы кезде елдің түрлі өңірлерінде оқушылардың мектеп ішінде ғана емес, оның аумағынан сырт жерде, сабақтан тыс уақытта, демалыс, каникул кезінде жасаған құқықбұзушылықтары үшін мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілерін (завуч) тәртіптік жазаға тарту – сөгіс беру немесе жұмыстан шығару жағдайлары орын алып жатқанына алаңдаушылық білдірді. 

"Біз бұл үрдісті өте алаңдатарлық деп санаймыз! Өйткені мектеп басшылығы тек оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жауапты. Ал, сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезеңінде болған оқиғалар үшін оны жазалау – әділетсіздік. Бұл мәселе әсіресе ауылдық елді мекендерде ушығып тұр. Бүгінде ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткерлер табу қиын", – деді мәжілісмен Ерболат Саурықов. 

Оның мәліметінше, білім шенеуніктерінің бойын үрей буады, "ертең жұмыстан шығып қаламын, негізсіз жауапкершілікке тартыламын" деген қорқыныш оларда күнделікті қалыпты жағдайға айналыпты. 

Депутаттар бұл проблема әсіресе, Жамбыл, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында ушығып тұрғанын анықтады. Салдарынан оларда мектеп басшылығындағы бос лауазым орындарына кадр табылмай жатқан көрінеді. Қос фракция баланың бүлдіргеніне мектеп емес, ата-анасы ғана жауап берсін, жаза тартсын дегенге келтірді.

"Біздің көтеріп отырған мәселеміз – тек кадр мәселесі емес, бұл – ауыл мектебінің тағдыры. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса, онда ауыл балаларының болашағына да қауіп төнеді. "Білім туралы" заң бойынша мектеп басшылығы оқу-тәрбие процесіне жауап береді. Неке және отбасы кодексінде ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттері көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған", – делінген мәжілісмендердің Үкіметке хатында.

Депутаттар мұнымен шектелмей, енді ата-аналарды қатал жазалауды, ол үшін заңды қатайтуды сұрайды.

Өйткені олар жүргізген талдау барысында "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңда кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға қатысты бірде-бір нақты және толыққанды норма жоқ екені әшкереленіпті. Мәжілісмендер бұл жағдайды "құқықтық олқылық" деп есептеп, заңнаманы толықтыруды ұсынды.

Қорыта айтқанда, Мәжіліс мектеп басшыларын бұл жауапкершіліктен босатуды және оларды "жауапкершілікке тартуға болмайды" деген ресми түсіндірме жариялауды сұрады.

  • Екіншіден, "Білім туралы" және "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңдарына нақты түзетулер енгізіп, осы мәселені заң жүзінде реттеуді ұсынды. 
  • Үшіншіден, депутаттар "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңға арнайы норма енгізіп, онда кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары үшін олардың ата-аналарының жауапкершілігі бірінші кезекте екенін заң деңгейінде нақтылап көрсетуге ниетті. 
  • Төртіншіден, ауыл мектептерінде кадр тапшылығының алдын алу үшін педагогикалық қызметкерлердің құқықтық қорғалуын күшейту жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды өтінді. 

Яғни, депутаттардың ұсынысы жүзеге асса, онда мысалы, кәмелетке толмаған оқушы қыз мұғалімнен жүкті болып қалса, ол екеуі мектептен тыс кездесті деп танып, ол үшін білім ордасының басшылары жауапкершіліктен құтылып кете алады. 

Депутаттар дегеніне жеткелі тұр. Себебі, Үкімет бұл бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді. Олар да білім ұйымдарындағы әрбір былық үшін қатты жазалай берсе, мектепте директор қалмайды деп ойлайды.  

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың дерегінше, бүгінде орта білім беру ұйымдарында 6 693 мектеп директоры қызмет атқаруда. Соның ішінде 4 331-і немесе 65%-ы – ауылда, 2 362-сі немесе 35%-і – қалада. 

Айта кету керек, ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жалпы саны 7 981 мектеп бар. Осыдан-ақ қаншама мектептің директорсыз жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады.

Вице-премьер оларды лауазымды міндеттеріне жатпайтын жағдайларда жазалауға рұқсат етілмейтінін нықтады.

"Қолданыстағы "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Осы нормаға сәйкес педагогтер, оның ішінде мектеп басшылығы – директор мен оның орынбасарлары кәсіби қызметіне жатпайтын, яғни сабақтан тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезінде орын алған оқушылардың мінез-құлқы мен құқықбұзушылықтары үшін жауапты емес!", – деді Ермек Көшербаев.

Ол педагогтер құқықтарының қорғалуы заңнама деңгейінде реттелгеніне назар аудартты. Ал, баласының қолымен жасағанын ата-анасына мойнымен көтерткізу, яғни, әкесі мен шешесін жазалау ісі ілгерілетіледі. 

"Ата-аналардың жауапкершілігіне, соның ішінде балаларының оқудан тыс мінез-құлқы мен құқықбұзушылықтарына қатысты Президенттің тапсырмасымен "Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы" тұжырымдамалық жаңа, бірыңғай заң жобасы әзірленді. Онда кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылығының алдын алуға бағытталған арнайы шаралар көзделген. Атап айтқанда, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарға қатысты жеке профилактикалық шара қолдану айқындалған. Сондай-ақ, профилактика субъектілерінің саны ұлғайтылды, олардың жауапкершілік аймағы нақтыланды", – деді вице-премьер. 

Бұған қоса, Көшербаев "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес, ата-аналар өз баласын тәрбиелеуге міндетті екенін, сондай-ақ оның дене бітім, психика, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз етуге де, заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға да ата-ана жауапты екенін ескертті. 

Парламент жаңартқан "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекске сәйкес, бұдан былай балаларды тәрбиелеу, білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдеріне әкімшілік жаза түрлері қарастырылған. 

Қазіргі кезде жас балалардың кешқұрым көшеде ересексіз, өз бетінше жүргені үшін олардың ата-аналарын айыппұлмен жаппай жазалау белең алды.

Бұрындары мұндай жаза бірен-саран болса, қазіргі кезде ондаған мыңдап саналады. Бұдан бөлек, балаларды отбасынан арнайы орталықтарға алып кету деректері көбейген.

"Атқарылған шаралар аясында биылғы жылы 3 мыңнан астам қараусыз қалған жасөспірімдер бейімдеу орталықтарына жеткізілді. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерсіз болғаны үшін 63 мыңнан астам ата-ана, 1,3 мыңға жуық кәсіпкер, 12 мыңнан астам ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 20 өңірлік Психологиялық қолдау орталығында балалар мен ата-аналарына психологиялық және консультациялық көмек көрсетілуде", – деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Балалардың заңға бағынатын мінез-құлқын, патриоттық сезімі мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. 

Бағдарлама аясында 20 609 білім беру ұйымында, оның ішінде 11 856 мектепке дейінгі ұйымда, 7 981 мектепте, 772 колледжде 6 негізгі жоба бойынша 6 миллион бала мен 1,3 миллион ата-ананы қамтыған 700 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 

"Сондай-ақ, 6 803 мектепте ашылған ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы қызметінің бағыты – мектеп пен ата-аналардың өзара әрекеттесуі, балаларды адамгершілік-рухани тәрбиелеу және ата-аналардың жауапкершілігін нығайту болады. Қорытындылай келе, айтарым, ата-аналардың баласы үшін жауапкершілігі заңнамада қарастырылған және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша жұмыс жаңа заң жобасы аясында күшейтіледі", – деді вице-премьер Көшербаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу