Диссертация қорғамай, ғылымды тәрк етіп кететін докторанттар неге көбейді

3272

Жұмыс таба алмаған адамдарға үш жыл бойы көп қиналмай-ақ жақсы табыс табудың жолы табылды, ол – докторантураға түсу, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Диссертация қорғамай, ғылымды тәрк етіп кететін докторанттар неге көбейді Фото: google.com

Ұлттық тестілеу орталығы алда, 5–11 желтоқсан аралығында Қазақстан бойынша докторантураға түсу емтихандары өтетінін жариялады. Мұның алдында, 18 қарашаға дейін докторантураға түсу емтиханына app.testcenter.kz сайты арқылы өтініштерді қабылдау науқаны жүрген еді. Тіркелу барысында талапкерлер тестілеудің орнын, яғни қай қалада тапсыру ыңғайлы екенін өзі таңдады.

Енді тестілеудің өтетін орны мен уақыты туралы нақты ақпарат 29 қарашада түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Бұл ретте бір жақсы талап бар: биылдан бастап докторантураға түсушілердің бәрі міндетті түрде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді жақсы меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы шарт. Онсыз өтініші қабылданбайды.

Биыл докторантураға түсуге үміткерлер әңгімелесуден өтіп, эссе жазады, сондай-ақ оқуға дайындығын анықтауға арналған тест, білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады. Сондай-ақ докторантураға түсу үшін шет тілін және мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификаттардың болуы міндет.

Әрине, мектеп түлектері сияқты, PhD атағын иеленгісі келетіндерге шпаргалка пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бірақ оқушы талапкерлерге қарағанда бұларға әлдеқайда қатаң жаза қолданылады: шпаргалкадан көшіріп отырған үстінде ұсталған, әлдебір көмекші құралды жасырын алып өткен, басқа да арамзалыққа барған үміткер ешқашан доктор бола алмайды екен.

"2022 жылы ережелерді бұзғаны үшін емтиханға жіберілмеген талапкерлер, сондай-ақ нәтижелері жойылған тұлғалар бұдан былай қайтадан докторантураға түсу емтиханына қатыса алмайды. Доктарантураға түсу емтиханына қатысу құны 15 804 теңгені құрайды", – деп мәлім етті Ұлттық тестілеу орталығы.

Жалпы алғанда, 2022–2023 оқу жылында мемлекет докторантураға 1 800-ден астам адамды іріктеп алады. Бұған дейінгі іріктеу жазда өткен. 4–20 тамыз аралығындағы түсу емтиханында жеңген, бірақ сол бойы университеттерге құжаттарын өткізбеген адамдарға мүмкіндік беріліп отыр: олардың сертификаты 1 желтоқсанға дейін жарамды.

Ал желтоқсандағы додада жалпы саны 551 грант үлестірілгелі тұр. Нақты қандай университетке қандай мамандық бойынша қанша грант берілгенін орталықтың сайтынан біле аласыз.

Бұл жолы да ең көп грантты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (94), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (58), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (53), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (42), Қарағанды техникалық университетi (32), Қазақ ұлттық аграрлық университеті (23) қанжығаламақ. Жалпы, 46 жоғарғы оқу орны гранттарды бөліске салады, бірақ көбіне 1–2-ден ғана тиеді.

Мемлекет жас ғалымдар санын арттыру үшін докторанттарға барлық жағдай жасап жатыр. Олар жатақханадағы орынмен қамтамасыз етіледі, жеке жатақханадағы орын субсидияланады.

Ең бастысы, олардың стипендиясы жыл сайын өсіп отырады. Мысалы, барлық оқу орнында оқып жатқан болашақ ғалымдар, яғни докторанттар 2019 жылы 81 998 теңге ғана шәкірақы алатын, онысы 2020 жылы 102 498 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2022 жылы докторанттар стипендиясы – 195 000 теңгеге дейін жетті.

Мұндай ақшаны тіпті жұмыс істейтіндердің өзі таба бермейді. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 1,6 млн жұмысшы ең төменгі жалақыдан (60 мың теңгеден) төмен және сол шамалас қана еңбекақы алады.

Сондықтан ба біраз докторант 3 жыл оқып, ақыр соңында диссертация қорғамай, кетіп қалады екен.

Ғалым, профессор Кеңес Кенжебек мұндай докторанттар көп екенін айтады.

"Танысымның баласы да барын салып жүріп, докторантураға түсті. Бірақ диссертациялық зерттеуін қорғамайтынын қазірден мәлімдеп жүр. Тек берген қомақты стипендиясын алғанына мәз. Мұндайлар әрбір университетте көп болмаса, аз емес. Үкімет бұлар соңына дейін барып, ғылыми атағын алуы үшін жеңілдік жасауда. Тіпті диссертациялық жұмысын жазбай-ақ PhD ғылыми дәрежесін алуға мүмкіндік бергелі жатыр. Ол үшін Q1-Q2 WoS беделді журналдарында бір шолу және 2 мақала шығарса да жеткілікті көрінеді. Тіпті бас авторы емес, корреспонденциялық авторы болса да жарай береді деседі. Сонда да жатыпішерлер соңына дейін жеткісі келмейді. Бұдан отандық ғылымның көсегесі көгере ме?", – деді ғалым.

Бұл мәселені жанашыр ғалым, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ғылым департаментінің директоры, PhD доктор Хайрулла Масадиков та көтерді.

"Біздің университет докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық оқу курсын толық меңгерген, сонымен бірге тағылымдамадан өту мен докторлық диссертацияны орындауды қамтитын докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысын (ДҒЗЖ) орындаған, бірақ докторлық диссертациясын сол бойы қорғамаған докторанттардың мәселесін жіті бақылауда ұстауда. Қазіргі таңда университетімізде 2012–2021 жылдар аралығында докторантурасын тамамдаған, алайда қорғауға шықпаған шамамен 160 докторант бар. Бұлардың әрбіріне қатысты жеке жол картасы бекітіліп, олардың қорғауға шығуы үшін біздің тарапымыздан барлық мүмкіндіктер жасалуда", – деді Хайрулла Ғайбуллаұлы.

Оның түсіндіруінше, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2022 жылғы 20 шiлдеде "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" №2 бұйрығымен мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға бірнеше өзгерістер енгізді. Сол бұйрықтың 4-тарауының 110-бабына сәйкес "...докторант бітіргеннен кейін 3 жыл өткен соң ақылы негізде диссертациялық зерттеудің ғылыми негіздемесі (research proposal) қайта бекітілгеннен кейін ғана қорғауға" тиіс.

"Сол үшін қорғамаған докторанттарымыздың ғылыми негіздемесі қайта бекітіледі. Бірақ кейбір докторанттардың ғылыми негіздемелерінде диссертациялық зерттеудің бағыты бойынша нормативтiк құқықтық актiлердегі, терминологиядағы, кәсіби стандарттағы және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы атаулардың өзгеруіне байланысты бұрын бекітілген диссертация тақырыптарына өзгертулер мен түзетілер енгізу туралы ұсыныс берілуде. Бірақ бұл ретте қорғамаған докторанттарымыздың тақыптарына өзгеріс енгізуде аталған бұйрықтың баптары арасында қайшылықтар туындап жатыр", – деді ол.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өз түсініктемесінде бұл өзгерістер бұрын докторантураға түскендерге қолданылмайды дегенге келтірді.

"Себебі, Құқықтық актілер туралы заңының 43-бабының 1-тармағына сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды. Алайда аталған заңның 2-тармағына сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi", – деген жауап жолдады министрлік.

Жалпы, өз кезегінде Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті соңғы он жыл ішінде 142 докторантқа ғылыми дәреже беруден бас тартқан. Яғни олардың диссертациялық жұмысы ЖОО қабырғасында қорғалса да, көңіл көншітпеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу