Дмитрий Деревянко Дубайда бақ сынайды

1792

Халықаралық Oceanman турнирінде топ жарған отандық спортшы абсолютті есепте алғашқы ондыққа енді.

Дмитрий Деревянко Дубайда бақ сынайды

Түркияның Алания қаласында халықаралық Oceanman турнирі өтті. Байрақты бәсекеге тұңғыш рет қазақстандық команда қатысты. Жарысқа отандық жүзгіштерді Дмитрий Деревянко капитан ретінде бастап барды. Біздің спортшылар 10 шақырым қашықтықта бақ сынады.

Дмитрий 30-39 жас аралығындағы спортшылар арасында үшінші орынды жеңіп алып, абсолютті есепте алғашқы ондықтың жетінші сатысына табан тіреді.

Дмитрий Деревянко, Ералы Оралов, Вячеслав Нам, Бауыржан Қасымов сынды спортшылардан құралған команда мәреге мүдірмей жетіп, ойдағыдай нәтиже көрсетті.

Спортшылардың арасынан Ералы Ораловты ерекше атап көрсетуге болады. Ол алғашқы жарысында алтыншы орыннан көрініп, жалпы есепте 15- орынға орналасты.

"Жарыс жоғары деңгейде өтті. Біз осындай турнирге қатысқанымызды және оң нәтиже көрсеткенімізді абырой санаймыз. Алдағы уақытта жетістігімізді қайталағымыз келеді. Жарыс кезінде әр елден келген спортшылармен таныстық, ашық суда жүзуден тәжірибе жинадық. Себебі біз бұған дейін тек бассейнде өтетін жарыстарға қатысатынбыз. Команданың барлық мүшелеріне алғыс білдіремін. Олар еліміздің намысын тиісті дәрежеде қорғады. Бұл жерде команда мүшелерінің кәсіби емес, әуесқой спортшы екенін назарға алу керек. Осылай бола тұра олар тамаша өнер көрсетті", – деді Дмитрий Деревянко.

Айта кетейік, сұхбат беруші жоғарыдағы көрсеткішінің нәтижесінде 2019 жылдың соңында Дубай қаласында өтетін халықаралық Oceanman турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу