Дмитрий Попко ширек финалға шықты

1279

Әлемдік рейтингте 184-орында тұрған қазақстандық Дмитрий Попко Санкт-Петербург челленджер турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Дмитрий Попко ширек финалға шықты

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Дмитрий Попко екінші айналымда отандасы, рейтингте 395-сатыдағы Денис Евсеевпен кездесті. Бірінші партияда Попко 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екіншісінде Евсеев есе қайырды - 6:2. Үшінші, шешуші сетте брейк жасаған Попко сол басымдылығынан айырылған жоқ - 6:4. Қос қазақстандық арасындағы тартысты бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылды. Попко жүлде қоры 52 мың АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 226-ыншы, осы турнирдің 5-ракеткасы, германиялық Рудольф Меллекер немесе рейтингте 332-сатыдағы чехиялық Иржи Лехечканың біреуімен таласады.

Сондай-ақ еліміздің бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA турниріне қатысқан болатын. Алайда ол жарыстың үшінші айналымына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен кездесті. Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Жабердің жолы болды - 7:6 (8:6). Екінші сетте есеп 1:1 болғанда, Рыбакина брейк жасай алғанымен, Жабер таразы басын теңестірді. Дегенмен қазақстандық спортшы тағы брейкке қол жеткізіп, өз геймін алды - 6:4. Үшінші, шешуші партияда тунис қызы басымдылық көрсетті - 6:2. Тартысты бәсеке 2 сағат 19 минутқа созылды.

Ал тағы бір қазақстандық, әлемнің 96-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) ATP турнирінің алғашқы айналымынан сүрінді. Ол бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 138-орында тұрған франциялық Артур Риндеркнехпен кездесті. Матчты қарқынды бастаған М.Кукушкин алғашқы партияны айқын басымдылықпен ұтты - 6:1. Алайда осыдан кейін екі сетте қарсыласына есе жіберді - 3:6, 2:6. Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу