Ресейлік әнші Лариса Долинаның өз мүлкін – Мәскеудің орталығындағы 200 шаршы метрдей болатын кең сарайдай пәтерін сатып алушысынан қайтарып алуына қатысты дау-дамайға нүкте қойылды. Сот әншіні түпкілікті жақтап шықты. Бұл оқиғаның егжей-тегжейін inbusiness.kz алдында жазған болатын.
Кассациялық инстанция Долинаға "алаяқтарға беріп қойдым" деген 112 миллион рубльді сатып алушыға қайтармауға рұқсат етті. Бір ғажабы, күні кеше 7 жылға шетінен сотталған алаяқтар сотта ол қаржыны алмағанына табандады. Осылайша, Долинаның үйін сатып алған жалғызбасты ана Полина Лурье үйсіз және ақшасыз қалды.
Нәтижесінде, Уикипедия энциклопедиясында "Эффект Долиной" аталған мақала-бет пайда болды. Онда хабарланғандай, Ресейде кейбір адамдар, көбіне егде жастағы әйелдер алдымен баспанасын сатады, артынан "алаяқтардың ықпалымен саудаға қойдым" деп шағымданып, полиция мен сотқа жүгінеді. Қылмыстық кодексте тиісті бап болғандықтан судьялар баспананы бұрынғы иесіне қайтарып береді. Сан соғып қалған сатып алушыға өтемақы да төленбейді.
"Delfi" басылымының мәліметінше, Ресейде өзінің алданғаны үшін өзгеге қиянат жасаған әншіні әріптестері, ірі компаниялар, қарапайым адамдар айыптап жатыр.
Мысалы, әнші Лариса Долинаның отбасымен байланысты жоба ірі үкіметтік грантты ала алмады – Президенттің мәдени бастамалар қоры Muzkult компаниясының өтінімін тосыннан қабылдамай тастады. Долинаның отбасы мемлекеттен сұраған 76,6 миллион рубльді РФ-тағы дарынды поп-орындаушыларды табуға және қолдауға бағытталған төл білім беру бағдарламасына жұмсамақ болды. Қордың шешімі әншінің отбасылық жобаларына қатысты сыни пікірталастар толқынымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды "Абзац" Telegram-арнасы.
Shot хабарлауынша, әлеуметтік желіде Лариса Долинаны "болдырмауға" ("отмена") арналған бүкілресейлік флешмоб қарқын алды. Мысалы, кейбір қызмет көрсету орны өзіне жүгінген әншіге қызмет көрсетуден бас тартып, мұны видеоға түсіріп, бейнежазбаны оның танымал "Үйдегі ауа райы" әнімен әдіптеп жариялауда.
Аталған әнде "барлық мәселені қолшатырдың көмегімен шешуге болады" деген жолдар бар, әлеужелі қолданушылар "бәрін "крышаңның" көмегімен шеше алмайсың" дегенге келтіруде. Енді біреулер келемеж етіп, компанияларға жүгініп, "импульсивті сатып алулары" үшін – Мальдив аралдарына алған ұшақ билеттерінің, стриптиз-клубқа кірген шығынын, көлігіне құйған бензинінің ақысын және басқасын кері қайтаруды "әзілдей" талап етуде. Алға тартқан дәйектемелері – оның бәрін "алаяқтардың қысымымен жасадым".
Сонымен қатар, Владивостокта өткен Л.Долинаның концертіне кем дегенде 224 адам билеттерін қайтарып, ақшасын кері сұрағаны белгілі болды. Бұған қоса, соңғы аптада бірнеше ірі мейрамханалар мен ұйымдар әншімен байланысын үзетінін мәлімдеді. Burger King фаст-фуд желісі Долинаның Мәскеудегі мекенжайын "жеткізу аймағынан" алып тастағанын ресми түрде жариялады.
"Сатып алушы жалғызілікті анаға ақшасын толық төлегенше, біздің дәмді Whoppers және қытырлақ картоп фриі ол жерге жеткізілмейді", – деп мәлім етті "БургерКинг" баспасөз қызметі.
Мәскеудегі танымал "Кафе Пушкинъ" мейрамханасы Лариса Долинаның жаңа жылдық қойылымы туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден және сайтынан алып тастады – сән-салтанатты іс-шараға билеттердің құны 95 000 рубльді құраған. Оның орнына мейрамхана "сығандардың өнерін", ішекті аспаптар квартетін және Gentle атты кавер-топты ұсынатынын жариялады, деп жазды Meduza.
Долинаның Instagram парақшасы ашулы пікірлерге толы. Оның қазан айындағы жеке концерті туралы бейнежазбасының астында мыңдаған сыни коммент жазылған. Содан кейін парақша әкімшісі пікір қалдыру функциясын бұғаттап тастады.
Оның "цехы" бойынша әріптестері де наразылықтарын білдіре бастады. Слава бүркеншік атымен танымал әнші Анастасия Сланевская халық әртісінің жеке өзіне залал келтіргенін мәлімдеді. Әңгімелеуінше, "Долина эффектісі" кесірінің тарауынан Слава пәтерлерін сата алмай қалған. Клиенттер онымен кездескенде, тани қояды және бас тартады: барлық әртістер алдайды деп есептейді.
"Менің "сүйікті" әншілерімнің бірі Долинаның кесірінен пәтерлерімнің ешқайсысын сата алар емеспін! Балаларыма солай көмектескім келіп еді, әрі әпкемнің үйін де жөндеп жатырмын. Енді осы алаяқтыққа байланысты сатып алушылар менен наркологиялық зерттеуден өтуімді, "психбольницадан" есімнің сау екені туралы анықтама әкелуімді, ананы-мынаны талап етіп, сергелдеңге салуда. Ал, егер сатып алушы менің әртіс екенімді білсе, бірден бас тартады, алдайды деп санайды", – деді әнші Слава.
Ресейде халық әртісінің аты теріс мәнді "жалпы есімге" айналып кетті. Бүгінде көршіде баспанасын сатып жатқандар хабарландыруларына жаппай өзгеріс енгізіп, "Иесі Долина емес!" ("собственник не Долина!") деген айқындауышты қоса тіркеуде.
Бір ғажабы, Мәскеудің Хамовникиіндегі Ксеньинский көшесінде, "бәлекетті" пәтер орналасқан ғимараттың жанында "Долина қабырғасы" деп аталып кеткен стихиялы "зиярат" орны пайда болды. Адамдар бұл жерге ішінде жазбалары бар тәпішкелерді, ойыншықтарды, басқасын "садақалап" тастап, өзіне сәттілік тілейді. Жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде Долинадай сатушыға кезіктірмеуді сұрайды, деп хабарлайды Fontanka.ru.
Оның үстіне "Известия" газеті бұл құбылыстың мультипликативті әсері басталғанын анықтады: "Долина схемасы" автокөлік саудасына тарала бастапты. Салдарынан, 2025 жылы Ресейдегі автокөлік алаяқтығы оқиғаларының саны 2024 жылдағыдан бірден 40%-ға өсті.
Соңғы кездері Ресейдің автокөлік нарығында ең көп жайылған схемалардың бірі – көлігінен "алаяқтардың ықпалымен" айырылысқанын айтып, сатушылардың сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жойғызуға және машинасын кері алуға талаптануымен байланысты. Басылым Ресейдің әртүрлі қалаларында орын алған осындай бірнеше мысалды баяндады.
"Көліктер пәтерлер сияқты қымбатқа бағаланбайды: көбіне олардың құны шамамен 3 миллион рубльге дейін ғана жетеді. Пәтерге қарағанда, автоның құжаттарын қолдан жасау да әлдеқайда оңай. Бұл ретте жылжымайтын мүлікке құқықты тіркейтін "Росреестрге" қарағанда, Жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясы (ГИБДД) да, Ауданаралық тіркеу-емтихандық бөлім (МРЭЛ) де автокөлікті сату мәмілелерін әлдеқайда оңай бұза салады", – деді заңгер Геннадий Кузьмин.
Сарапшылар көлік сатып алғанда әсіресе, бағасы нарықтық құннан әлдеқайда төмен болса, алуға асықпауға, ақылға салуға кеңес береді: демек, бір шикілігі бар. Нотариус арқылы келісімшартқа қол қою да тәуекелдерді азайтуға көмектеседі – нотариус тізілімдердегі барлық ақпаратты тексереді және күдікті болып көрінген жағдайда мәмілені жалғастырудан бас тартады.
Биыл ай сайын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің шамамен 3 мыңдайы "Долина схемасы" бойынша, яғни, "алаяқтарға алдандым" деген дәйектемемен бұзылып жатқан көрінеді.
Тәжірибелі заңгер және заң ғылымдарының кандидаты Сергей Мусарскийдің түсіндіруінше, бұдан былай сатушының тұлғасын тексеру жеткіліксіз – кез келген жылжымайтын мүлік мәмілесін жасаспас бұрын толық заңгерлік тексеруді де жүргізу қажет.
"Долина ісі" төңірегінде қызылкеңірдек пікірталастардың көрігі қызып жатқанда, бір қарапайым нәрсеге назар аудартқаным жөн: мәселе сатушының егде жаста болуында немесе "алаяқтың жетегінде кеткенінде" ғана емес. Мәселе жылжымайтын мүлік мәмілелерін жоғары сапалы заңгерлік сүйемелдеуге ешкімнің шығын шығарғысы келмейтіндігінде дер едім", – деді заңгер.
Алаяқтардың бетсіз, қарау тірліктерінен үрейі ұшқан нарықтың реакциясы белгілі: ресейлік сарапшылар "қарт адамдардан сатып алмаңыз!", "сатушыны дереу психиатрға апарыңыз!" және "барлық анықтамаларын жинауды талап етіңіз!" деп жарыса кеңес беруде.
Риелторлар да жағдайды түзете алмайды, әдетте, олардың жылжымайтын мүлікті мұқият тексеру төрт тармақпен шектеледі – меншік құқығын анықтау, сатып алу негізін түсіну, баспана иелері ретінде тіркелген адамдарды тегіс табу және мемлекеттік порталдан үзінділерді алу. Бұған олар енді бесінші тармақты қосты: "сатушының жасы 60-тан асқан жоқ па?"
"Осының өзі жеткілікті деп әлі күнге ойлайтын сатып алушыларды аяймын. Проблема әлдеқайда тереңде. Жылжымайтын мүліктің "дью-дил" аталатын мұқият тексеруін жүргізу керек. Бұл дегеніміз – мүлікті, құқықтарды, қатысушыларды, өсиетті, сенімхаттарды, мәміленің экономикалық негіздемесін, кепілді, мәміленің мазмұнын және тағы басқаларды көп деңгейлі заңгерлік және фактілік верификациялау", – деді сарапшы.
Қазақстандықтарға РФ-тағы жылжымайтын мүлікті сататын агенттіктер танымал бола бастағаны жасырын емес. Бірақ Ресейде баспана сатып алу – әр бұрышынан алаяқтар, қаскөйлер торуылдап, тұзақ құрған шытырман лабиринтке айналып барады. Оларға жем болмау үшін жан-жақты тексерген артық болмас.