Доллар бағамы 370 теңгеге жетуі мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6718

Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруға дайын.

Доллар бағамы 370 теңгеге жетуі мүмкін

Ұлттық банк пен үкімет 2015 жылы теңгенің айырбас бағамын еркін айналымға жібергеннен бері төл валютамыз құнсызданудан көз ашпай келеді. Теңгенің өз биігін, яғни бағамын сақтап тұра алмауына әлемдік мұнай бағасының құбылуы мен Ресей рублінің құрама штаттардың санкциясына төтеп бере алмауы себеп болып отыр.

Сыртқы фактордың салдары соңғы үш айда долларды 35 теңгеге шарықтатып жіберді. Ал нағыз антирекорд кеше тіркелді. Бір тәулікте ұлттық валютамыз 6 теңгеге құнсызданып, Қазақстан қор биржасының күндізгі сессиясында доллар бағамы 355,38 теңгені құрады.

"Көк қағаздың" құны алдағы уақытта тағы да құбылуы мүмкін. Себебі АҚШ Ресейді санкциямен сансыратуды жалғастыруға бел буып отыр.

DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаевтың пікірінше, президент Дональд Трамп тамыздың ортасында еңбек демалысынан келгеннен соң АҚШ Ресейге санкция салуды бастайды.

"Рубль қыркүйек, қазан айларында әлсірейді. Осы кезде теңге тағы да құнсызданып, доллар қымбаттайды", – деді бас директор.

Оның сөзінше, доллар бағамының көтерілуіне демалыс маусымы да ықпал етіп тұр.

"Теңгеден құтылуға асықпаған жөн. Доллар сатып алғандардың барлығы әп-сәтте байып кетпейді. Себебі бұл қысқамерзімді құбылыс, барлығы қалпына келеді" – деді ол.

Мұрат Қастаевтың ойынша, Ұлттық банк теңге бағамын бақылаудан ешқашан тыс қалған емес.

"Теңгенің айырбас бағамын толықтай еркін айналымда деп айта алмаймын. Ол қалай болғанда да Ұлттық банктің ерекше бақылауында", – деді DAMU Capital Management компаниясының басшысы.

Айтса айтқандай, кеше Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына қатысты ресми хабарлама таратты. Қаржы реттеушісінің мәлімдеуінше, Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы бір күнде 4,2%-ға, ал еуроға қатысты бағамы 4,1%-ға құлдыраған.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы туралы ақпарат рубльді қалыпты жағдайынан ауытқытып жібергені тілге тиек етілген хабарламада рубльге қатысты қазіргі ахуал саяси факторлармен тікелей байланысты екені баяндалған.

Ең бастысы Ұлттық банк теңге бағамына қатысты ұстанымын ашып айтқан. "Қазіргі уақытта бағамның белгіленуі Ұлттық банктің қатысуынсыз жүріп жатыр. Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыр. Қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздық тудыратын қысқамерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын", – деп нақтыланған қаржы реттеушісінің хабарламасында.

Былтыр "EХPO"-дан соң теңге құнсызданады, 1 доллар 400 теңге болады" деген сөз ел кезіп жүрді. Кешеден бері осы сөздің тамырына қайтадан қан жүгірді.

Болжам ба, әлде көздері нақты жетіп тұр ма, тап басып айту қиын. Дегенмен мамандар "1 доллар 400 теңге болмайды" деп сенімді пікір білдіріп отыр.

Amarkets брокерлік компаниясының жетекші сарапшысы Артем Деев рубль мен юаньның жағдайы күрт төмендеген жағдайда ғана 1 доллар 400 теңгеден сатылуы мүмкін екенін айтса, "ФИНАМ" компаниялар тобының сарапшысы Сергей Дроздов әлемдік мұнай бағасының қазіргі құны теңгенің күшеюіне ықпал ететінін алға тартып: "Теңге бұдан ары қарай құнсызданбайды", – деді.

"Альпари" инвестициялық компаниясының аға сарапшысы Вадим Иосуб алдағы айларда теңге әлсірейтінін, бірақ 1 доллар 400 теңге болмайтынын алға тартты. 

"Әлемдік нарықтағы жағдай аяқ астынан өзгермесе, Қазақстанда 1 доллардың бағамы 370 теңгеге ғана жетуі мүмкін. Қалай болғанда да жыл соңына дейін доллардың бағамы 400 теңге болмайды", – деді инвестициялық компанияның аға сарапшысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу