Доллардың бағамы алда 1000 теңге бола ма?

12364

Көрші Ресейде рублдің құлдырау дәуірі басталды. 

Доллардың бағамы алда 1000 теңге бола ма? Фото: ZTB.kz

Астанада РФ валютасының сауда бағасы кейбір айырбастау бекеттерінде 5,1 теңгеге дейін құлады. Қазақстан қор нарығында (KASE) рублдің бағамы тіпті 4 теңгеге қарай түсіп кетті.

Республикада соңғы бесжылдықта көршінің валютасы тек 2022 жылғы 18 наурызда ғана бұдан арзан тұрған еді: Мәскеудің Украинаға шапқыншылық жасауы және Батыстың оған қаптатып санкциялар енгізе бастауы нәтижесінде сонда рубль 4,73 теңгеге дейін құлады.

Дегенмен, РФ Орталық банкі қабылдаған шаралар арқасында рубль артынша тұрақтанып, былтырғы 24 маусымда 8,62 теңгеге дейін шарықтап кетті. Содан бері оның бағасы төмендеп келеді. Енді 5 теңге межесінің айналасында құбылуда.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстан осы арқылы ұлттық валютасының девальвациясын тежеп тұр. Әйтпесе, ресейлік қаржыгерлер Ресейде 1 доллар 200 рублге дейін қымбаттайды деген болжам айтты. Қарапайым арифметика бойынша бұл Қазақстанда 1 доллар бағасы 1000 теңге (5 х 200) тұрады дегенді білдіруі мүмкін.

Оған жеткізбеу үшін елімізде рубль бағамы төменге қарай ылдилай беруі шарт. Әйтпесе, қазақстандық тауарлар Ресейде тым қымбаттап, сұраныстан қағылады, экспорт азаяды.

Мәселе Ұлттық банктің одақтастың валютасын қаншаға дейін құлдыратуға дайын екендігінде болып тұр. Мысалы, экономист Марат Ерғозин Қазақстанда 2015 жылғы 6 ақпанда рубль құны 2,72 теңгеге дейін құлағанын еске салды. Бұл тарихи рекорд саналады. Алайда оның соңы пысық қазақстандықтардың жаппай Ресейге шұбырып, олардан көліктен бастап, тұмыстың техникаға дейін тасуына соқтырды. Сондықтан билік амалсыз, сол жылғы қазан айында рубль құнын 4,3 теңгеге дейін жоғарылатты.

Көршіде биыл бүлік болғалы бері оның ұлттық валютасы қайтадан құлдырады. Бастапқыда бұл уақытша үрдіс көрінген. Қарулы бүлік басталмай жатып аяқталғанда, шарықтай жөнелген бағам кері серпілгендей көрінді. Мысалы, Ресейде 22 маусымда 80,9 рубль тұрған доллардың бағасы толқу басталғанда 84,6 межесіне көтерілді. Ізінше 83 межесіне түсті.

Содан кейін тек өсіп барады. 4 шілдеге қарай бағам 89,5 рубль шамасына жетіп отыр. Ар жағында 100 белесі таяу қалды.

"Ингосстрах-Инвестиции" компаниясының бас макроэкономисі Антон Прокудин рубль девальвациядан құтыла алмайды деп болжап отыр. Ол алдында 2025 жылға дейін доллар бағамы 200 рубль межесінен асып кетеді деп жорамалдаған еді. Енді ол күн жақындай түскен көрінеді.

Бұл компания төл әзірлемесі саналатын валюталық модель негізінде болжам жасайды және онысы көбіне шындыққа жуықтайды. Мысалы, ресейлік көптеген сарапшы биыл рублдің нығаятынын болжаған болатын. Оған керісінше, "Ингосстрах-Инвестиции" "түнекті (мрачный) сценарийін" ұсынды: оған сәйкес, РФ ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы 2024 жылға дейін 140 межесіне құлдырайды. Мұнысы да ақиқаттан алыс болмауы мүмкін.

Антон Прокудин рублдің бұл жолғы төмендеуі қысқа емес, "созылмалы" болатынын айтты. Оған не себеп?

"Уақыт өткен сайын девальвация драйвері де өзгеріп жатыр. 2022 жылы ресейлік экспорттың қысқаруы рублдің құлдырауына алғашқы түрткі болды. Содан соң былтырғы жазда қатты азайып кеткен ресейлік импорт күрт өсе бастады, ол да рублге кері ықпал етті. Бұл процесс ұзаққа, 2024 жылдың ортасына дейін созылуы ықтимал. Оның үстіне биылғы жыл соңында инфляцияның өсуі де рублді тегеурінді түрде әлсірете алады. Дәл қазір осы факторлардың бәрі рублді қандай шыңырауларға құлататынын тап басып айту қиын", – деді "Ингосстрах-Инвестиции" бас макроэкономисі А.Прокудин.

Жалпы, бүгінде Ресейдің өзінде пропагандистерден басқа, саналы, тәуелсіз сарапшылардың бәрі рублдің одан әрі әлсірейтініне сенімді.

Совкомбанктің бас аналитигі Михаил Васильев іргелі факторлардың барлығы рублдің ары қарай құнын жоғалтатынын нұсқап отырғанына назар аудартты. 

"Бұл ретте билік рубль бағамын шектен тыс жылдам төмендетуге бармауға тиіс. Өйткені бұл мемлекетке зиян келтіреді. Бұл Ресей банкіне де, Үкіметке де тиімсіз. Ол бизнесте және қоғамда девальвациялық қана емес, инфляциялық күтулерді күшейтеді", – деді Михаил Васильев.

Демек девальвация да тосын емес, созылмалы болуы ықтимал.

Ол тағы бір факторды атады: Ресейдегі ахуалдың одан әрі тұрақсыздануынан, национализациялау үрдісінің өрістеуінен қорыққан шетелдік бизнестің өз активтерін жаппай сатуы да рублге қысым көрсетеді. Жатжұрттық инвесторлар зауыт-кәсіпорындарын, сауда орындарын, инфрақұрылымын, дүние-мүлкін рублге сатқанымен, ізінше оны долларға айырбастап, шетелге шығарады. Бұл әрине, солтүстік көршіде шетелдік валютаға қосымша сұраныс тудырады.

"Ресейдің төлем балансының ағымдағы операцияларының есепшоты профициттен дефицитке көше бастады. Биылғы жылы бұл операциялар валюталық нарыққа анағұрлым салмақты әсер етуі мүмкін", – деді М.Васильев.

Дегенмен, Рф Орталық банкі оптимизмін сақтауда. Ведомство ұлттық валютаның құнсыздануын экспорттық бағалардың құбылуымен түсіндірді және одан елдің қаржылық тұрақтылығына келетін қатерді көріп отырған жоқ.

"Мына жайтқа назар аударғымыз келеді: соңғы айларда ресейлік экспорттың негізгі өнімдерінің бағасы төмендеуде. Бұған қоса, әлемдік бағасы сыртында ресейлік мұнай үлкен жеңілдік-дисконтпен сатылады. Сыртқы ахуалдағы осы проблемалардың ушығуы валюта бағамында көрініс тапты. Қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді көріп отырған жоқпыз", – деді Орталық банк төрағасының орынбасары Алексей Заботкин.

Ал қазақстандықтардың көрегендік танытып, бұдан өз ауқатына қатер төнуіне жол бермегені жөн. Яғни, өз жинағын көршінің "сабан ақшасында" сақтамағаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу