Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылар доллар бағамына қатысты болжамын жақсартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қауымдастықтың талдау орталығы мамыр айында қаржы нарығының маңызды ойыншылары арасында жүргізілген кезекті сауалнаманың нәтижесін жариялады. Сауалнама барысында сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасы, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы, инфляция, ЖІӨ өсімі және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты болжамдарын ұсынған. Оған сәйкес мамыр айында қаржы нарығындағы ахуал айтарлықтай жақсарған. Бұған теңгенің нығаюы, қара алтын бағасының өсуі және инфляциялық үдерістердің тұрақтануы әсерін тигізгені белгілі болды.
Осылайша сарапшылар алдағы бір айда доллар бағамы 471,3 теңге болады деп болжап отыр. Өткен сауалнамада тиісті көрсеткіш 490,1 теңге деңгейінде қалыптасқан еді. Мамандардың пікірінше, теңгеге тоқсандық салық төлемдері, Ұлттық банктің шетел валютасын сату көлемінің артуы, шетелдік инвесторлар қаражатының келуі және қатаң ақша-несие саясаты қолдау көрсетуі мүмкін. Бір жылдан кейін доллар бағамы 513,4 теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Бұған дейінгі 526,3 теңге болжанған. Сарапшылар мұны мұнай бағасына әсер етіп отырған геосаяси тәуекелдермен және ішкі нарықтағы валюта ұсынысының тұрақтылығымен байланыстырып отыр.
Мұнай бағасы мен базалық мөлшерлеме қалай құбылуы мүмкін?
Бұл ретте бір жылдан кейін Brent мұнайының орташа бағасы баррелі үшін 89,8 доллар болады деген болжам бар. Бұған дейін 83,7 доллар туралы айтылған. Негізгі себеп Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптердің күшеюі болып отыр.
"Осыған байланысты сауалнамаға қатысушылар ақша-несие саясаты біртіндеп жұмсаруы мүмкін екенін де атап өтті. Сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Сауалнамаға қатысушылардың жартысы 5 маусымда өтетін Ұлттық банк отырысында базалық мөлшерлеме 17,5%-ға дейін төмендейді деген пікірді алға тартты. Олар бұған инфляцияның баяулауы мен қабылданған шаралардың әсері себеп болуы мүмкін деп отыр. Ал қалғаны мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталады деп болжайды. Сонымен қатар бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам да айтылды. Бұған дейін тиісті көрсеткіш 16,5% деңгейінде болған", – деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Сала мамандары алдағы бір жылда инфляция 10,7% болады деп болжайды. Алдыңғы көрсеткіш – 11%. Бұған инфляция қарқынының баяулауы, қатаң ақша-несие саясаты және теңгенің нығаюы себеп болуы ықтимал. Сонымен қатар ел экономикасының өсіміне қатысты болжам өзгеріссіз қалды. Сарапшылар бір жылдан кейін ЖІӨ өсімі 5% деңгейінде болады деп күтеді. Бұған қолайлы шикізат нарығы, экспорттық табыстың артуы және ішкі сұраныстың сақталуы әсер етеді деп айтылған.
"Трамптың мақсаты – доллардың құнын төмендету"
Экономист Мақсат Халық доллар бағамына қатысты қазір ең үлкен өзгеріс – АҚШ Федералды резерв жүйесі, яғни орталық банк басшысының ауысып жатқанынан деп отыр.
"Алдында Джером Пауэлл деген болатын, қазір оның орнына Кевин Уорш келді. Ол Трамптың адамы. Негізінен АҚШ президенттері Федералды резерв жүйесінің басшысына тіл қатып, пікір айта бермейтін. Бірақ Трамп Джером Пауэллді қайта-қайта сынап, "айтқанынан қайтпайды" деп тиісті. Трамптың негізгі мақсаты – АҚШ-тағы кілттік пайыздық мөлшерлемені, яғни базалық пайызды төмендету. Сол арқылы доллар құнсызданады. Ол өз кезегінде америкалық тауарларды Қытай тауарларына қарағанда бәсекеге қабілетті етеді. Трамптың көздеп отырғаны осы. Ал Джером Пауэлл болса, шешімді нарыққа, инфляцияға қарап қабылдайтын. Қазір Иранда болып жатқан жағдайға байланысты әлемде жанар-жағармай бағасы қатты шарықтап кетті, соның ішінде Америкада да өсті. Қазір АҚШ-тағы инфляция 3,8 пайызға жетті", – деді ол.
Айтуынша, бұл – пандемия уақытынан бері болмаған көрсеткіш. Демек, инфляция жоғары бола бастады деген сөз, дейді сарапшы.
"Егер де Кевин Уорш базалық мөлшерлемені төмендететін болса, жағдай қиындауы мүмкін. АҚШ-та инфляция, одан кейін дағдарыс болып кетуі мүмкін. Сол себепті ол мөлшерлемені төмендетуге асықпайтын сияқты. Трамптың мақсаты – доллардың құнын төмендету. Теңгенің соңғы уақытта теңгенің құнды болып кетуінің түпкі мәні америкалық доллардың құнсыздануынан", – деп есептейді сала маманы.
Сарапшы мұнай бағасына қатысты да үлкен өзгерістер болып жатқанын тілге тиек етті.
"Таяу Шығыстағы жағдай, Ормуз бұғазының бұғатталуы мұнай бағасын қымбаттатты. Бұл әрине Қазақстан экономикасы мен теңге үшін қолайлы. Дейтұрғанмен, ұзақ мерзімде жақсылыққа әкеле қоймайды. Өйткені әлемде тауар өндіруші елдер шикізаттың қымбаттауына байланысты жалпы тауардың құнын арттырады деген сөз. Соның салдарынан бізге импорттық инфляция болып келеді. Ал халықтың табысы онсыз да өсіп жатқан жоқ. Импорттық инфляция белгілі бір дәрежеде халықтың төлем қабілетін төмендетеді. Бұл өз кезегінде теңгеге де ықпал етуі мүмкін", – деді экономист Мақсат Халық.