Кеше түнде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді. Жүздесуді Венесуэла Президенті Николас Мадуроны әскери басқыншылық нәтижесінде тұтқынға алуға арналған операция қорытындысына арнады.
Жалпы, тәуелсіз елге қарсы америкалық шапқыншылық та, оның барысында Мемлекеттің басшысын бөгде армияның ұрлап кетуі де әлем жұртшылығына жаға ұстатты. Ал, Трамптың түнгі мәлімдемесі халықаралық қоғамдастықтың төбе шашын тік тұрғызды: жаңа басшысы сайланғанға дейін Венесуэланы АҚШ басқарады. Яғни, ХХІ ғасырда алғаш рет тәуелсіз республикаға сыртқы басқару енгізілді.
Дональд Трамп "Абсолютті батылдық" операциясын "мінсіз өтті" деп бағалады. Ол Оңтүстік Америка құрлығындағы өзінің тұмса әрі тамаша табиғатымен және ұшантеңіз мұнай қорымен танымал Венесуэланың диктатор көшбасшысын тұтқындауға қатысты әлемдік ақпарат құралдары бұған дейін хабарланған егжей-тегжейге қайта тоқталды.
Мәлімдемесіндегі жаңа мәлімет сол, Трамп "бұл елде биліктің бұрынғы басшылардан жаңа толқынға бейбіт, қауіпсіз әрі лайықты өтуі толық қамтамасыз етілгенше, Құрама Штаттар Венесуэланы басқара беретінін" жария етті. Соған қарағанда, сырттан басқару бойынша өтпелі уақыттың қаншаға созылатыны белгісіз, мерзімі нақты шектелмеген.
Журналистер бұл латынамерикалық елде Кеңес заманынан Мәскеудің мүддесі бар екенін еске салып, соған байланысты қақтығыстың туатын-тумайтынын нақтылады. АҚШ лидері бұған тура жауап берген жоқ.
"Біз Венесуэла халқы үшін ешқандай жақсы ниеті жоқ әлдекімдердің Венесуэлада билікті басып алуына жол бере алмаймыз! Біз қазір сол жердеміз! Лайықты ауысу жүзеге асырылғанға дейін біз сол жерде қаламыз. Яғни, сол сәтке дейін Венесуэланы іс жүзінде біз басқарамыз", – деп нүкте қойды Трамп.
Бұған дейін Reuters Венесуэланың вице-президенті Делси Родригестің Ресейге қашып кеткенін жазған болатын. Агенттік 4 дереккөзіне сілтеме жасап, ел Президенті орынбасарының қазіргі кезде РФ-та тұрақтағанын мәлім етті. Ресей СІМ-і бұл ақпаратты "фейк" деп атады.
Журналистермен қас қарайғаннан кейінгі кездесуіне АҚШ Президенті Родригес ханымның Америкамен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді.
"Президент Николас Мадуроны тұтқындауға арналған операциядан кейін Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес ханым Вашингтонмен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты АҚШ Президенті Дональд Трамп хабарлады. Оның дерегінше, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Родригеспен сөйлескен және вице-президент "біздің ойымызша, Венесуэланың бұрынғы ұлылығын қайтару үшін қажет нәрсенің бәрін жасауға дайын" екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Боливар Республикасының іс басындағы вице-президенті АҚШ Мемдепартаментінің басшысымен келіссөздер жүргізгенін жариялаған жоқ", – деп жазды Deutsche Welle.
Алайда осыдан кейін Астана уақытымен түнгі 1-де Венесуэла вице-президенті Делси Родригес мемлекеттік телеарнадан сөз сөйлеп, Николас Мадуроны "елдің жалғыз Президенті" деп атады. Ол өз елінің ешқашан басқа мемлекеттің "отарына-колониясына" айналмайтынын нықтады. Родригес көк экранға жалғыз шыққан жоқ. Ол Боливар Республикасының тұрғындарына өз ағасы, Ұлттық Ассамблеяның (бір палаталы парламенттің) төрағасы Хорхе Родригеспен, сондай-ақ Ішкі істер, Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерімен бірге үндеу тастады. Делси Родригес елді ұлттық бірлікке шақырып, Мадуроны тұтқындауды "адам ұрлау" деп сипаттады.
Бұл аз болса, Америка да тұйыққа тірелгендей: ол Венесуэланың жаңа лидері кім болатынын білмейді. Соған қарағанда, Вашингтон латынамерикалық бұл елді ұзағырақ басқарғысы келетінге ұқсайды.
Мысалы, Венесуэла оппозициясының жетекшісі ел билігін мейлінше тезірек өз қолдарына алуға дайын екендерін хабарлады. Нақтылағанда, Венесуэланың оппозициялық саясаткері, Мадуро Үкіметіне қарсы наразылық акцияларын ұйымдастырушы тұлғаларының бірі, таяуда ғана 2025 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанған Мария Корина Мачадо АҚШ-тың Мадуроға қарсы әскери операциясына түсініктеме бере келе, "бостандық уақыты туғанын" жария етті.
"Николас Мадуро венесуэлалықтарға және басқа да көптеген елдердің азаматтарына қарсы жасаған жан түршігерлік, аса қатыгез қылмыстары үшін халықаралық әділ сотқа тартылады. Елімізде енді халықтық және ұлттық егемендіктің жеңіске жетіп, салтанат құратын уақыты жетті! Біз тәртіпті қалпына келтіреміз. Саяси тұтқындарды түрмелерден босатамыз. Керемет мемлекет құрамыз және шетелге босып кеткен балаларымызды үйге қайтарамыз!", – деді саясаткер.
Ол АҚШ басқыншылығын ашық айыптамады, бірақ елдің билігі венесуэлалықтардың қолына табысталуға тиістігін меңзеді.
"Бүгін біз халық жүктеген өз мандатымызды орындауға және билікті өз қолымызға алуға дайынбыз! Демократияға ауысудың өтпелі кезеңі аяқталғанша сақ, сергек, белсенді және ұйымшыл болайық", – деп үндеу тастады Мачадо.
Әйтсе де, "демократиялық көшке" белсенді атсалысуға ықылас-ықтияр білдіргенімен, Нобель лауреаты өзінің Президент болуға ынтасы жоқтығын білдірді. Ол өткен сайлаудағы президенттікке экс-кандидат Эдмундо Гонсалес Уррутиа елді басқаруға тиіс деп санайды.
Өз кезегінде АҚШ лидері Трамп биыл "Нобелдің бейбітшілік сыйлығын" өзінің аузынан жырып әкеткен, сол арқылы алдын кесіп өткен Мария Мачадоға Венесуэланың тізгінін беруге құштар еместігін анық аңғартты. Дональд Трамп ол әйелдің Оңтүстік Америкадағы ірі елді лайықты басқара алатынына күмән келтірді.
"Менің ойымша, оған көшбасшы болу өте қиынға түседі. Оған ел ішінде қолдау да, құрмет те жоқ", – деп шорт кесті Трамп баспасөз мәслихатында.
Ол тіпті Венесуэлаға тағы шабуыл жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Америкалық лилердің байламынша, бұл мемлекетте АҚШ-тың барлық талаптары орындалғанға дейін әскери іс-қимылдың ары қарай өрбу нұсқалары күн тәртібінен алып тасталмайды.
Дональд Трамп Вашингтонның келесі қадамдарын түсіндірді. Қазіргі кезде америкалық эсминецтер, сүңгуір қайықтар, жалпы қарулы күштер Венесуэланы қоршап алып, оның өз мұнайын әлемдік нарыққа теңізбен жеткізуіне тосқауыл қоюда.
"Мұндай мұнай эмбаргосы күшінде. Әскери кемелер дайындыққа келтірілген күйде қалады. АҚШ-тың барлық талабы қанағаттандырылғанға шейін барлық әскери нұсқалар жоққа шығарылмайды. Венесуэланың барлық саясаткерлері мен әскерилері мынаны түсінуі керек: Мадуроға туған күн сендерге де тууы мүмкін", – деді АҚШ Президенті.
Еске сала кетсек, 3 қаңтар, сенбі күні таңертең Венесуэла астанасы Каракаста жарылыстар болды. Біраз үнсіздік сақтаған АҚШ лидері Дональд Трамп түстен кейін "Венесуэла билеушісі Николас Мадуроны және оның әйелі Силия Флоресті АҚШ армиясының арнайы күштері тұтқындағанын, Венесуэладан шұғыл шығарып әкеткенін жариялады.
Венесуэлада төтенше жағдай жарияланды. Билік өкілдері журналистерге Мадуроның қайда екенін білмейтіндерін, ел астанасындағы және өзге жерлердегі сарайларында жоқтығын хабарлады.
Мемлекет басшысы Трамп Fox News арнасына телефон арқылы берген сұхбатында операция кезінде бірде-бір америкалық азамат қаза таппағанын, тек Мадуроны ұстап алу әрекеті кезінде бірнеше адам жараланғанын мәлім етті. Бұдан бөлек, операция кезінде бір тікұшақ атып түсірілгенін, бірде-бір америкалық ұшақ жоғалмағанын нақтылады.
Артынша Дональд Трамп пен Ақ үй шетелдік әскери операция арқылы тақтан тайдырылған, қарапайым қылмыскер сияқты тұтқындалып, мүскін, пұшайман күйге түскен Николас Мадуроның фотосын жариялады. Оның суреті Нью-Йоркке бара жатқан АҚШ әскери-теңіз күштерінің "USS Iwo Jima" (Иводзима) кемесінің бортында түсірілген.
АҚШ билігі Мадуроға басқа қылмыстары сыртында "есірткі терроризмін жасау үшін ымыраласты" деп айыптады. Кешқұрым америкалық Әділет министрлігі Венесуэланың экс-Президентіне, сондай-ақ оның әйеліне және ұлына қарсы жаңа айыптау қорытындысын жариялады.
Құжатта Мадуроның және үзеңгілестерінің бас пайдасы үшін "венесуэлалық институттарды есірткі саудасынан қоректенетін сыбайлас жемқорлықтың ошағына айналдырып жібергені" көрсетілген.
"Коррупция венесуэлалық шенеуніктердің және олардың отбасыларының қалтасын толтырып келді, сондай-ақ Венесуэла жерінде жазасыз әрекет ететін, бассыз кеткен қатыгез наркотеррористерге табыс әкеледі. Шенеуніктер отбасыларымен бірге тонналап кокаин өндіруге, Америка Құрама Штаттарына тасымалдауға және оны жолай қорғауға көмектеседі", – делінген АҚШ Әділет министрлігінің қорытындысында.
Бірақ БҰҰ Бас хатшысы АҚШ операциясын халықаралық құқықты бұзу деп атады. Антониу Гутерриш "Венесуэладағы жағдайдың ушығуына терең алаңдаушылық білдірді". Оның пікірінше, эскалацияның шырқау шегі АҚШ-тың осы елдегі әскери операциясымен аяқталды, ал, бұл "аймақ үшін қауіпті салдарға соқтыруы мүмкін".
"Венесуэладағы жағдайдың ары қарай қалай өрбитініне қарамастан, бұл оқиғалар қауіпті прецедент туғызды. Біз БҰҰ Жарғысын қоса алғанда, халықаралық құқықты барлығының толық құрметтеуінің маңыздылығын атап өтуді жалғастырамыз. Бізді халықаралық құқықтың сақталмай жатқаны қатты мазасыздандырады", – делінген Гутерриштің атынан жасалған БҰҰ мәлімдемесінде.
БҰҰ Бас хатшысы Венесуэла процесіне барлық қатысушыларды "адам құқықтары мен заң үстемдігіне толық сәйкес келетін жан-жақты диалогқа" шақырды.
Осы тарихи оқиғаның басқа да жай-жапсары анықталуда. Мысалы, Мадуроны ұстап беруге Американың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) Венесуэла билігіндегі тыңшысы көмектесіпті. New York Times газеті Президент Николас Мадуроны ұрлап әкетудің кейбір қосымша мәліметтерін жариялады.
NYT басылымының операциямен таныс дереккөздерінің ақпаратынша, Орталық барлау басқармасының (ОББ) Венесуэла үкіметіндегі жансызы бірнеше күн бойы және АҚШ арнайы күштерінің тұтқындауы қарсаңында Мадуроның қозғалысын, орналасқан орнын қадағалаумен болған.
Бұған қоса, Мадуроның мекенжайы әуедегі жасырын стелс-дрондардың көмегімен де бақыланды. Алайда ОББ-ның венесуэлалық биік лауазымды тұлғаны қалай өз жағына шығара алғаны белгісіз. Бұрынғы шенеуніктер оның жансыз болып жалдануының астарында ақша жатуы мүмкін деген жорамал жасады: Вашингтон Мадуроны ұстап алуға ықпал еткен кез келген ақпарат үшін 50 миллион доллар сыйақы төлеуге уәде еткені мәлім.
CNN агенттігі аты аталмаған дереккөздеріне сілтеме жасап, Венесуэла билеушісінің және оның әйелі Силия Флорестің түн ішінде, жатын бөлмесінде ұсталғанын хабарлайды.