АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға ядролық келісім бойынша 10-15 күн уақыт беріп, нәтиже болмаса әскери шара қолданылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз нақты келісімге келуіміз қажет, әйтпесе салдары жағымсыз болуы мүмкін", – деді Ақ үй басшысы.
Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөйлеген Трамп келісімге қол жеткізілмесе, Вашингтон басқа қадамға баруы мүмкін екенін де айтып қалды. Кейін Air Force One ұшағының бортында журналистердің сауалына берген жауабында 10-15 күн уақыт жеткілікті болатынын айтты.
Иран АҚШ тарапынан ықтимал шабуыл жасалған жағдайда аймақтағы америкалық әскери объектілерді нысанаға алатынын ескертті. Reuters агенттігінің жазуынша, Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке хат жолдаған. Онда Тегеранның соғысқа ұмтылмайтыны, алайда "әскери агрессия туындаса, Иран өзін-өзі қорғау құқығын пайдаланып, қарымта жауап қайтаратыны" көрсетілген.
Сонымен қатар "аймақтағы дұшпанға тиесілі күштердің барлық базасы мен активтері заңды нысана болып саналады" делінген. Тегеран Дональд Трамптың мәлімдемесін "әскери агрессияның нақты қаупін білдіретін белгі" деп отыр. Олар мұның салдары өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті.