Ол Куба мемлекетіне қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін қарастыратынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Трамп бұл туралы Salem News Channel телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Одан "президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Кубаға қарсы әскери операция жүргізуге рұқсат бере ме?" деп сұраған.
– Мен қызметімнен кетпей тұрып Куба мәселесін шешкім келеді, – деді АҚШ президенті.
Ол Вашингтонның аралдағы жағдайды жіті бақылап отырғанын атап өтті.
– Біз ондағы жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Елдің жағдайы өте нашар. Негізінен, бұл – сәтсіздікке ұшыраған мемлекет, – деді Трамп.
Сонымен қатар, ол ата-анасы Кубадан шыққан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы мақтаған. Трамптың сөзінше, Рубио да Куба мәселесін шешуге тырысады
– Мен мұны сол елден Америкаға келіп, кезінде қатты қиындық көрген кубалықтардың игілігі үшін жасағым келеді, – деді ол.
АҚШ президенті Кубаға қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармады.