Дональд Трамп: Күттіріп қойғаным үшін кешіріңіздер

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
8215

Президент болып сайланған Дональд Трамп алғашқы сөйлеген сөзінде барша америкалықтың президенті болуға серт беріп, америкалық арманды өзгертуге үндеді. 

Дональд Трамп: Күттіріп қойғаным үшін кешіріңіздер Фото: reuters.com

"Күттіріп қойғаным үшін кешіріңіздер! Көп рахмет! Қазір ғана Клинтонның хатшысы хабарласты. Ол бізді жеңісімізбен құттықтап жатыр. Мен сайлау науқанын жүргізген оны мен отбасын құттықтаймын. Олар күш-жігерлерін аяған жоқ. Хиллари ұзақ уақыт қыруар іс атқарды, сондықтан еліміз үшін жасаған қызметіне алғыс айтуымыз керек. Мен мұны шын ниетіммен айтып тұрмын. Енді демократтар мен республикалықтардың бір халық болып бірігетін кезі келді.

Мен әрбір азаматқа, барша америкалықтың президенті болуға серт беремін және ол мен үшін өте маңызды. Ал бұған дейін мені қолдамаған санаулы адамдарға айтарым – бірлесе жұмыс істеп, ұлы елімізді ұйыту үшін маған сіздердің көмектеріңіз аса қажет. Әу баста айтқанымдай, біз науқан өткізген жоқпыз, біз өз елін сүйетін және өзі үшін де, отбасы үшін де жарқын болашақты қалайтын миллиондаған еңбекқор жанның басын қосатын керемет қозғалыс құра білдік.

Біз бірге жұмыс істеп, елімізді қайта құруға және америкалық арманды өзгертуге кірісетін боламыз. Мен бар өмірімді бизнеске сарп еттім, әлемнің түкпір-түкпірінде жобалар мен адамның игерілмеген әлеуетін көзіммен көрдім. Бұл менің жүзеге асыруды көздейтін ісім. Ол теңдессіз әлеует. Әрбір америкалық өз әлеуетін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік алатын болады. Елімізде елеусіз, тасада қалған адам атаулы мүлдем болмайды.

Біз еліміз үшін көлік жолдарын, көпірлер, туннельдер, әуежайлар, мектеп пен ауруханалар салуды көздеп отырмыз. Біз инфрақұрылымды қайта құрып, осы жұмысты қолға алған соң, миллиондаған адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Сондай-ақ, 18 ай бойы адалдығынан айнымаған ардагерлерімізді қамқорлыққа аламыз. Науқан кезінде осынша уақыт бойы олармен бірге болу мен үшін зор құрмет дер едім. Барша әлемдік қауымдастыққа айтарым – Американың мүддесі біз үшін басты орында, дегенмен өзге елдермен әділ қарым-қатынас құратын боламыз. Өшпенділік пен дау-жанжалсыз ортақ тіл пен әріптестікті іздейтін боламыз.

Ал енді осы сәтті пайдаланып, өздері атағандай тарихи жеңіске жетуге көмектескен жандарға алғыс білдіргім келеді.

Аударған Гүлсім Бегімова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу