Дональд Трамп өзіне қастандық жасалған жағдайда Иранды жойып жіберетінін мәлімдеді

118

Бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BBC басылымы.

Дональд Трамп өзіне қастандық жасалған жағдайда Иранды жойып жіберетінін мәлімдеді Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран билігі өзіне қастандық жасаса немесе ондай қадамға баруға әрекеттенсе, АҚШ әскері жауап ретінде ауқымды әскери операция жүргізетіні туралы алдын ала бұйрық қалдырғанын мәлімдеді.

"Мыңдаған зымыран Ислам Республикасына бағытталған. Егер Иран АҚШ-тың қазіргі президентін, яғни мені өлтіруге әрекет жасаса немесе мұндай жоспарды жүзеге асырса, бірден тағы мыңдаған зымыран ұшырылады. Барлық бұйрық берілген", – деді АҚШ президенті.

Оның айтуынша, АҚШ әскері қажет болған жағдайда Иран аумағына жойқын соққы беруге толық дайын.

Сонымен қатар, Вашингтон мен Тегеран келіссөздерді қайта жалғастыруға келіскенін айтты. Оның сөзінше, мұндай ұсыныс Иран тарапынан түскен.

Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің қайта күшейген тұсында жасалып отыр. 8 шілдеде екі ел бір-біріне жаңа соққылар жасаған.

АҚШ Оман аумақтық сулары маңындағы үш сауда кемесіне жасалған шабуылға жауап ретінде Ирандағы бірқатар нысанға соққы беріп, Тегеранның мұнай экспорттауына мүмкіндік берген лицензияның күшін жойған.

Өз кезегінде Иран АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери базаларына соққы жасаған.

Кейінірек The New York Post басылымына берген сұхбатында Трамп өзін Иранның бұрыннан басты нысанасына айналғанын айтып, тағы да қастандық жасалған жағдайда Иранды бұрын-соңды болмаған деңгейде бомбалауға бұйрық бергенін қайталады.

Ал The Wall Street Journal басылымы Израиль барлау қызметі Иранның Трампқа қарсы жаңа қастандық жоспары туралы барлау мәліметтерін АҚШ-пен бөліскенін жазды.

Алайда Трамп бұл ақпаратқа қатысты Израильдің жаңа дерек таппағанын айтып, өзін Иранның "жою тізімінде" бұрыннан бері бірінші орында тұрғанын мәлімдеді.

"Жоқ, Израиль ештеңе тапқан жоқ. Мен әлдеқашан олардың жою тізімінде бірінші орындамын. Өмір деген осы. Егер бірдеңе болып кетсе, мені сағынарсыздар деп үміттенемін", – деді АҚШ президенті.

Әзірге Иран билігі Трамптың мәлімдемелері мен жарияланған ақпараттарға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу