АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Кездесу күні Сирияның уақытша үкіметіндегі ақпарат министрі Хамза Мұстафа әлеуметтік желіде Дамасктың АҚШ басқаратын "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобына қарсы халықаралық коалицияға қосылғанын жазды. Министр бұл келісімнің саяси сипатқа ие екенін баса айтты.
Жүздесуден кейін Дональд Трамп Ахмед аш-Шарааны мықты басшы деп атап, оның Сирияны өте табысты мемлекетке айналдыра алатынына сенім білдірді. АҚШ Мемлекеттік департаменті Сирияға қатысты санкциялардың уақытша тоқтатылу мерзімін тағы 180 күнге ұзартты.
BBC хабарлауынша, екі ел басшылары кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған жоқ. Сол сияқты бірге камера алдына да шықпады. Reuters агенттігі аш-Шарааның Ақ үйге келуі басқа шетелдік көшбасшылардың ресми сапарларына қарағанда қарапайым өткенін жазды. Себебі Сирияның уақытша президенті Ақ үйге негізгі кіреберістен емес, бүйірдегі есік арқылы кіріп, сол жерден қайта шыққан.
Аш-Шарааның Вашингтонға сапарын тарихи оқиға деуге болады. Ол 1946 жылы Сирия тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ президенті тарапынан Ақ үйде ресми түрде қабылданған алғашқы сириялық басшы. Бұған дейін бірде-бір Сирия президенті АҚШ-қа ресми сапармен келген емес.
Соңғы рет 1999 жылдың желтоқсанында Ақ үйге жоғары лауазымды сириялық шенеунік барған. Ол уақытта Сирияның сыртқы істер министрі Фарук аш-Шараа Израильмен бейбіт келіссөздерге қатысқан.