Дональд Трамптың "6 апталық соғысы" 6 айға ұласты

198

Бірнеше аптаға ғана созылады деп болжанған АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірес 6-шы айға ұласып, ауқымы барған сайын кеңейіп келеді.

Дональд Трамптың "6 апталық соғысы" 6 айға ұласты Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Сарапшылардың айтуынша, қазір қақтығыстың салдары немесе тікелей ықпалы 17 мемлекетке жетіп, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайын күрделендірген, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.

Алғашында тек АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қарсыласу ретінде басталған соғысқа уақыт өте келе Иордания, Ирак, Сирия, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Оман және Біріккен Араб Әмірліктері де жанама түрде тартылды. Түркия ирандық зымырандарды атып түсірсе, Мысырдағы сұйытылған газ терминалына дрон шабуылы жасалған. Ал Ливан Израильдің "Хезболлаға" қарсы әскери операцияларының алаңына айналды.

Қақтығыс енді Каспий аймағына да жетті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Украина Каспий теңізіндегі Иранның жүк кемесіне соққы жасаған. Киев бұл кемемен Ираннан Ресейге қару-жарақ жеткізілгенін мәлімдеді.

Энергетика нарығындағы ахуал да күрделене түсті. Ормуз бұғазы әлі күнге дейін жабық болса, Йемендегі хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасына қауіп төндіріп отыр. Бұл әлемдік мұнай жеткізіліміне қосымша қысым түсіріп, бағаның жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуде.

Осы арада жаңа әскери коалициялар да қалыптаса бастады. АҚШ пен Сауд Арабиясының әскери авиациясы алғаш рет бірлесіп Ирактағы Иранды қолдайтын қарулы топтардың нысандарына әуе соққысын жасаған. Ақпараттарға қарағанда, шабуыл салдарынан бірнеше ирандық әскери кеңесші қаза тапқан.

Сарапшылар қақтығыстың жақын арада аяқталуы екіталай екенін айтады. Керісінше, соғыс өршіген сайын оған жаңа елдер тартылып, оның салдары жаһандық қауіпсіздік пен әлемдік экономикаға әсер ете түсуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу