Дөңгелек рингтегі қантөгіс төбелес

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3463

Конор Макгрегордың досы Артем Лобов Bare Knuckle турниріндегі қантөгіс жекпе-жекте жеңіске жетті.

Дөңгелек рингтегі қантөгіс төбелес

Bare Knuckle Fighting Championship промоушені – ережесіз және аралас жекпе-жектің өзгеше және жаңа түрі. Ринг – төрт немесе көп бұрышты емес, дөңгелек. Мұнда спортшылар қолдарына ешқандай қолғап кимейді. Рас, білек (білезік) буындарына тейп орайды. Бірақ жұдырықтары жалаңаш болуы керек. Содан болар, бес раундтық жекпе-жектің бұл түрі – нағыз қантөгістің өзі.

Мұнда күресуге болмайды. Яғни алысу, қылқындыру және ауырту әдістері жоқ. Аяқпен тебуге де тыйым салынады. Қарсыласы құлап немесе жығылып қалса, ұруға болмайды. Тек ұру керек, жұдырықтасу керек. Бірақ қарсыласын құшақтап ұстап алуға болады екен. Алайда мұндай клинч үш секундтан аспауы керек.

Осы Bare Knuckle Fighting Championship промоушені Билоксиде (АҚШ, Миссисипи штаты) бесінші турнирін өткізді. Осы кештегі тамырында орыс қаны соққан, Ирландия азаматы Артем Лобов пен АҚШ спортшысы Джейсон Найт арасындағы кездесу аяусыз, қатыгез төбелес болып шықты. Жекпе-жектен кейін екеуінің бетінде сау-тамтық жер қалмады...

Алғашқы үш раундта MMA промоушенінен келген Лобов басымдық танытты. Алайда, қалған екі раундта UFC майталманы Найт үстем түсті. Бірақ төрешілер жеңісті Лобовқа берді. Кім біледі, Джейсонның рингке өз тістерін түкіріп тастаған үрейлі сәттері оларға да әсер етті ме екен?! Әйтеуір Макгрегордың досының қолын көтерді. Ал Найт бұған мүлдем риза болған жоқ...

Сонымен, 129 жыл бойы заңмен тыйым салынып келген жұдырықтасу өнері Америкаға қайта оралғандай. Бұл ретте, Bare Knuckle Fighting Championship промоушенінің президенті Дэвид Фельдман "біз жекпе-жек әлеміне ұзаққа келдік" деген екен. Бірақ өздері әрбір жекпе-жектен кейін қанға бөккен спортшылардың фотоларын жарияламауға тырысатындай.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу