Допинг дауы

1989

Қазақстанның допингке қарсы комитетінің ресми сайты ауыр атлетикадан 2012 жылы өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Анна Нұрмұхамбетованы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін спорттан шеттетілген қазақстандық спортшылардың тізіміне енгізді.

Допинг дауы

Естеріңізге сала кетсек, Анна Нұрмұхамбетова WADA Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің кодексін бұзуына байланысты спорттан уақытша шеттетілген болатын. Қазақстандық допингке қарсы агенттік Нұрмұхамбетованың допингке қарсы ережелерді бұзғанын ішкі жарыстарда анықтаған. Былтырғы жылдың күзінде Талдықорғанда өткен жазғы спартакиадаға қатысқан Аннадан тыйым салынған "Оралтуринабол" препаратының іздері табылған. "Оралтуринабол" - бұл анаболикалық стероид. Спортшыларға бұлшық еттің массасын ұлғайтуға және олардың күш көрсеткіштерін арттыруға көмектеседі. Зілтеміршінің бапкері Батырбек Оздоев Аннаның тыйым салынған дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейтін "Экдистерон" препаратын қабылдағанын айтқан еді. Сонымен қатар оның құрамында оралтуринаболдың компоненттері болуы мүмкін деген болатын. Нәтижесінде былтыр, 17-қыркүйек күні іс қозғалып, Анна Нұрмұхамбетова спорттан 4 жылға шеттетілді.

8-мамыр күні зілтеміршінің еліміздің допингке қарсы комитетінің ресми сайтында дисквалификацияланған спортшылар тізіміне енгені белгілі болды. Ол 4 жылға, яғни 2023-жыдың 17-қыркүйегіне дейін спорттан шеттетілді. Лондонда өткен Олимпиадада тағы бір допинг дауы орын алған еді. 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған Нұрмұхамбетова сол жарыстың нәтижесі бойынша басқа атлеттерден допинг табылуына байланысты тағы бір сатыға жоғары көтерілуге мүмкіндігі болғанын атап айту керек.

Ұлыбритания астанасында өткен Олимпиада ойындарында Анна 69 келіге дейінгі салмақ бойынша сынға түсіп, тек 5-нәтиже көрсеткен. Алайда, 2016-жылы ол Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүледегері атанды. Себебі белоруссиялық Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецтың тыйым салынған препараттар қабылдағаны белгілі болды. Ал 2020 жылы 10 қаңтар күні Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2012-жылы Олимпиадаға қатысқан тағы да үш спортшыдан допинг табылғанын мәлімдеді. Олар Олимпиаданың күміс жүлдегері румыниялық Рэзван Мартин мен қола жүлдегер Роксана Кокош, түркиялық Эрол Билгин болатын. Егер Нұрмұхамбетованың салмағы бойынша 2-орын иеленген Роксана Кокоштың мәселесі аяқталса, онда қазақстандық зілтемірші қыз күміс жүлдегер атанады.

Сонымен қатар  қазіргі таңда үлкен спорттан Любовь Ушакова 4 жылға шеттетілді. Оның қан құрамынан анаболик оксандролон табылды. Енді Ушакова 2024 жылға дейін жарыстарға қатыса алмайды. Жеңіл атлетикадан Александр Безруков пен Олеся Задорожная және гимнастикадан Гаухар Тілеубаевалар екі жылға спорттан аластатылды. Ал, велошабандоз Роман Василенков пен волейболшы Антон Кузнецов енді 4 жылдан кейін ғана үлкен спортқа қайта орала алады. Аталған спортшылардан 2020-жылдың алғашқы екі айында тест нәтижелері бойынша допинг қабылдағаны белгілі болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу