"Досымды түзу жолдан тайдырмақ болған": Жапаров Тәшиевті қызметінен босатудың себебін айтты

594

Қырғыз басшысы елдегі жағдайды түсіндірді.

"Досымды түзу жолдан тайдырмақ болған": Жапаров Тәшиевті қызметінен босатудың себебін айтты Фото: president.kg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"2021 жылы азаматтардың дені мемлекет пен бүкіл халықтың тағдырын маған сеніп тапсырды, мені президент етіп сайлады. Конституция президентке мемлекеттің тұтастығын, халықтың және мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін сақтауды міндеттейді. Мен бұл борышымды орындадым. Себебі мемлекет пен бүкіл халықтың мүддесі қызметтен де, достықтан да жоғары. Бәрі де Жогорку Кенештен басталды. Кейбір депутаттық топтар депутаттарды шақырып, "біздің жақта боласың ба, әлде ана жақта ма?" деп сұрай бастады. "Біздің жақ" пен "ана жақ" деген кім?" деген сұрақтарға "біздің жақ – генералдың жағы" деп погондарын көрсетіп, ал "ана жақ – президенттің жағы" деп жауап берген. Осыдан кейін бөліну көшедегі "ақсақалдар" деп аталатын топтарға да жетті. Олар "жоғары жақпен келісілген", Жогорку Кенеш жақын арада кезектен тыс сайлау жариялайды деген желеумен халықты адастырды. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін қол жинай бастады", – деп түсіндірді Қырғызстан басшысы.

Садыр Жапаров уақытында батыл қадамға бармағанында, осы жағдай халықтың екіге бөлінуіне әкелетін еді деп отыр.

"Бұдан бөлек мен депутаттар мен жекелеген мемлекеттік қызметкерлерді "генералдың" атымен қорқытқаны туралы нақты деректерден хабардар болдым. Оларға "Егер біздің жаққа өтпесең, ісің генералмен болады" деп айтылған. Сол себепті мен осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Мен шешім қабылдамас бұрын досыма хабарласып, осында болып жатқан жағдайды түсіндірдім, оны қызметінен босататынымды айттым, содан кейін ғана шешім қабылдадым. Мен осындай жедел шешім арқылы досымды сақтап қалдым деп санаймын. Өйткені оның жанында жүргендер, оларды "ақсақал" дейміз бе, "көксақал" дейміз бе – бәрі де досымды түзу жолдан тайдырмақ болған. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атын жамылып, парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметкерлерге және қоғамға танымал адамдарға "генералдың жағына өтіңдер" деп үгіттеген", – деді ол.

Қырғыз басшысы мемлекеттегі тұрақтылық бәрінен жоғары тұратынын атап өтті. Сондай-ақ, Жапаров Тәшиевпен арадағы достық қарым-қатынас сақталатынын айтты.

Айта кету керек, бұған дейін қызметінен кеткен Қамшыбек Тәшиев Германиядан мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу