ДСМ Құрбан айт мейрамын отбасы деңгейінде мерекелеуді өтінді

1750

Министрліккке қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға осындай өтініш жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz

ДСМ Құрбан айт мейрамын отбасы деңгейінде мерекелеуді өтінді

"Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қоғамдық іс-шаралардың бәрін мерекелеуге шектеу қойылған. Ең бірінші кезекте бәріміздің амандығымыз маңызды екенін түсінуіміз керек. Осыған байланысты отандастарымыздың бәрін Құрбан айт мерекесі қарсаңында түсініктік танытуды сұраймыз. Құрбан айт мейрамын отбасы деңгейінде мерекелеуді, байланысты барынша азайтып, бұқаралық іс-шараларды өткізбеуді өтінеміз", – делінген ведомствоның хабарламасында.

Өкінішке қарай, елде коронавирус індетін жұқтырғандар саны көбейіп барады. Ведомствоаралық комиссияның мәліметіне сәйкес, елде соңғы тәулікте 4,3 мың адам індет жұқтырып, 53 адам көз жұмған. Министрліккке қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтар былтырғыдай құрбандықты онлайн форматта да шала алатынын атап көрсеткен. Ол үшін өтінімді qurban2021.kz сайтында қалдыру керек.

Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдаған. 

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Құрбандықты қалай шалуға болады?

2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады:

1) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру.

2) бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжіребесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы "өкілдік" қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.

Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

Карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ. Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет.  Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.

Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.

"Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік", – деп үндеу жолдады кәсіпкерлерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу