"Жұрт жардан қарғыса, сен де солардың соңынан секіресің бе?", – деп кейде ересектер жеткіншектерге жекіріп жатады. Алайда, "Дубай шоколадына" келгенде, ересектердің өзі қаралым мен фолловер жинаған блогерлердің жалған жарнамасына, маркетологтардың көзбояу пиарына еріп, қажетсіз затқа қыруар қаржысын шығындауда.
Sauap.org порталының мәліметінше, Қазақстанда қарапайым кондитерлік шоколадтың 1 келісінің нарықтық бағасы орта есеппен 1,5-2 мың теңге тұрады. Ирандық шоколад одан да арзан: 1 мың теңгедей. Ал, ең қымбаты – "Рахат" фабрикасының қапталған "Қазақстандық" шоколадының 1 келісі шамамен 8 мың теңгеден асады.
Ал, Ресейде шығарылған суррогатының емес, нағыз "Дубай шоколадының" 200 грамдық қаптамасы өткен жылдың соңында 35 мың теңгеден сатылған. Яғни, дүрбелең-ажиотаж қызған шақта келісінің бағасы 175 мың теңгеге дейін барыпты. Бұл қазақстандық ең сапалы шоколадтан 22 еседей қымбат.
Дегенмен, порталдың дерегінше, қазіргі кезде елдің қызығушылығы біршама басылған. Нәтижесінде, маркетплейстер мен әлеужеліде кәсіпкерлер: "Настоящий Дубайский шоколад с о-о-чень сочной начинкой!" деп, бұл өнімнің 1 келісін 25-30 мың теңгеден сатуға дайын отыр.
Сарапшылар қапталған өзге шоколадтардан айырмашылығы, "Дубай шоколады" 2 айдай ғана сақталатынына назар аудартады. Демек, уақытында тұтынушысын тауып, өткізіп үлгермесе, мерзімі өтіп кетеді де, заң бойынша ары қарай саудалауға құқығы болмайды.
Өз кезегінде германиялық Stiftung Warentest қорының сарапшылары "Дубай шоколадының" әр түрін әртүрлі елдерден сатып алып, лупаның астында зерттеді.
Соның қорытындысында олар тосыннан тәттіқұмарлардың жеңсік асына айналған бұл трендтік өнімнен төбе шашы тік тұра шошынып отыр. Оның арасынан тәбет қашыратын, тіпті зиянды ингредиенттерді тапты. Бұл туралы германиялық жетекші Deutsche Welle жариялады.
"Дубай шоколады – сәнге, трендке айналған, дәмі тіл үйіретін тәтті. Алайда, оның сапасы биіктен көріне алмады. 2024 жылы Дубайда ойлап табылған, ішіне пісте-фисташка пастасы тығылған, кадайф қамырының нәзік те қытырлақ тіндері бар бұл шоколад бүкіл әлемде эйфория туғызды. Бүгінде оның көшірмелері мен түрлі нұсқаларын көптеген ел өзі жасап, сатады. Оны шағын кондитерлік цехтардан бастап, тәттілердің ірі өндірушілері де белсенді жасауда. Былтырғы Рождестводағы еуропалық базарларда ол нағыз хитке айналды", – деп жазады неміс журналисті Лена Шмиц.
Германияның тауарлар мен қызметтерге тәуелсіз сараптаманың басты қоры Stiftung Warentest зерттеу жүргізе келе, бұл тәтті тренд өндірушілер мен сатушылар үшін ғана тиімді деген байламға келді.
Ал, тұтынушыларға тиімсіз көрінеді: бағасы да шектен тыс қымбат, жұрт қаржысын босқа шашады. Оның үстіне зерттеу нәтижелері де көңіл көншітпей тұр.
"Біз "Дубай шоколады" деген маркамен сатылып жатқан түрлі өнімдерді зерделей келе, олардан не бірегей дәмді, не биік сапаны анықтай алмадық. Керісінше, біразынан зең-грибоктар мен канцерогендер әшкереленді", – деп хабарлады германиялық тәуелсіз эксперттер.
DW жазуынша, сарапшылар 100 грамы үшін 7-ден 25 еуроға дейін баратын баға диапазонындағы "Дубай шоколадтарының" тақтайшаларын мұқият талдап шықты. Оның екеуі – Дубайдан, бір бренді – Түркиядан, қалғандары – Нидерланды мен Германиядан әкелінді.
"Оның бірнешеуінен ең талапшыл талғамға сай ингредиенттер орнына зиянды заттар табылды. Мысалы, Дубайдан жеткізілген үлгілердің құрамында 3-монохлорпропандиол мен глицидил эфирлері бар болып шықты. Олар өсімдік майларын тазарту-рафинациялау процесінде пайда болады. Бұл заттар пальма майында жиі кездеседі және әлеуетті канцероген саналады", – деп мәлім етті "Дойче Велле".
Бұған қоса, дубайлық үлгілердің біреуі ішінен көктеп кеткен: көктеуші зеңдер бөлетін афлатоксиндермен ласталыпты. Сарапшылар мұндай зеңдер пісте-фисташкада жиі кездесетінін қаперге салды.
Тағы төрт түрі эксперттерді түңілтті: құрамынан денсаулыққа залалды заттар анықталмаған, бірақ денсаулыққа пайдалы нәрсе де жоқтың қасы көрінеді. Есесіне, шамадан тыс қант пен өсімдік майынан тұрған.
Қорытындысында, қор эксперттерінің айтуынша, пістенің жарқын дәмі тек Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген өнімдердің біреуінен ғана сезілді. Қалғандарын жегеннен кейін тіл ұшында қарапайым жаңғақтың дәмі қалады.
Stiftung Warentest қорының мәліметінше, олар тексерген шоколадтардың салындысына (начинка) негізінен қант пен өсімдік майы толтырылыпты. Бірнеше бірлігінде химиялық хош иістендіргіштер мен бояғыштар қолданылған.
Бұл аз болса, зертханалар әшкерелегендей, 4 шоколадтың заттаңбасы тұтынушыны алдады. Мысалы, оларда аллергиктердің дертін қоздыруы мүмкін қоспалар туралы ақпарат берілмеген.
Сондықтан Stiftung Warentest өз қорытындысында "Дубай шоколады" айналасындағы дүрбелең мен эйфорияны негізсіз деп таныды.
Германиялық эксперттер оның орнына балама ретінде қарапайым "фисташкалы классикалық шоколадты" жеуге кеңес береді.
Ал, егер Дубай стиліндегі тәтті-деликатес жегіңіз келіп ынтықсаңыз, онда оны өз бетіңізше дайындай аласыз: интернетте бүгінде оның көптеген рецептісі бар. Бұл жағдайда төл "Дубай шоколадыңызға" не қосқаныңызды өзіңіз жақсы білесіз.
Үй жағдайында "Дубай шоколадын" жасау үшін келілеп сатылатын, немесе қаптамадағы сапалы шоколад, сондай-ақ сары май, күнжіт пастасы, пісте-фисташка кремі және "Волосы ангела" аталатын, шашқа ұқсас тарамдалған шығыс тәттісі қажет.
Соңғысын қалаларымыздағы түрік, өзбек тәттілері сатылатын дүкендерден, маркетплейстерден, тіпті базардан еркін табуға болады.
Sauap.org порталы "Дубай шоколады" айналасындағы дүрбелең "ерін далабы эффектісі" деп аталатын құбылыс екенін түсіндірді.
"200 грамдық "Дубай шоколадында" 1 мыңнан астам килокалорий бар. Бірақ адамдар оны бір мезетте жеп қойып жатады. Мұндай қарқынмен диабетке жету ғажап емес. Дәрігерлер бұл гастротрендке салмақты алаңдаушылық білдіруде. Бірқатар адамдар үшін бұл тәтті тіпті аз көлемде қауіпті болуы мүмкін. Егер адамның аллергиясы болса, дәм татып көруге де мүлдем болмайды. Сондай-ақ өт қабымен проблемасы бар адамдар да бұл шоколадты аузына алмағаны жөн", – деп түсіндірді Sauap.org диетолог дәрігерлерге сілтеме жасап.
Сондай-ақ, дәрігерлер Дубайдың бұл десерті – нағыз инсулиндік бомба екенін ескертті. Диабетпен ауыратын, артық салмағы бар адамдарға да оны жеуге тыйым салынған.
Сарапшылар шоколад құрамындағы түрді өнімдер қосыла келе, асқазан-ішек жолдары дерттеріне соқтыруы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Мысалы, превентивті медицина докторы Наталья Зубарева катаифи қамыры тез көктеп (плесень) кететінін ескертті. Сондықтан өз бетінше "Дубай шоколадын" әзірлеуге тырысатындар абай болғаны жөн: Қазақстанға сирек жеткізілетіндіктен, бұл тауар өндірілгеніне біраз уақыт өтіп кеткен, балғын емес өнім болып шығуы мүмкін.
Дәрігер оның тоңазытқышта қатырылған түрін алуды ұсынды. Катаифидің қуырылған қамырын алмау қажет. Өйткені қандай сападағы майда қуырылғаны белгісіз.
Sauap.org сарапшылардың бұл дүрбелеңді неге "ерін далабы эффектісіне" теңегенін түсіндірді. Себебі, әлемді, елді экономикалық дағдарыс, қаржылық күйзеліс, соғыс, басқа да нәубеттер жайлаған заманда әйелдер қауымы киімнен бастап, барлық заттан үнем қыла бастайды. Бірақ ерін далабын бәрібір алады және көркем көріну үшін керісінше, оның түр-түрін байқап көруге құмартады.